Шекарадағы инфрақұрылымдар жаңартылады
Депутаттарға «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасының режімі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов баяндама жасап, аталған құжатты қабылдаудың маңыздылығы туралы айтып берді.
Аталған келісімге мемлекеттердің шекара ведомстволары басшыларының деңгейінде 2017 желтоқсанда Астана қаласында қол қойылған. Құжат мемлекеттік шекараның және шекаралық белдеулердің үстінен ұшуды жүзеге асыру тәртібі және шаруашылық, кәсіпшілік немесе өзге де қызметті жүргізу, қоғамдық-саяси, мәдени немесе мемлекеттік шекарада, шекара белдеулерінде, сондай-ақ шекара сулары шегінде өзге де іс-шараларды өткізуді қамтиды.
Осы орайда депутаттар қазақ-қырғыз шекарасындағы түйткілді мәселелерге назар аударды. Мәселен, депутат Артур Платонов қолданыстағы заңдарға сәйкес мемлекеттік шекарадан құжат рәсімдеуде жаяу өтушілерге – 3 минут, жеңіл автокөліктерге – 15 минут, жүк көліктеріне – 25 минут, автобустарға 35 минут жұмсалуы тиіс екендігін, алайда іс жүзінде бұл рәсім ұзаққа созылып кететіндігін алға тартты. Сондай-ақ күн сайын қазақ-қырғыз шекарасы арқылы тәулігіне 18 мың адам, 600 көлік құралы өтетіндігіне тоқталды. Ал шекаралық өткізу бекеттері жолаушылардың мұндай ағымына сай еместігін атап өтті. Осы орайда депутат шекаралық өткізу бекеттерінің әлеуетін арттыруға қандай іс-шаралар қолға алынып жатқандығын сұрады. Бұл сауалға Д.Ділманов еліміз тәуелсіздік алғалы бері жолаушылар ағымы 8 есе өскендігін айтты. Тиісінше, осыдан 20 жылдай бұрын салынған инфрақұрылым мұндай қозғалысқа төтеп бере алмауда. Алайда соңғы екі жылда жолаушылар ағымы бәсеңдей түскен. Сонымен қатар шекара қызметі ішкі әлеуетін қолдану арқылы қарекет етуде.
Ал осы мәселеге байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, Сарытөбе және Ауқатты бақылау-өткізу бекеттері енді көпжақты өткізу бекетіне айналмақ. Сондай-ақ Қарасу бекетіндегі көпірді жөндеу қырғыз ағайындармен тең дәрежеде келісілген. Ал өткен жылы Қордайдағы бақылау-өткізу бекетінің мүліктік кешені министрліктің есебіне қабылданып, биылғы шілде айына дейін жобалық-сметалық құжаттары жасалып, күзде қайта жаңғыртылмақ.
Отырыс барысында депутаттар шекараны бұзып өтетін қараусыз төрт түлік малдан ауру-сырқауының таралмауы, оларды уақытша ұстау мәселелеріне де назар аударды. Осы орайда, Шекара қызметінің директоры ауылы аралас, қойы қоралас екі елдің арасында ұрлық-қарлықтың да бар екендігін айтып өтті.
Депутаттар, сондай-ақ туристердің шекара арқылы өтуі, Хан тәңірі шыңына саяхаттаушылардың қозғалысы, шекарадағы оқыс оқиғалардың шешілу тәртібі және басқа мәселелер бойынша сауалдарын берді.
Жалпы отырыста депутаттар аталған заң жобасын талқылай келе толық мақұлдады.
Жол апаттары азаяр емес
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков баяндама жасады. Оның айтуынша, келісімнің мақсаты – құзыретті органдарды арнайы техникамен, құралдармен, материалдармен қамтамасыз ету үшін тең және жеңілдікті жағдай жасау. Оларды сатып алу мен сату жеткізуші мемлекеттердің ішкі бағасы бойынша жүзеге асырылмақ. Тараптар тасымалдау кезінде жеңілдікті тарифтерді қоса алғанда әкелім, әкетілім немесе транзиттік шарттарын қолданады.
Депутаттар аталған заң жобасы бойынша да тиісті сауалдарын беріп, талқылаулардан соң оны толық қабылдады.
Жалпы отырыстың соңына қарай, дәстүр бойынша депутаттар орталық атқарушы органдардың басшыларына сауалдарын жолдады. Олар газ баллондарының жарылыстарының алдын алу, балалардың тіс емханаларының санын көбейтіп, сапасын арттыру, елдегі қылмыстық ахуал, қоршаған ортаны қорғау және басқа да мәселелерге байланысты өздерін толғандырған сауалдарын жария етті.
Ал депутат Павел Казанцев елдегі жол-көлік оқиғаларының алдын алуға байланысты алаңдаушылығын жеткізді. Оның деректеріне сүйенсек, 2018 жылы елімізде жол-көлік оқиғасынан 2 мыңнан астам адам көз жұмған, 20 445 адам жарақат алған. Зардап шеккендердің жалпы санынан 70 пайызға жуығы еңбекке жарамды жаста екен.
П.Казанцевтің айтуынша, еліміз 28 жыл ішінде 82 мыңға тарта адамды жоғалтқан, ал зардап шеккендер жарты миллионға жеткен. Осы орайда, депутат көлік жүргізуді үйрететін ұйымдарға қатысты, сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу бойынша емтихандар мен рәсімдерге талаптарды күшейту керектігін айтты.
– Жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру тұрғысында қадамдарды қайта қарау қажет. Адамдар бейбіт уақытта соғыс кезіндегідей опат болуда, – деді депутат.
Жалпы, депутаттың бұлай алаңдауына негіз жоқ емес. Өйткені өткен жылдың соңында Алматы қаласының қақ ортасында болған бірнеше адамның өліміне себепші болған жантүршігерлік жол апаты мен Қызылорда қаласында анасының көлігін рұқсатсыз жүргізген кәмелеттік жасқа толмаған баланың жаяу жүргіншілер жолында жүргіншіні басып өлтіру деректері қоғамда қызу талқыланып жатыр. Алдағы уақытта П.Казанцевке осы сауал бойынша Ішкі істер министрінің берген жауабын да жариялайтын боламыз.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»