2018 жылдың қорытындылары мен 2019 жылдың жоспарларына арналған қала активінің кеңейтілген аппараттық кеңесі барысында Астана әкімі Бақыт Сұлтанов елорда әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, 2020 жылға дейін Бозоқ тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
«Биыл Мемлекет басшысының «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жалғасатын болады. Оның шеңберінде бірнеше виртуалды музейлер құру, мұрағаттық деректерді цифрлау, мектептерде өлкетану музейі мен тарихи-археологиялық қозғалыстарды құру жоспарлануда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, 2020-шы жылға дейін Бозоқ тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан әрі Бозоқ халықаралық деңгейдегі мәдени, туристік және ғылыми-зерттеу орталығы, сондай-ақ Еуразия аймағындағы археологиялық-этнографиялық зерттеу ғылыми-әдістемелік базасы болады», - деді Бақыт Сұлтанов.
Ал археологиялық ескерткіштердің аумағында экспедициялар ұйымдастырылмақ.
«Киелі Астана» жобасы аясында тарихи ескерткіштерді зерттеу үшін 4 археологиялық нысанның аумағында ғылыми экспедициялар ұйымдастырылады. Экспедицияның нәтижесінде арнайы кітаптар, журналдар мен фотоальбомдар басылып шығарылады деп жоспарланып отыр. Мұның барлығы елордадағы туризм дамуының іскерлік келбетін дамытып қана қоймай, оның тарихи-мәдени әлеуетін арттырады», - деп атап өтті қала әкімі.
Сонымен қатар, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» жалпыұлттық тарихи-реконструкциялар клубы құрылып, оның негізінде Астана мен Қазақстанның өзге өңірлерінде көне сақтар; ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі тақырыптарында фестиваль өткізілетін болады.