Аймақтар • 11 Қаңтар, 2019

Ұлт қайраткерінің есімі ұмытылмаса екен

481 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Саналы ғұмырының көп бөлігін жер­гілікті баспасөзде, «Халық кеңесі», «Егемен Қазақстан» секілді беделді рес­публикалық газеттерге арнап, шын­­дық­­­тың қанын сорғалата жазған өткір пуб­лицистикалық шығармаларымен, ойлы мақалаларымен  ормандай қалың оқырмандардың айрықша  ілтипатына бөленген журналист Мәлік Мұқановқа қандай  қошемет көрсетілсе де артықтық етпейді. Алайда, арамыздан мәңгілікке аттанғанына 15 жыл өтсе де, кей мән-ма­ғынасыз шараларға келгенде алдына  қара салмайтын мүдделі орындар бірде-бір мезірет жасаған емес. 75 жыл­дық секілді елеп-ескеруге тұрар­лық мерейтойдан да сырт айналды. От­басының, әріптестерінің арасында ғана атап өтілді.

Ұлт қайраткерінің есімі ұмытылмаса екен

Тау тұлғалы ағамыздың  ма­ғы­на­лы ғұ­мы­рын, қа­ламгерлік қуатын егемен­дігімізден бөле-жара қарауға болмайды. Өршіл рухқа толы болмыс-бітімі, ұлттық мүдде сынға түскенде ешнәрседен де тайсалмайтын жүрек жұт­қан батырлығы жас буынға үлгі етіл­се, тәуелсіздігімізді аспаннан жауған тегін құймақтай көретіндерге үлкен ой салар еді. Ешкімге ұқсамайтын, өзгелерден ерекшеленіп тұратын кемел күрескерлік, ұлтжандылық қасиеттері жайлы аңызға бергісіз әңгімелер ел ішінде әлі күнге дейін айтылады. Оның бір мысалы төмендегідей. Егемендігіміздің елең-алаң шағында Қызылжар өңірінде де сая­си сахнадағы талас-тартыстардың қы­зып тұрған шағы еді. Өздерін «ұлт» ре­тінде санап, осы жердің егесіндей кеуде қағып жүретін казактар тәуелсіздікке қарсылық ретінде рұқсат етілмеген митинг өткізілгелі жатыр деген шұғыл хабар тиісімен ат төбеліндей ұлт жанашырлары саяси-ағарту үйіне суыт келген. Қарақұрым топтың қолдарын оңды-солды сілтеп, екілене, лепіре сөйлеулеріне қа­рағанда қайтсе де жеңістік бермейміз де­ген сияқты әумесер қылыққа әбден бой алдырғандай. Осы кезде Мәкеңнің қы­рағы көзі  әлдебіреудің КСРО-ның қызыл туын қадай бастағанын байқап қалып, әнтек қимылмен қасына жетіп барған. Туды қолынан жұлып  алып, лақтырып жіберген. Қазақ-орыс арасында беделді, өзін сыйлата да, тыңдата да білетін, күндей күркіреген даусы бар ағамыздың мысы басқан болу керек, туды жерден кө­теруге ешкім тәуекел ете алмаған. Сол-ақ екен, жиыннан да береке кетіп,  ұйымдас­тырушылар мақсаттарына жете алмаған күйі тарасып тынған. 

Жарық күнде жарқ ете қалған найза­ғай­дай әсер ететін мақалаларын қауым тағат­сыздана тосатын,  іздеп жүріп оқи­тын. Мына бір оқиға жадымда жатталып қалыпты. Өт­кен ғасырдың тоқсаныншы жылдары облыстық «Ленин туы» (қазір «Сол­түстік Қазақстан») газеті редакция­сына бір бей­таныс кісі келді. Әбден шар­шағаны жүзінен де, ілби басқан жү­рісінен де білініп тұрды. Сөйтсе, әділдік іздеп барған емен есіктегілер допша қақ­пақылдап, бір-біріне сілтеп, әбден қажытқанға ұқсайды. «Маған Мәлік деген журналист керек еді» деді бәсең үн­мен екі бүктетілген күйі орындыққа отыра беріп. Ұзын сөздің қыс­қасы, екі тілге бірдей жүйрік Мәкең қолдан жа­салған небір кедергілерге қара­мастан «Прокурордың келіні асылып өлді» деген мақаланы орыс тілінде де жария­лап, табанынан таусылған  қарияның үміт отын қайта жаққан еді. «Қазақ ті­лі» қоғамы жанынан қазақ және орыс тіл­дерінде шыққан «Қызылжар» газетінің бет­терінде жарияланған «Из «демократов» – в сексоты», «Разговор на чистоту­ с коллегой», тағы басқа мақалаларын орыс жұртшылығы іздеп жүріп оқыды. Ал «Араздықты  қоздырудың тағы бір тү­рі» деген мақаласы менменсіген талай­лардың  аптығын басқан, ауыздарына құм құй­ған. Оның соңы «Сібір казактарының жер­лестігі» ұйымын тіркеттірмеуге әке­ліп соқтырған. 

– Мәкеңнің азан шақырып қойған аты – Майдан. Әкесінің қарулас досы «Қы­зыл армия жаппай шабуылға шықты. Бұл баланың аты Майдан болсын» деген екен. Ақтық демі таусылғанша мәң­­гі­лік майдан күресінде жүрді. Көзі тірі­сін­де  екі ғана марапат бұйырыпты.  Жур­­­­­налистер одағының сыйлығы осы саладағы қажырлы  еңбегі үшін тап­­­­­сырылды. «Қазақстан Республикасының Тәуел­сіздігіне 10 жыл» мерекелік медалі­мен марапатталушылардың тізіміне егемендікке үш қайнаса сорпасы қосыл­майтын шенеуніктердің, тіпті қазақ тіліне  мемлекеттік мәртебе беруге қасарыса қар­сы шыққандардың еніп кеткенін айман­дай әшкерелеп, «Еге­меннің» бетінде «сойып салған».Тәуелсіздікті нығайту жо­лында қала­­мымен қайрат көрсеткен Мә­кеңнің төсіне мерекелік медальді «Егемен Қазақ­стан» газетінің басшылығы таққан болатын.

Ең зор ілтипат – халықтың  құрметі.  Де­генмен ұлт мүддесі үшін сіңірген ұшан-теңіз игі істерін жергілікті биліктің ес­кермей келе жатқаны қынжылтады. Ала­сапыран уақытта елім, жерім деп жү­ректері лүпілдей соққан қызылжарлық па­триоттардың алдыңғы легінде Мәкең­нің көш бастап жүргенін олардың  біл­меуі мүмкін емес. «Алуа – менің айды­ным»  жинағына топтастырылған  есте­ліктер бөлімінде ол жөнінде тайға таңба бас­қандай етіп жазылған. Кейбірін келті­рейік.

Қуат Есімханов, қоғам қайраткері:    

– Қандай мәселені көтерсе де одан нәтиже шығармайынша, жеріне жеткізбей қоймайынша табандылық көрсететін адам еді.  Ана тілі мен рухымыздың жоқшысы, жанашыры ретінде де теріскей өңіріндегі қазақ тілінің жағдайы мен халықтық намыс, ұлттық рух жағы көш кейін қалып қойды деп ашық айтып жүрді.

Сабыр  Сеңкібаев, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты: 

– Бір сес­сияда  облыстың сол кездегі әкімі В.Гартман есеп беріп: «Жылу жоқ, газ жоқ, көмір жоқ, ақша жоқ, қайдан алуды білмейміз» деп жылаңқылана бастап еді, Мәлік орнынан атып тұрып: «Онда сіз бұл жерде не қылып тұрсыз, бұл сөзді сол ТЭЦ-тің кочегары да айтып береді. Халықты қараңғылықта  тоңдырып-жауратып отырған, қолынан түк келмейтін сіздердей басшыларды соттау керек», деп үнін өшіріп еді.

Жақсыбай Самрат, жазушы: 

– Солтүстіктегі  жілігінде намысы, қанында ұлттық сезімі бар қазақ атаулының бәрі Мәкеңнің төңірегіне топтасқан еді еліміз тәуелсіздік алған жылдары...Табанды күрес жүргізе білген Мәкең аты бүкіл республикаға белгілі болған арандатушы Супрунюк дегенді де екі жылға соттатып тынған болатын. Сөздері мен дәлелдері судьяны  бұлтартпай тастаған. «Егер Супрунюк осы жолы  әділ жазасын алмаса, онда оның айтып жүргендері  сіздіңше  дұрыс болғаны. Сіз де соны мойындағаныңыз.  Сіз де «қазақтың тілі жабайылардың тілі, өздері нас, надан» деп санағаныңыз» деген еді. Сөйтіп, бұған дейін екі рет сотқа тартылса да аман кеткен жәдігөй ақыры темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққан.

Осы айтылған пікірлер  орны бөлек, білімі жан-жақты тұлғаның  кесек мінезін айғақтап тұрғаны анық. 

Өкінішке қарай, білікті де  кәсіби қалам­гердің шығармашылығын айтпағанда ел мүд­­десі жолындағы қаһармандыққа то­­лы жанкешті күресін жас буынның білмеуіне қарағанда аты ұмытылып, есімі көмес­кілене бастағандай  күй кешетініміз рас. Сондықтан да  көшеге  есімін беру, ол тұрған үйге ескерткіш тақта орнату, бас­қа да ұлықтау шараларына  бірінші ке­зекте халық қалаулылары араласып, бас­тамашы  болғаны жөн. Облыстық мәс­лихаттың  депутаттығына екі рет сай­ланған әріптестерінің халық аманатын қалт­қысыз атқарған игі істерін насихаттап, тәжірибеге айналдырса, көрсетілген көп құрметтің бірі емес пе? Өздеріне берілген құзыреттер аясында  жергілікті билікті де иілтіп,  дегеніне көндірер еді. Екіншіден, жас қаламгерлер үшін  Мәлік Мұқанов атындағы арнайы сыйлық белгіленіп, баспасөз мерекесі қарсаңында тапсырылса, қандай ғанибет. Білім ошақ­тарына мәліктану дәрісін енгізу, артында қалған мол шығармашылық мұрасын зерделеу,  арнайы тақырып ретінде зерттеу, жинақ етіп бастыру – келешектің ісі.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы