Бүгін өңір басшысының төрағалығымен өткен отырыста мерекелік шаралардың алдын ала жоспары қаралды, солардың ішінде әлемге танымал ақтөбелік Димаш Құдайбергеннің де концерті бар.
Сонымен бірге облыс әкімі биыл жыл бойы халықаралық, республикалық, өңірлік және облыстық деңгейдегі көптеген іс-шара өтетінін және ұйымдастырушылар көңіл көтеретін бағдарламалармен шектелмейтінін атап өтті.
«Бастысы – бұл кейін қала тұрғындары мен қонақтарына осы күнді еске салатын, облыс орталығының әрі қарай дамуына қызмет ететін жаңа әлеуметтік және өндірістік нысандардың ашылуы. Ешбір ақтөбелік бұл үлкен іс-шарадан тыс қалмауы тиіс»,- деді Бердібек Сапарбаев.
Бүгінде шаралар жоспарына 3 600 жаңа жұмыс орнын құра отыра, кем дегенде жиырма өнеркәсіп нысанын, алты көкөніс қоймасы мен жылыжай, 28 қызмет көрсету саласының нысандарын ашу кірді. 3100-ден аса пәтер, жаңа мектептер мен балабақшалар, саябақтар мен гүл бақтары пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ, Ақтөбеде Бөкенбай батырға, Есет батыр мен Ақтөбе кеңесінің бірінші төрағасы Василий Зинченкоға ескерткіштер ашылады. Ақтөбенің 150 жылдығына арнап монумент, жиырма кішігірім сәулеттік пішін тұрғызу, мереке эмблемасы – логотипті әзірлеу, қаланың тарихы мен дамуы жайлы деректі фильм түсіру жұмыстары басталып кетті. Сол күні қайырымдылық шараларына да ерекше назар аударылатын болады.
Айта кетейік, өңірдің 12 ауданы облыс орталығының мерейтойына арнаған сыйлығы ретінде жаңа әлеуметтік нысандарды салуға және абаттандыруға ниетті.
Бұл - Ақтөбенің 150 жылдығына орай өткізілетін іс-шаралардың кішкене бөлігі ғана.