Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

«Жетісу» әуе компаниясы жаңа ұшақтар сатып алды

911 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Енді Талдықорған қаласының әуежайынан елордасы Астанаға аспан жолы арқылы қатынайтын жолаушылар су жаңа ұшаққа мінетін болды. Бүгін «Жетісу» әуекомпаниясының ұшақ қоры екі бірдей жаңа әуе кемесімен толықты.

«Жетісу» әуе компаниясы жаңа ұшақтар сатып алды

Чехияда құрастырылған «L-410» маркалы ұшақ жақын қашықтықтағы әуе сапарына шығуға арналған, жолаушылар саны да ішкі рейстерге шақталған заманауи техника санатында. «Жетісу» әуе компаниясы бұл ұшақтарды сатып алуға «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қол жеткізді.

- Алматы облысы Жаңа жылды игі жаңалықпен бастады. Жақында ғана Талғар ауданында демалыс орынын ашып, өңір тұрғындарының демалуына, спортпен шұғылдануына жағдай жасадық. Бұл - ішкі туризмді дамытуға бағытталған шара. Бүгін Талдықорған әуежайына келіп қонған жаңа ұшақтар да осы мақсатқа қызмет ететін болады. Қазір Астанаға сапар шегетін жолаушылар саны артты. Сондай-ақ, Алакөл жағалауына демалу үшін келетін туристер легі көбейді. Енді олардың әуе жолы арқылы келуіне жағдай жасауымыз керек. Бұл біздің алдымызға Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген міндет болатын, - дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Айтпақшы, бұл он тоғыз жолаушыға арналған «L-410»  ұшақтары «Жетісу» әуе компаниясының құрылғалы бері сатып алған алғашқы жаңа техникасы екен. Екі ұшақтың бірі Талдықорған – Астана – Талдықорған бағытында жолаушылар тасыса, екіншісі Алакөл жағалауына, Талдықорған – Үшарал – Талдықорған бағыты бойынша қызмет көрсетпек.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Талдықорған қаласы