Президент жоғары оқу орындары саны көп, сапасы жоқ мамандық иелерін дайындауды доғаруы керектігін айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы оқуын аяқтаған студенттердің жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы университеттердің деңгейі мен табыстылығын анықтайтын басты өлшем болатындығын ескерткен болатын. Аталған тапсырмаға сәйкес, былтыр жыл соңында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламалары рейтингісінің үшінші кезеңінің қорытындысын шығарды.
Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, біріккен жобаның үшінші кезеңі бойынша 535 білім беру бағдарламасына баға беріліп, 1632 сарапшыдан 198 қорытынды алынған. «Осы жылы, рейтингте ЖОО ұсынған материалдар бойынша 92 мамандық қамтылды, 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасы бағаланды, еліміздің барлық өңірінен 700-ден астам сарапшы тартылды. Нәтижесінде 109 жоғары оқу орны бойынша 6 мың сараптамалық қорытынды алынды. Сall-орталық арқылы 2016-2017 жылы оқу орнын аяқтаған 8800 түлек телефон арқылы сауалнамаға қатысты», дейді вице-министр.
Ведомство өкілі айтып өткендей, сауалнама қазақстандық ЖОО түлектерінің барлығын қамтуға тырысқан, сәйкесінше зерттеу нәтижесі әділ шықты деуге негіз бар. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев сараптау жұмыстарын экономикалық органдардың мамандары жүргізгендігін, яғни әділдік үшін ЖОО өкілдері қатыстырылмағандығын айтады. «Еліміздегі ЖОО-ны бітіруші түлектердің өз мамандығы бойынша көбісінің жұмыс істемейтіні белгілі болып отыр. Айталық, әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес бағытындағы түлектердің 40,24%-ы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Техникалық ғылымдар мен технологиялар – 41,97%, құқық – 43,73%, қызмет көрсету саласы – 43,42% және ең үлкен антилидер – ауыл шаруашылығы ғылымдары 51,06% болып отыр», дейді О.Ордабаев.
Осы ретте О.Ордабаевтан аталған кемшіліктерге көлеңке түсіріп тұрған кейбір мәселеге ашық тоқталуын сұраған болатынбыз. «Бүгінде қазақстандық білім беру бағдарламалары толық жетілдіруді талап етеді. Салалық сарапшылардың талдауы жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының мазмұнын бір-біріне көшіретінін, ал бұл контенттің бірегейлігінің жоқтығын көрсетеді. Сондай-ақ мамандыққа жанама қатысы бар және теорияны практикаға байланыстыруда жетіспейтін модульдер бар. Сонымен қатар жұмыс берушілер кітапхана қорын жаңарту қажеттігін атап өтті. Мысалы, ауыл шаруашылығы жоғары оқу орындарының бірінде 1949-1975 жылдардағы әдебиет қолданылады. Кей оқу орындары ХХ ғасырдың ортасындағы оқулықтарды пайдаланады. Әсіресе радиоэлектроника мен телекоммуникацияға қатысты жабдықтар мен байланыс құралдары ескірген. Мәселен, еліміздегі көптеген ЖОО 2G форматын жаңашылдық ретінде оқытып жүр», дейді О.Ордабаев.
Шынымен де, қазір 4G форматы бар, жақында 5G форматы қолжетімді болады. Тағы бір айта кетерлігі, мұндай мысалдар тек жаратылыстану ғылымдарында ғана емес, гуманитарлық ғылымдарды оқытатын іргелі мамандықтардың да бас ауруына айналған. Бұл туралы филология ғылымдарының кандидаты, доцент, лингвист-сарапшы Бекзат Динаева 2018 жылдың қыркүйек-қазан айларында жоғары оқу орындарында оқытылатын «Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Филология» мамандықтарының білім беру бағдарламалары мен эллективті пәндер каталогтарына сараптамалық қорытынды жасау барысында біраз жайтқа көз жеткізгендігін айтады.
«Сараптамаға келіп түскен ЖОО-ның үштен екісінде білім беру бағдарламалары мен эллективті пәндер каталогтерінде оқытылатын негізгі базалық білім қамтылған, алайда даярланған бағдарламалары мен силлабус мазмұндарының басым көпшілігі, нақты 70%-ы қайта өңдеуді қажет етеді», дейді ол.
Қазіргі нарықтың талабы мен жұмыс берушінің сұранысына сәйкес гуманитарлық пәндердің өзіне жаңаша сипат беріп, барынша «Лингвист-экономист», «Лингвист-заңгер», «Лингвист-психолог», «Лингвист-редактор» сияқты салалық мамандарды даярлайтын пәндерді енгізіп, аталған бағытта мамандар дайындауды қолға алу керек. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандары нарықтың сұранысына сәйкес тіл мен әдебиетке басқа ғылым салалары тұрғысынан барынша мамандануы тиіс. Айтылған мәселелерге қатысты сарапшы Бекзат Бегалықызы зерттеу нәтижесі бойынша қазіргі оқытылып жатқан бағдарламаларда сыни ойлау, креативті ойлау жүйесі, академиялық сауаттылықты арттыратын заманауи технологиялар қолданылатын тақырыптар өте аз екендігін жеткізді. «Академиялық сауаттылықты арттыратын, оқылым және жазылым дағдыларын дамытатын пәндер мен іскерлік қарым-қатынас мәдениетін, ауызша және жазбаша тіл мәдениетін, шаршы топ алдында сөйлеу мәдениетін, мемлекеттік тілдегі хат алмасу тілінің қыр-сырын үйрететін курстарды енгізген жөн. Мысалы, қазіргі ЖОО-дағы «Тіл біліміне кіріспе» пәні 50 жылдан бері К.Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» оқулығы негізінде оқытылып келе жатыр. Оған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры аударған Виктория Фромкиннің «Тіл біліміне кіріспе» еңбегін қосу керек. Бұл еңбекте тілдің шығу төркіні, даму үрдісі, жолы, негізгі тілдік категориялар, әр тілде бөлек болғанымен, автордың «Тіл біліміне кіріспе» оқулығында осы тілдерге ортақ құбылыстар мен ортақ заңдылықтардың негізі қайда екенін ашық көрсетуге мүмкіндік береді. Әлемдік тіл білімінде қандай құбылыстар болып жатыр дегенге аталған оқулықтың үлкен көмегі бар. Алдыңғы 51 ЖОО-дағы әдебиет тізімінде аталған оқулық болмады, соңғы 21 ЖОО-да тек Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің әдебиет тізіміне қосылғанын ғана көрдік», дейді тілші-ғалым Б.Динаева.
Шынымен де мамандыққа сұраныстың күрт төмендеп кетуіне жоғарыдағыдай мәселелер көп бөгет келтіретіні рас. Бұдан шығатын қорытынды, алдағы уақытта ЖОО-лардың жаңа оқулықтармен, соңғы басылымдармен қамтылу деңгейін қадағалаған жөн. Бағдарламалардың басым көпшілігінде соңғы жаңа басылымдар жеткізіліп, яғни әдебиеттердің жаңашылдығына назар салу қажет. Айталық, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» сериясымен аударылған кітаптарды әдебиет тізіміне енгізудің өзі бетбұрыстарға әкелетіні сөзсіз.
Сөз соңында өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмай жатқан түлектерге жұмыс беруші тараптың еңбек өтілін сұрауы басты кедергі екенін, сондай-ақ жалақы мөлшері де кейбір көрсеткішке көлеңке түсіретінін айта кеткеніміз жөн.
Бұл ретте ҰКП төрағасының орынбасары мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығының деректерін талдай келе, орташа еңбекақы деңгейін айтып берді. «Әлеуметтік ғылымдар, экономика және бизнес бағытында – 114 721 теңге, техникалық ғылымдар мен технологияларға – 149 963 теңге, құқыққа – 89 434 теңге, қызмет көрсету саласы бойынша – 98 180 теңге, ауыл шаруашылығы ғылымдарын бітірген жас мамандарға – 77 045 теңге көлемінде жалақы төленеді», дейді О.Ордабаев.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»