Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

«Алматы марафоны» жобасынан түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалады

454 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

Биыл дәстүрлі «Алматы марафоны» ағымдағы жылдың 21 сәуірінде өтеді деп күтілуде. Осы орайда, «Бірінші болу - батылдық» корпоративті қорының өкілдері биылғы марафоннан түсетін қаржыны дәстүр бойынша қайырымдылық мақсатта жұмсайтындарын мәлімдеді. Тіпті қайырымдылық көмек алатын мекемелер де  белгілі болды.

«Алматы марафоны» жобасынан түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалады

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алматы облысындағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған №15 мектеп-интернаты, «Киров» қызыл ту крейсерінің жас әскерилерінің әскери-патриоттық клубы, «Pioneer Concept» жеке қоры іске асырған «АСБ (Аутистикалық спектрдің бүлінуі) және дамуында өзге де ерекшеліктері бар балаларға арналған тау шаңғысы мен сноубордта жоғары тау жағдайында бейімделген сырғанау» қалалық бағдарламасы биыл қор тарапынан қайырымдылық  көмекке ие болады.

Алматы облысындағы аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған №15 мектеп-интернаты 1959 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде мектепте көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасыдан шыққан 250 бала бар. Мектепте спортпен шұғылдануға қажетті инфрақұрылымдар жеткіліксіз. «Алматы марафоны» қайырымдылық қаражаты есебінен көрсетілетін қолдау бұл ағаттықтың орнын толтырмақ.

«Киров» әскери –патриоттық клубы 2015 жылы Алматының балалар үйлері мен Офицерлер үйі негізінде «Алматының жалғызбасты аналарына қолдау көрсету жобаларымен» «SOS Алматы балалар ауылы» жобасының негізінде құрылған. Мұнда  250 отбасынан шыққан жеткіншектер бар. 2018 жылы «Киров» клубы үшін «Сарбаз» жазғы палаталық лагері ашылып, жас шекарашылар, теңіз жаяу әскері мен десантшылар үшін арнайы отрядтар құрылған. Биылғы марафонда жиналған қаражаттың бір бөлігі 125 жас әскериге арналған скалодром құрылысын бастау ісіне жұмсалмақ.

«АСБ (Аутистикалық спектрдің бүлінуі) және дамуында өзге де ерекшеліктері бар балаларға арналған тау шаңғысы мен сноубордта жоғары тау жағдайында бейімделген сырғанау жобасы» аутистикалық спектрі бұзылған, ақыл-ойы дұрыс дамымаған, Даун синдромы мен ДЦП-ға шалдыққан балаларды спорттық дамыту және бейімдеумен айналысады. Бұл мекеме айрықша қолдауды қажет ететін балаларды оңалту бойынша еліміз үшін бірегей әдістемелік орталық. Жаттығу кезінде бала сенсорлық интеграция, дене терапиясына қатысты түрлі тапсырмаларды орындап, қажетті шаралардан өтеді. Қоршаған орта мен ландшафт аутистерге жақсы ықпал етеді, бұған қоса, теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте оттегі мен атмосфералық қысым жағдайында көптеген аурулардан пассивті түрде айығуға болады (гипокситерапия).

– Бізден  қайырымдылық мақсаттарға қаражатты қалай жинайсыздар деп жиі сұрайды. Бұл туралы кеңірек айтар болсам, әрбір қатысушы «Алматы марафонына» тіркеле отырып және жарна төлеу арқылы қайырымдылық мақсаттарға өз үлесін  қоса алады. Қажетті сома жиналғаннан кейін біз ақшаны таңдалған мекемелерге бірден бере салмаймыз, керісінше, жеке өтінім бойынша қажетті спорттық инфрақұрылымды қалыптастырамыз: спорт алаңдарын, скалодромдарды тұрғызу, спорттық немесе медициналық құрал-жабдық сатып алу ісін тікелей қолға аламыз, – дейді «Бірінші болу - батылдық» корпоративті қорының директоры Салтанат Қазыбаева

Өткен жылғы марафонда жиналған 16 миллион теңге тұтастай қайырымдылық мақсатта жұмсалған. Ұйымдастырушылар  биыл  қайырымдылық шарасына 26 миллион теңге бөлуді жоспарлап отырғандарын айтады.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ