Қоғам • 11 Қаңтар, 2019

Баспаналы болудың тиімді тетігі

74 реткөрсетілді

Өткен жылы «Нұрлы жер» мем­ле­кет­тік бағдарламасы аясында 100 мың­ға жуық тұрғын үй, ал жалпы бағдарлама іске қосылғалы бері барлық қаржыландыру көздерінен 22 161 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 

Нәтижесінде 197 573 отбасы баспанамен қамтамасыз етіліп, оның ішінде 2017 жылы – 11 168 мың шаршы метрді құрайтын 100 812 баспана, 2018 жылдың 11 айында – 10 993 мың шаршы метрді құрайтын 96 761 баспана пайдалануға беріліпті.

Ел Үкіметінің мәліметтеріне қарағанда, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы 15 жылда 1,5 млн отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. Бағдарлама жүзеге асырылған 2 жылдың ішінде шамамен 200 мыңға жуық отбасы тұрмыс жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Бүгінге дейін аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша Астана қаласында 4,7 млн, Алматы қаласында 2,6 млн, Маңғыстау облысында 1,8 млн, Ақтөбеде 1,5 млн, Атырауда 1,3 млн, Алматы облысында 1,3 млн және Қызылорда облысында 1,2 млн шаршы метр баспана салынған.

Еліміздегі тұрғын үй саласында бұған дейін болған барлық механизмдер «Нұрлы жер» бағдарламасында толықтай қарастырылып отыр. Тұрғын үйге қаржы жинау, ипотека ресімдеуден бөлек, жеке тұрғын үй салу мәселесі аталған бағдарламада жан-жақты қамтылып, нарыққа барынша бейімделу көзделген. Соның нәтижесінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Даму» АҚ-ның мемлекеттік субсидиялары арқылы банктік несиелердің құнын төмендету бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қатысушы банктерге жеке құрылыс салушылардан 72,6 млрд теңгеге 84 өтінім түсіп, оның ішінде «Даму» АҚ арқылы 45,2 млрд теңгеге субсидияланған несиелерді беру туралы 51 келісімге қол қойылды. 2020 жылға дейін барлығы 152 млрд теңгеге субсидияланған несие беріліп, 600 мың шаршы метрлік коммерциялық тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Оның 199,6 мың шаршы метрі қазір дайын. 

Айта кетерлігі, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылғаннан бері 876,9 мың шаршы метр несиелік тұрғын үй немесе 14658 пәтер салынды (2017 жылы – 570,4 мың шаршы метр немесе 9010 пәтер, 2018 жылдың 11 айында – 306,5 мың шаршы метр немесе 5648 пәтер). 

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында қазақстандықтардың жеке тұрғын үй құрылысына қызығушылығы артқан. Әкімдіктерде жер телімін алуға кезекте тұрғандар қанатқақты жобаға қатысуға және инженерлік коммуник­а­циялық инфрақұрылымы жүргізілген дайын үйді жер телімімен сатып алуға, сонымен қатар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік алды. Осындай тәсілдер арқылы кезекте тұрғандар үшін ай сайынғы төлем алғашқы 5 жылда – 70 мың теңге, кейінгі 10 жылда – 56 мың теңге болады. Бұл шаралар жыл сайын шамамен 40 мың үй (4 млн м²) салуға жол ашады. Мәселен, 2017 жылы 184 үй пайдалануға берілген.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар