Саясат • 10 Қаңтар, 2019

Ұлттық ұлан сарбаздары шыңдалып жатыр

2486 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық ұлан ұйытқы болған әрбір іс-қимыл немесе кез келген жоспар-жобалар Мемлекет басшысы айқындап берген мақсат-міндеттермен ұштасып жатыр. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының қолдауымен Ұлттық ұлан үздік офицерлердің білім мен біліктілігін Ресей мен Беларусь және Түркия елдерінде жетілдіруге мүмкіндік алды.

Ұлттық ұлан сарбаздары шыңдалып жатыр

Батырлық баспалдағы

Өткен жылдың мамыр айында әскери міндетін атқара жүріп, ерлік пен батырлықтың, ұқыптылық пен мінсіз қызметтің үлгісін көр­сеткені үшін ұландық бірнеше офицер Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары марапатқа ие болды. Олардың қатарында II дәрежелі «Даңқ» орденімен Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтар жөніндегі орынбасары генерал-майор М.Сатов, II дәрежелі «Айбын» орденімен 5573 әскери бөлімінің командирі полковник С.Шекарбеков, ұшақ бортында клиникалық өлім құрсауында қалған жолаушыны аман алып қалғаны үшін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығындағы әскери-медицина басқармасының бас­тығы, медицина қызметінің пол­ков­нигі С.Омарбаев,  арнайы опера­цияларға  қатысқаны үшін подполковник Е.Родиков марапатталды.

«Ерлігі үшін» медалі өртеніп жатқан үй ішінен 4 адамды құт­қарғаны үшін кіші сержант Р.Ең­сепбаевқа, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі Ұлттық ұлан әскери полиция басқармасының бастығы Р.Құлымбетов пен қылмыскерден бойжеткеннің өмірін арашалаған 3660 әскери бөлімі командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары майор Т.Рахимовқа, 5570 әскери бөлі­мінің байланыс бастығы, капитан М.Балабековке, 5516 әскери бөлімінің взвод командирі, аға лейтенант Д.Бектібаевқа, 5516 әскери бөлімі рота ко­ман­ди­рінің орынбасары, аға лейте­нант И.Жүсіповке, 5570 әс­ке­ри бөлімінің офицері, лейтенант Е.Қуанарға, 5572 әс­кери бөлі­мінің аға маманы, ефрей­тор Б.Бәй­те­ре­ковке, суға батып бара жатқан адамды құтқар­ғаны үшін Ұлттық ұлан ән-би ан­самблінің аға маманы (концертмейстер) Д.Яковлевке табыс етілді. 

Сонымен қатар Президент Жарлығымен «Шығыс» Өңірлік қолбасшылығының штаб бас­ты­ғы, полковник Дмитрий Боча­ров пен «Орталық» Өңірлік қол­бас­шылығының штаб бастығы, пол­ковник Ұларбек Әбікеевке жо­ға­ры «генерал-майор» шені берілді.

Сондай-ақ биыл Ұлттық ұлан­ның жедел мақсаттағы бөлім­шесінің әдістемелік және жауын­герлік даярлық орталығында алғаш рет (Алматы облысының Заречный ауылында) барлық әс­кери бөлім командирлерінің оқу-әдістемелік жиыны өтті. «2018 – Кәсіби біліктілік жылы» атауына сай ұйымдастырылған шарада командалық звено офицерлерінің кәсіби біліктіліктері шыңдалып, тәжірибе жинақтады.

 

Мамандық мәртебесі маңызды

Отан қорғаушылар күні қар­саңында Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік ко­ми­тетінің төрайымы Дариға Назар­баева мен Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, авиация генерал-лейтенанты Талғат Мұсабаев және комитет мүшелері Мұхтар Құл-Мұхаммед, Нұржан Нұрсипатов жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болды. Сапар аясында халық қалаулылары Ұлт­тық ұланның Әскери институты мен аймақтағы бірқатар әс­кери нысанды аралап, жай-күйімен танысты. Сенаторларға институттың даму бағыты мен оқу орнының қызметкерлері үшін салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйдің және екінші оқу ғимаратының құрылысы туралы айтылды. Жиын аясында сөз алған Д.Назарбаева еліміздегі әскери білім беру саласында Қазақстан Республикасының Әскери доктринасы басымдыққа алынуы тиіс екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар алқалы жиында офицер-оқытушылардың біліктілігін көтеру институтын құру мен әскери жоғары оқу орындары үшін педагог кадрларды даярлаудың мүмкіндіктері тал­қыланды. Әсіресе, әскери бағыт­тағы оқу орындары осы күндері бетпе-бет кездесіп отырған кейбір мәселелерге жіті назар аударды.

– Киберқауіпсіздік ісімен айналысатын қорғаныс бөлімшелері біздің елімізде жоғары жалақы төленетін мәртебелі мамандық, абыройы биік мекемелердің санатынан болуы тиіс. Олай етпеген жағдайда, білікті мамандарды бұл салаға тарту мүмкін емес. Бұл өте өзекті, өткір мәселе. Осыған мұ­қият көңіл бөліңіздер, – деді сенатор Д.Назарбаева.

Ынтымақтастық – еңбекті еселейді

Өткен жылы Астанаға Ре­сей Федерациясы Федералды қыз­мет әскері ұлттық гвардиясы ди­рек­торының – ұлттық гвардия Бас қолбасшысының орынбасары генерал-полковник Сергей Захаркиннің жетекшілігімен арнайы делегация қызметтік сапармен келді. Екіжақты кездесу аясында тараптар «Кобальт-2018» халықаралық оқу-жаттығу жиы­нын жоспарға сай ұйымдас­ты­рылуы мен ойдағыдай өткізілуін жан-жақты талқылап, өзара ын­ты­мақтастықты нығайту жолдары кеңінен сөз болды. Сонымен қатар салалық ведомство ма­ман­дарының біліктілігін арттыра оты­рып, мәдени-спорттық әріп­тес­тікті тереңдету мәселесі оң ше­шім тапты.

Сондай-ақ өткен жыл­ғы мау­сымның екінші онкүн­ді­гінде Ұлт­тық ұлан Бас қолбас­шы­лы­ғының басшылық құрамы Түр­кия Республикасына ресми сапар­мен барды. Түркиялық әріп­тес­­тер­дің арнайы шақыруымен жүзеге асырылған сапар мақсаты – жауынгерлік қызмет дайындығы мен екіжақты салалық байланыс­ты нығайту жолында тәжірибе алмасу еді.

Мамыр айында Ұлттық ұлан­ның арнайы мақсаттағы бөлім­шесінің жауынгерлік және әдіс­темелік дайындық орталығы ба­за­сында ҰҚШҰ арнайы мақсат­тағы Ұжымдық күштерінің «Ко­бальт-2018» арнайы әдісте­мелік оқу-жаттығуы өтті. Жиын­ға ҰҚШҰ мүше-мемлекет­тері­нің бөлімшелері: Армения Рес­пуб­ликасы Полициясының же­текші құрамы, Беларусь Рес­пуб­ликасы ІІМ ішкі әскері, Ресей Федерациясы ұлттық гвар­дия­сының Федералды қызмет әскері, Ресей ІІМ, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық ұланы, ІІМ және Қырғыз Респуб­ли­касы мен Тәжікстан Респуб­лика­сы­ның бөлімшелері қатыс­ты. Ха­лықаралық деңгейде ұйым­дас­тырылған оқу-жаттығу жиы­ны заңсыз қарулану үдерісін жою­ға бағытталған болатын. Сон­дық­тан да ауқымды шараға 700-ден астам әскери қызметші қа­тыс­тырылып, 70 жауынгерлік және ар­найы техникалар мен 5 әуе тех­никасы жұмылдырылды. 500 бір­ліктен астам артиллериялық және атыс қаруымен қатар, барлау мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары да шебер пайдаланылды. Сөйтіп жоғары деңгейде ұйымдастырылған ұжымдық күш­тер әскерлері өздерінің жауын­герлік шеберліктері мен кәсіби біліктіліктерін паш етті. Бұл туралы шараның жабылу салтанатында сөз алған ҰҚШҰ бас хатшысы генерал-полковник Юрий Хачатуровтың өзі де айтты.

– «Кобальт-2018» арнайы әдістемелік оқу-жаттығуы аясында террористік ұйымдарға қарсы күрес жүргізуге бағытталған орасан зор жауынгерлік даярлық жұмыстары жүзеге асырылды. Осындай бірлескен оқу-жаттығу жиындары Ұжымға мүше мемле­кеттер әскері үшін қашанда қа­жет. Ал бұл шараға Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық ұланы мен оның жетекші құрылымы өте зор да­йындықпен келіп, мұқият жа­­уап­­кершілікпен сәтті өткізді, – деді.

Бүгінде ҰҚШҰ алдына қойыл­ған бірқатар міндеттерді шешуде зор мүмкіндіктерге ие. Осы кезге дейін атқарылған іс-шараларда да аталған ұйым өзінің абыро­йын асқақтатып, аймақтық құры­лымдардың тиімділігін арттыруы нәтижесінде әріптестер арасында сенімді серіктестік орнап, өзара ынтымақтастық нығая түсті.

Жаңа ұшақ – бағындырған бір белес

Былтырғы қыркүйек айында «Қазақстанның авиациялық ин­дустриясы» ЖШС-нің Астана­дағы базасында Ұлттық ұлан өз меншігіне Қытайдан сатып ал­ған су жаңа Y8F200W әс­ке­­ри-көлік ұшағының таныс­ты­ры­­­лы­мын өткізді. Жаңа техни­ка­­ның таныстырылымына Ішкі іс­­тер министрі Қ.Қасымов пен бұ­­рынғы Қорғаныс және аэроға­рыш өнеркәсібі министрі Б.Атам­құ­лов, «AVIC» компаниясы Бас ди­рек­торының орынбасары – бас эко­но­ми­сі Ванг Джиан, Қытайдың Қа­зақ­стандағы Төтенше және өкі­лет­­ті ел­шісі Чжан Сяо мен мемле­кет жә­не қоғам қайраткерлері қа­тыс­ты.

Көпмақсатты пайдалануға ар­нал­ған Y8F200W ұшағы ұзақ жә­не орта қашықтықта ұша алады әрі әскерилер мен әскери техникаларды тасымалдауға арналған. Сондай-ақ бұл ұшақ топырақты тегіс жерде күнде де, түнде де ұшып-қону мүмкіндігіне ие және -50°C пен +50°C ауа температурасында қалыпты жағдайда жұмыс істей алады. Бүгінде Ұлттық ұланның әуе паркінде Ан-74, Ан-26 ұшағы мен Ми-171Е тікұшағы бар. Оның үстіне өткен жылы біз үшін елеулі оқиғалардың бірі – Ұлттық ұланның әуе эскадрильясы Алматыдан Астана қаласына қоныс аударуы болды. Бұл ендігі жерде біздің ұшақтарымыз байтақ Қазақстанның кез келген нүктесіне қысқа мерзім ішінде жанармай құюды қажет етпей-ақ ұшып жетеді деген сөз.

Руслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ,

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант