Сырдариядағы су деңгейі Тасбөгет гидробекетіндегі қауіпті деңгейге таяп қалған.
Арал мен Қызылорда қаласы аралығындағы дарияға мұз тұтасқаннан қызыл су жайылымдық жерлерге шығып кету қаупі жоқ емес. Жақында Қызылордадағы ескі бөгетті су орып кеткен еді. Алайда, дарияны толық бақылап отырған сала мамандары айтарлықтай қауіп жоқ екендігін айтады.
– Өңірдегі қорғаныс бөгеттері тұсы су басуы мүмкін 56 аймаққа бөлінген. Оларға жауапты ретінде барлығы 111 мекеме бекітілді. Мекемелерде 425 арнайы техника, 1269 адам күші бар. Су тасу қаупі туындағанда пайдаланылатын материалдық-техникалық қор дайын, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов.
Жалағаш ауданында Ақсу, Шәменов, Таң ауылдары, Жалағаш кенті сол сияқты Тереңөзек кенті, Қалжан Ахун ауылы сондай дарияға жақын орналасқан елдімекендер бар. Бізде жалпы жоғарыдан келетін су 2 мың текше метр дейін түсу жоспарланған жағдайда іс-қимыл алгоритмі бар. Сол кезде артық судың бәрін алатын көлдер жүйесі, каналдар бәрі толық дайын дегенді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев айтады.
Ауа-райын зерттейтін мамандар алдағы уақытта су деңгейі тағы да көтерілетіндігін нақтылап отырғандықтан күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылуда.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы