Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

Түркістан облысында биыл 4377 пәтер пайдалануға беріледі

1102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында 28 мыңнан аса азамат пәтер кезегінде тұрғанын ескерсек, биыл ел игілігіне тапсырылатын 4377 пәтерді көп деуге де болмас. Дегенмен, тұрғын үй құрылысы қарқыны бәсеңдеген жоқ. Мысалы, облыста  тұрғын үйлер құрылысына ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 3,5 млрд. теңге, ал облыстық бюджеттен 7,3 млрд. теңге қарастырылып, 63 көпқабатты арендалық тұрғын үйдің (3353 пәтер, 229,1 мың ш.м.) құрылысы жүргізілетін болады.

Түркістан облысында биыл 4377 пәтер пайдалануға беріледі

Тарата айтсақ, облыс орталығы Түркістан қаласында – 20 үй,  Кентауда – 15, Сарыағаш ауданында – 13, Түлкібас ауданында – 7, Арыс қаласында – 3, Жетісай ауданында – 2, Шардара ауданында – 2, Отырар ауданында – 1 үй салынады. Биыл осы үйлердің 47-сін пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша өткен жылдың басында 13 аудан, қала әкімдіктеріне 31 екіқабатты (330 пәтер, 13,9 мың ш.м.) тұрғын үй салуға облыстық бюджеттен қаржы қарастырылған болатын. Бүгінгі таңда 12 (124 пәтер) тұрғын үйдің құрылысы аяқталған, 19 үй (190 пәтер) 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға тапсырылмақ.

Ал «7-20-25» бағдарламасы аясында Түркістан қаласында «ӘКК Түркістан» АҚ-ы және жеке салушы арқылы құрылысы өткен жылы басталған 6 көпқабатты тұрғын үйді (336 пәтер, 26,1 мың ш.м.) биыл 3-тоқсанда пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Түркістан қаласы, Отырар мөлтекауданында «Түркістан – жаңа қала» тұрғын үй кешендеріндегі аумағы 38 гектар жер телімінде 88 (2724 пәтер, 196,3 мың ш.м.) көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, ағымдағы жылы 44 тұрғын үй, яғни 1362 пәтер «7-20-25» бағдарламасы арқылы берілетін болады.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы