Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

Қызылордада115 пәтерге 500-ден аса өтініш түскен

356 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Былтыр «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Өз үйім» бағдарламасы бойынша сол жағалаудағы жаңа үйлерді беруге конкурс жариялаған.

Қызылордада115 пәтерге 500-ден аса өтініш түскен

– «Өз үйім» бағдарламасы 2015 жылдан бастап жүзеге асуда. Әдепкіде бағдарлама талабы бойынша алғашқы жарна үй бағасының 30 процентін жинақтау және несиенің жылдық үстемесі 8,5 процент болса, өткен жылдан бастап алғашқы жарна 20 процент және несие 7 процентпен беріле бастады. Бағдарламаның бір тиімді тұсы кез келген адам қатыса алатындығында. Ең бастысы, төлем қабілетін растаса болды. Атында жылжымайтын мүлік болғаны да кедергі емес және кез келген қаладан үй алуға мүмкіндігі бар,– дейді банк филиалының орынбасары Ілияс Жұрынов.

Бағдарлама шарты бойынша тұрғындар өткен жылдың 24-і желтоқсаннан биылғы жылдың 14-і қаңтары аралығында сол жағалаудағы алғашқы бес үйдің екі-үш бөлмелі пәтерлерінен байқауға қатысу арқылы үй ала алады.

Бүгінде берілуге тиіс 115 пәтерге байқау жарияланғаннан бері бес жүзден астам өтініш түсіпті. Ең алдымен үй алуға көп қаржы құйған салымшылар жоғары көрсеткішке ие болып, алдыңғы қатарда ала алмақ. «Өз үйім» бағдарламасы бойынша пәтер 14 жылға беріледі.

Мұндағы ерекшелік, алғашқы сегіз жылда несиені 7 пайызбен құйсаңыз, қалған 6 жылда 3,8 пайызбен төлейсіз.

Қазақстан нарығына шаққанда үй бағасы анау айтқандай қымбат емес. Шаршы метрі 120 теңге құрайтын үйді алуға тұрғындардың шамасы жетеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы