Қазақстан • 10 Қаңтар, 2019

Сириядан қайтарылған азаматтардан қауіп бар ма - ҰҚК жауабы

405 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Сириядан елімізге қайтарылған азаматтардан қандай да бір қауіп бар ма?» - деген сұраққа ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рахымбердиев жауап берді.

Сириядан қайтарылған азаматтардан қауіп бар ма - ҰҚК жауабы

«Бұл операция бірнеше айға созылды. Өте көп қиыншылық болды. Әрине, жан-жақты мәселелер толыққанды тексерілді. Көпшілікті лаңкестік тұрғыдан «қайтарылған азаматтар жағынан қандай да бір қауіп бар ма?» деген сұрақ мазалайды. Тағы да айтайын, ол жағынан бәрі де тексерілді. Қазіргі таңда қайтарылған азаматтардың ішіндегі 6 ер кісі және 1 әйелдің үстінен қылмыстық істер қозғалды. Осылар және қайтарылған басқа азаматтар террористік әрекеттер тұрғысынан толығымен тексеріледі. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине, қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді Бақытбек Рахымбердиев.

Оның айтуынша, Ирак пен Ауғанстаннан да қазақстандықтар елге қайтарылған.  

«Ол жақтардан да Қазақстанның бірнеше азаматы қайтарылған болатын. Олардың ішінде тек 40 пайызы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қалғандарына алдын алу, оңалту шаралары жүргізілген. Сол үшін көпшілік ол туралы біле бермейді. Бірақ, біздің ойымызша, қайтарылған азаматтардан әзірше ешқандай террористік қауіп жоқ. Бұл ретте, ең басты мәселе - кішкентай балаларды қайтару болды. Өйткені, қайтарылғандардың басым көпшілігі - 1-5 жас аралығындағы балалар», - деді ол.