Сянь Синхай (13.10.1905 - 30.10.1945 ж.ж.) – халық музыканты, педагог және коммунист-революционер, сондай-ақ белгілі қытай композиторы, пианист, дирижер болған. Сянь Синхай 250-ден астам шығарманың авторы, сүбелі туындыларының арасында кантата, опера, симфония, оркестрлік музыкаға арналған сюиттер, рапсодия, скрипка мен пианиноға арналған көптеген соло шығармаларының мәні зор. Өз шығармаларында ол қытайлық ұлы революцияның шындығы мен ұлттық бостандықты терең бейнелеген. Оның бірқатар музыкалық шығармалары ұлттық өрнек мен түпнұсқалық құндылығымен ерекшеленеді, сонымен бірге қытай халқының қолдауын иеленген және қазіргі күні де танымалдылыққа ие.
Ол Пекин университеті жанындағы дәстүрлі қытай музыкасы институтында, кейін Шанхай консерваториясында оқыды. 1929 жылы Сянь Синхай Парижге оқуға барып, 1935 жылы Қытайға оралып, антижапондық патриоттық қозғалысқа белсене қатысты.
1938 жылы Синхай Қытай революциясының қасиетті орны Яньаньға келді. 1939 жылы Лу Сюнь атындағы Өнер институтының музыка факультетінің деканы болып тағайындалды. Яньанда өткен жылдар композитордың шығармашылық өмірінің ең табысты кезеңі болды: бар-жоғы бір жыл ішінде ол өзінің жауһар туындыларының бірі «Сары өзен кантатасы», сондай-ақ «Еңбек туралы кантата», «18 қыркүйек туралы кантата» және «Қарсы шабуыл», «Халықаралық әйелдер күні», «Жойылсын Ван Цзинвэй» және тағы басқа шығармаларын жазды.
1940 жылы Сянь Синхай Кеңес Одағына, Мәскеуге жіберілді, сол жерде «Ұлт азаттығы» деп аталатын бірінші симфониясын аяқтады. 1941 жылы Алматыға көшіп келіп, cол жылдары «Қасиетті соғыс» атты екінші симфониясын, «Қытай рапсодиясы» сюитасын, «Аманкелді Иманов» поэмасын жазды. Бұған қоса, ол екі ел арасындағы елші ретінде қазақтың көптеген халық әндерін жинап, қайта өңдеді.
Қазақстан - Қытай достығының белгісі ретінде 1998 жылғы 7 қазанда Алматы қаласындағы көшелердің бірі «Сянь Синхай көшесі» атауына өзгертіліп, онда сазгердің құрметіне ескерткіш орнатылды. Бұл ескерткіш-тақтада: «Көрнекті қытай композиторы, Қытай - Қазақстан достығы мен мәдениеттер алмасу үрдісіндегі елші болған Сянь Синхайды еске алуға арналады»,-деп жазылған. Биыл Сянь Синхайдың туғанына 113 жыл толуына орай, қазақстандық және қытайлық өнер шеберлері аталмыш сазгердің өмірі мен шығармашылық жолын, Сянь Синхай мен қазақстандық композитор Бақытжан Байқадамовтың арасындағы шынайы достықты арқау еткен «Музыкант» атты қысқаметражды фильмін түсірді.
Көрме экспозициясында композитордың Қытай мен Парижде оқыған жылдары, достарымен бірге түскен, пролетарлық, музыкалық мәдени шараларға қатысқан, әйелі Цянь Юньлин және қызы Нинамен бірге түскен отбасылық фотосуреттерден тұратын 60-қа жуық суреттер, Лу Синь атындағы Өнер институтына жазған Оқу құралдары, Ресей, Қазақстан, Моңғолияда өмір сүрген жылдар, музыкалық шығармаларының партитуралары, Сянь Синхай және Байқадамовтар отбасылары арасындағы достық ықыласқа толы жылдарды бейнелейтін фотолар қойылған.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы