Солардың бірі – Атырау қаласының тұрғыны Альбина Ермекова. Егіз қыз бен ұлды дүниеге әкелген ана босану процесі қалыпты болғанын айтады. Балаларды реанимация бөліміне алып кеткен, бір аптадан кейін дәрігерлер ұлына қан құю керек депті. Көп ұзамай аузы-мұрнынан қан кеткен сәби қайтыс болды, оның артынан сыңары да кете барды, сөйтіп айдың-күннің аманында екі бірдей перзентінен айырылған жас ана аңырап қалды. Мұндай мысал жеткілікті. Сәбилері перзентханада шетінеген аналар жанайқайларын ақпарат құралдары арқылы жеткізуді жөн көргенге ұқсайды. «Балаларымыз дәрігерлердің біліксіздігінен көз жұмды» деген аналар облыстық перинаталдық орталықты тез арада тексеруді талап етіп отыр.
Осы мәселе бойынша Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық перинаталдық орталық басшылары мен педиаторлар түсінік берді. Олардың бәрі де бір ауыздан бала өлімі анасының денсаулығына байланысты және алдымен медициналық мекемелерде алдын алу жұмыстарын күшейту керек деген пікірде. Облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев: «Жаңа туған сәбилер арасындағы өлімнің басты себебі – ата-аналарының денсаулығы», дейді.
«Бала өлімінің басым бөлігі уақытынан бұрын босанғандарға тиесілі. Жоспарланбаған жүктілік деп те айтуға болады. Жүктілікті жоспарлап, кем дегенде 1,5 жыл аралықты сақтау керек, - деп есептейді Қуаныш Нысанбаев. – Бұл жерде алдын алу шараларының маңыздылығын да айта кету керек. Біздің орталықта медициналық қызметтердің сапасы бақылауда. Босанған әйелдермен жұмыс жүргізіледі. Уақытынан бұрын босану және бала салмағының аз болуы өлімге әкеледі. 2018 жылы облыстық перинаталдық орталықта жаңа туған сәбилер арасында 108 өлім тіркелді».
Әрине, шала туған шақалақтардың қатарға қосылып жатқандары да бар. Бұл ретте дәрігерлердің тынымсыз еңбектерін жоққа шығаруға болмайды. Алайда көңілге қаяу түсіретін тұстар да жоқ емес. Облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бөлімінің меңгерушісі Гүлмира Әбекеева: «Біздің орталықта уақытынан бұрын босанатындар саны артып отыр, соның ішінде салмағы тым аз сәбилер де бар. 2018 жылы салмағы өте төмен 300 нәресте түсті, олардың иммундық жүйелері төмен деңгейде болады. Аналарынан жыныстан тыс дерттер анықталды. Интергеникалық аралықты сақтамау проблемасы да жиі кездеседі. Бір қарағанда жай нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ осының бәрі баланың иммундық жүйесіне әсер етеді», дейді.
Бала өлімін облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері мерзімінен бұрын туу, жүкті әйелдердің тіркеуге кеш тұруы, құрсақ ішіндегі инфекциялар секілді бірнеше себептермен байланыстырады. Өңірдегі барлық емханалар мен ауруханаларда отбасын жоспарлау және репродукция бөлімдері ашылды. «Аналар мектебі» жұмыс істейді. Алдын алу шараларын жүргізуге қажет жағдайлар жасалған. «Барлық жерде патронажды мейірбике бар, олар жас аналармен жұмыс істеп, бәрін түсіндіреді. Тек соларға барып, айтқан нұсқауларының бәрін толық жасау керек, бірақ көп жағдайда бұл айтылғандар орындалмайды, – дейді Қуаныш Нысанбаев.
Балалар өлімінің жыл санап көбейіп келе жатқанын облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс педиатры Райса Баймұқанова да жасырмайды. 2017 жылы 146 сәби шетінесе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 176-ға жетті. «Әрине, жақсы көрсеткіш емес, бірақ бұл дәрігерлердің біліктіліктері төмендігін көрсетпейді, – дейді педиатр. – Әйелдердің денсаулықтары көңіл көншітпейді. Солай екен деп құр қарап отырғанымыз жоқ. Алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр».
Кім қалай дегенмен де, деректің бары шындық және жақсы жайт емес. Бала өлімі негізінен облыс орталығы Атырау қаласында көп тіркелген. Қазір аймақта 10 акушер-гинекологтің орыны бос тұр.
..Анасын бала, баласын ана жоқтамағанға не жетсін?
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ