Білім • 11 Қаңтар, 2019

«Өлкетану» оқулығы өткенге үңілтеді

2441 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа оқулық биылғы қаңтар айынан бастап өңірдегі жалпы білім беретін орта мектептерде оқытыла бастайды. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақа­ласының бір бөлімі «Туған жер» жобасы аясында жазылған «Өлкетану» оқулығының арнайы таныстырылымы өтті. 

«Өлкетану» оқулығы өткенге үңілтеді

Жиында сөз алған мемлекеттік педагогикалық университет ректоры, өңірдің өткені туралы жазыл­ған тарихи-танымдық «Өлкетану» оқу­лығын құрастырған ғылыми топ­тың жетекшісі Алтынбек Нұхұлы ата-бабалар мирас етіп қалдырған ел мен жердің тари­хын жоғалтпау екендігін атап өтті. «Өткен тарихты бола­шаққа жеткізу үшін оқу­шыларға таныс­тыру қажет. Бұл үлкен міндет. Біздің шығарған оқулығымыз 5,6,7-сы­нып­тарға арналған», дейді ол.

Оқулықты құрастырған автор­лар­дың тағы бірі – педагогика ғылым­­дарының докторы, профессор Мәнсия Әлинова. Профессордың сөзін­ше, «Өлкетану» сабағы тек жеке пән ретін­де емес, қазақ әде­биеті, география, Қазақ елінің тарихы және музыка пән­дері арқылы оқытылады. 

Оқулық ғылыми, пәндік, оқу-әдіс­темелік, әлеуметтік, «Рухани жаң­ғыру» мақаласының негізінде арнайы сарап­тамалардан өтті.

Оқулықтың құрылымы мен маз­мұнына келсек, әрине әр өңірдің өзін­дік тарихы бар. Бірнеше пәннің мәліметтері біріге отырып, 5-7 сынып­тың оқушысына жеңіл әрі түсінікті тілде жазылған. Ғалым­дардың дәл осы сыныптарға арнап жазуының да мәні бар. Сондай-ақ дәл осы жаста (11-13 жас) жас­өспі­рім­дер өз халқының ұлттық құндылықтарды қабылдап, тарихи сана қалыптасуының алғашқы сатысын бастайды.

Жалпы оқулықтың құрылымы 20 параграфтан тұрады. Оның бесеуі 5-сыныпта, жетеуі 6-сыныпта, сегіз параграфы 7-сыныпта өткізіледі. 

Мысалы, оқулықтағы «Туған өл­ке­нің аңыз-ертегілері» деген бөлім­­­де Жасыбай батырдың ерлігі тура­­лы және Абылай ханның «Жетім торы» күйінің шығу тарихы жазыл­ған. Сондай-ақ «Ескерткіштер» деген топ­тамадан өңірдегі тарихи ескерт­­кіш­тер, Екібастұздың Өлеңті ауылы маңын­дағы тастарда қашал­ған жазулар, петроглифтер туралы айтылады. 

Сонымен бірге «Өлкенің тарихи тұлғалары» деген тақырыпшаларда батырлар, билер, басқа да ұлы тұлға­лардың өмірбаяндары жазылып, суреттері басылған болса, ал «Туған өлке симфониясы», «Топонимдер», «Ту­ристік маршруттар» секілді тақы­рыптарда өңір ерекшеліктері жайлы қызықты, мәнді мәліметтер бар. 

Облыстық білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, барлық ақпа­раттарды бір жүйеге түсіріп оқулық жасап, сол арқылы кейінгі ұрпаққа таныстыру міндет. 

Жерлесіміз Сұлтанмахмұт Торай­ғыров – Алаштың әнұранын жаз­ған ақын. Алғаш рет қазақ әскери жасағын баянауылдық Жүсіпбек Аймауытов пен Қошке Кемеңгеров құрғаны, қазақ театрын Зейін Шаш­кин ашқаны сарғайған жазбалардан белгілі. Бүгінгі және келер ұрпақтар да осы өткен тарих жолдарын білуі керек.

Бұл күндері жалпы білім беретін барлық орта мектепте Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, география және музыка пәндеріне біріктірілген «Өлкетану» сабағының бағдарламасы әзірленуде. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін заманауи IT-технология­лардың көмегімен мектеп музейлерінің де жұмыстары ұйымдастырылуда. 

Сонымен қатар Елбасының «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» мақаласында ай­тыл­­ғандай, тарихи-археологиялық зерт­теу шараларына қатысуды жобалауда. 

Мысалы, облыс орталығындағы №19 мектептегі музей «Туған өлке кел­беті», «Өлкетану» бағытында және этно­гра­фия­лық, шығармашылық, ғылы­ми-зерттеу бойынша жұмыс істейді. 

Соңына қалдырған ғибратты мұрасы, өлке тарихы, ұлттық мәде­ниеті бір арнаға тоғысқан осын­дай музейлердің әрине оқушылар­ға рухани күш-жігер берері сөзсіз.

Ал қалалық оқу бөлімінің басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, қазір облыс орталығындағы мектептер «Өлкетану» оқулықтарымен сабақты бастап та кетті. Педагогтар да курстық дайындықтан өткен.

Ендігі мақсат – оқулықтағы әрбір пән арқылы туған жердің, өз өлке­сінің тарихын оқып білетін, өткенді бағалап, зерделей алатын патриот жастар тәрбиелеу.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен таныстырылым шарасы барысында облыс әкімінің орын­басары Мейрам Бегентаев мектеп оқу­шыларына өңір тарихы мен руханиятын танытудағы «Өлкетану» атты жаңа оқулықтың орны ерекше екенін атап өтті. Оқулықты құрастырып, да­йын­да­ған ректор Ал­тынбек Нұх­ұлы бас­та­ған ғалым­дар тобына алғыс білдірді. 

Осы ретте Алтынбек Нұх­ұлының бұған дейін де көптеген ғылыми ең­бек­тердің, мақа­ла­лар­дың авторы екенін айта кеткеніміз жөн. Ғалым­ның «Баянауыл пер­зент­тері», «Мұса Шорман­ұлы» сияқ­ты кітап­тары да жарық көрген.

Айтса айтқандай-ақ, көне Кереку өңі­рі­нің шежіресі тереңде. Өз­ге елдің тарихын оқып, біліп өскен ке­­шегі ұрпақ­тың ұл-қыздары бүгін, мі­не, сол тереңде жатқан өз хал­қы­ның өт­­ке­ніне үңіліп, зерделеуге мүмкіндік алды.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР