Халықаралық шахмат федерациясы президенті кеңесінің шешімі бойынша алты қазақстандық FIDE-нің ресми комиссия мүшесі атанды. Комиссия мүшелерін FIDE әр төрт жыл сайын бекітіп, әр елдегі шахматтың танымалдығына, даму қарқынына қарап таңдайды.
Еліміздің атынан Жандос Әбішев Халықаралық шахмат федерациясының іс-шаралар бойынша, Ирина Грищенко әлеуметтік мәселелер жөнінде, Евгений Владимиров білім беру саласының комиссиясының мүшесі атанды. Сондай-ақ Дәрмен Сәдуақасов жаһандық стратегиялық комиссия мүшелігіне, Динара Сәдуақасова ережелер және Гүлмира Дәулетова жеребе бойынша комиссияның өкілі болып сайланды.
Алдағы төрт жылдықтың комиссия мүшелігіне әлемнің 130 елінен 224 өкіл сайланды. Қазақстан ең көп өкіл қосқан ел ретінде Ресей мен АҚШ-тан кейін үшінші орында тұр. Бұған дейін FIDE-ге бірде-бір қазақстандық өкіл сайланбаған болатын.
Дайындаған Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»