Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

Ақмолалық үздік оқушылар Қызылорда мен Ақтөбеге барады

1247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс орталығында  жалпы білім беретін  пәндер бойынша республикалық    олимпиаданың облыстық кезеңі  өтті. Енді жүлделі бірінші, екінші орын  алған 65 оқушы наурыз айында Қызылорда мен Ақтөбеде облыс намысын қорғайды. Ал, өткен білім додасында 398 оқушы 15 пәннен бақ сынаған.

Ақмолалық үздік оқушылар Қызылорда  мен  Ақтөбеге  барады

Облыстық пәндік олимпиада үш күнге созылды. Алғашқы кезең теориялық бағытта, екіншісі тәжірибе жүзінде  өтті. Білім бәсекесінің екінші күнінде оқушылар түрлі тәжірибе жасап, жұмыстарын дәлелдеп, әрқилы зерттеу  жүргізді.

Әділ-қазылар алқасы олимпиаданың өту барысына өз бағаларын берді. Олардың пікірінше, үміткерлердің бәрі дерлік кіл жүйрік.  

Үшінші күні  үздік танылғандарды  марапаттау рәсімі өткізілді.  Үздік көрсеткішке ие болғандар білім басқармасының грамоталарымен  марапатталды. Жарыстың аты жарыс. Әйтеуір біреуі оза шаппақ. Талаптары тәуір, дайындығы мықты болғанымен, айқын  топ жара алмаған 98 оқушы үшінші орынды қанағат қылды.

Ал, жүлделі екінші орынды 33 оқушы иемденіп, 32 олимпиада  жеңімпазы анықталды. Үздіктердің үздігі атанған дәл осы 32 оқушыны облыс әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова марапаттады.  

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы