Отбасылық мұрағатымызда атамыз Сатпай Айталиевтың туған ағасы, кеңес дәуіріндегі қазақтың тұңғыш генералы Шәкір Жексенбаевтың 1917 жылғы аттестаты сақтаулы. Ол патша дәуірінде, яғни 1912-1917 жылдары Жәңгір хан ашқан мектепті 1917 жылдың 9 маусымында №217 аттестатпен аяқтаған. Осы мектеп шаңырағында Шәкір атамыз өлкемізге кеңінен танымал Хамит Чурин, Хусаин Ищанов, Нұрсұлтан Бекетов сияқты шәкірттермен бірге тәлім алған.
Осы аттестатты мұқият қарастырсақ, сол дәуірде біздің аталарымызды, қала берді өлкеміз Орданы қалай атағанын құжаттың бірінші бетінен көруге болады, ал екінші бетінде бұл аттестаттың қолдану аясын, аттестат иесінің құқықтары мен мүмкіндіктері баяндалады.
Сол дәуірдегі уақыт мезгілінің белгіленуі де назар аударарлық – «Период жребьеметанья».
Бұл аттестатты қазіргі 8-9 сынып деңгейінде, тіпті орташа білім ретінде де қолдануға болады десек, онда нақты қажеттілікке сай, артық жалпылама пәндердің жоқ екенін көреміз. Алғаш рет қазақ топырағында, яғни Бөкей Ордасында, дүниетанымдық пәндер оқытыла бастағанын көреміз. Яғни, Орыс тілі (Востоков, «Краткая русская грамматика»; Есеп (Бунянковский, Арифметика); Жағрафия (Шульгин, «География часть», 1-2); Тарих (Устрялов, «Русская история часть», 1-2); Ислам діни сабағы т.б.
Алдағы уақытта аталған құжаттың түпнұсқасын әскери жоғары оқу орнына тапсыруды жоспарлап отырмыз.
Шәкір АЙТАЛИЕВ,
Қазан федералдық университетінің аспиранты
Ресей Федерациясы