Біріншіден, жаһандық цифрландыру электронды коммерция нарығына жол ашты. Бұл ел экономикасының басты бір буынына айналып келеді. Соңғы алты жылдың ішінде электронды коммерция рыногы 2,5 есеге дейін өсті. Сондай-ақ бұл үрдіс пошта жөнелтілімдері көлемінің өсуіне де алғышарт қалады.
Осы орайда «Қазпошта» АҚ таяу уақытта 35 миллион заттай жөнелтілімді (посылка) діттеген жеріне жеткізуді жоспарлап отыр. Оның 45 пайызы ел ішіндегі үлесті құрайды. Екіншіден, жөнелтілімді жеткізу уақытын қысқарта отырып, еліміздің батыс өңірлерін қамту үшін Қытайдан және Ресейден Ақтөбеге тікелей әуе рейстерін ашу жолдары белгіленді. Қазіргі кезде елімізде пошта жөнелтілімдерінің көлемі мен ауқымы әжептәуір өскендіктен Алматы қаласындағы ақпараттық-логистикалық орталыққа түсетін салмақ пен жүктеме өсе түскені де белгілі болып отыр. Ақтөбедегі осы тектес жаңа құрылым жүктемені азайтуға және халықаралық пошта жөнелтілімдерінің уақыты мен жолын әжептәуір қысқартуға оң әсерін тигізбек. Бұл АЛО-ның үшінші артықшылығы.
Төртіншіден, алдағы уақытта темір жол магистралдары бағыттарында арнаулы пошта вагондарын пайдалану тәжірибесі тоқтатылмақ. Яғни пошта болашақта еліміздегі таяу және алыс шетелдерге әуе рейстері арқылы жеткізіледі. Ал ел ішінде бұл мақсатта жүйрік автокөліктер тиімді деп табылған.
Ақтөбе ақпараттық-логистика орталығы өңірлер арасында тұңғыш рет пайдалануға берілуімен ерекшеленеді. Бұл жөнінен өндірістік өңір Алматы мен Астана мегополистеріне ғана жол береді. Айталық бұған дейін мұндағы пошта сұрыптау учаскесі күніне 6000 жөнелтілімді жүйеге келтіріп әзірлесе, «Батыс» жаңа логистика орталығының ашылуына орай бұл көрсеткішті төрт есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Оның 40 пайызы ұсақ пакеттер болса, 25 пайызын хаттар құрайды. 35 пайызы – заттай сәлемдемелер.
Заманауи логистика мен сұрыптау орталығының жалпы көлемі 3500 шаршы метрді құрайды. Оның іске қосылуына байланысты 80 жаңа жұмыс орны ашылды. «Батыс» бүгінгі заманғы қондырғылармен және жаңа цифрлы техникалармен толықтай жабдықталған. Мұнда қауіпсіздік және бейне бақылау жүйелері жұмыс істейді. Кешенді құрылым халықаралық жөнелтілімдерді кідіртпей жеткізуге мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ірі әрі салмағы ауыр пошта жөнелтілімдерін қабылдауға, жөнелтуге және тасымалдауға негіз қалайды. Бұған қоса «Фулфилмент» қызметін жолға қоюға жәрдемдеседі. Аталған жаңа термин қандай түсінікті білдіреді? Біз бұл сауалды «Қазпошта» АҚ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Серік Берденовке қойған едік.
– «Фулфилмент» қызметі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға сәйкес «Қазпошта» жүйесіне енгізілген. Аталған жоба еліміздің аумағында электрондық коммерция қызметін жаппай өрістетуді көздейді. Яғни «Фулфилмент» орталығы дегеніміз, тұрғындарға интернет-дүкеннің кешенді қызметін ұсынады. Бүгінде Ақтөбедегі осы тектес орталық қажетті қондырғылармен толық жабдықталған. Соның арқасында жылда 160 мың интернет-дүкен жөнелтілімдерін реттеу мүмкіндігі туды. Бұл ретте бізге «АкРуно» ЖШС аталған ауқымды жобаны әзірлеу мен енгізуге үлкен көмегін тигізді, – деді ол.
«Қазпошта» жүйесіне енгізілген жаңа жоба бизнес жүргізу үшін жайлы орта қалыптасуына да әсерін тигізеді. Жоба жетекшілері республика бойынша «Қазпоштаның» 3500 бөлімшесі бар екенін ескерген жағдайда интернет-дүкенге арқа сүйейтін салалық бизнес өте тиімді екенін алға тартады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ