Медицина • 11 Қаңтар, 2019

Анықтамаларды тегін алуға болады

478 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Осыдан біраз жыл бұрын отандастарымыз мемлекеттік немесе жеке ұйымдардың қызметіне жүгінген уақытта салық төлеушінің тіркеу нөмірі мен әлеуметтік жеке код (Бұлардың орысша қысқартылған атауы – РНН және СИК десек есімізге түсер) анықтамасынсыз аттап басуға мүмкін болмай қалғандығын жақсы біледі. Кейін елдегі жаппай цифрландырудың арқасында бұл екі жапырақ қағаздың орнын жеке куәліктегі жеке сәйкестендіру нөмірі басты. Дегенмен сергелдең мұнымен тау­сылды ма?

Анықтамаларды тегін алуға болады

Әрине, еліміздегі жаппай цифрландыру, еңбек өнімділігін арттыру бағдарламасы қазір күнделікті тірлікке дендеп енген­дігі анық байқалады. Жүйе­лер­ді біріктіру арқасында жеке және заңды тұлғалардың бос сабылысы азайып, уақыты мен қаражаты үнемделе бастады. Мәселен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсететін қызмет түр­ле­рі ай сайын толығып келеді. Дәлірек айтқанда, бүгінде барлық мемлекеттік қызметтің 82 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілуде. Мемлекеттік корпорацияның әлеуметтік бөлімі Елбасының тап­сыр­масын орындай отырып, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап 2 млн-нан аса зейнеткердің база­лық зейнетақы мөлшерін қайта есептеп шықты. Осының арқа­сында, зейнеткерлікке шығушы азаматтар ХҚО-ға келіп, бір ғана өтінім жазу арқылы зейнетақы төлемдерін тағайындата алады. 

Сондай-ақ барлық мемлекеттік қызметтің 60 пайызы онлайн түрде ұсынылуда, ал биыл бұл көрсеткіш 80 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Ең бастысы, халық арасында көлікті онлайн тіркеу, көлік жүргізушісі куәлігін онлайн ауыстыру, бала тууына қатысты проактивті қыз­мет сияқты мемлекеттік қыз­мет­тер сұранысқа ие болып отыр. Бұл – «Азаматтарға ар­нал­­ған үкімет» мемлекеттік кор­­порациясының басшысы Абы­лайхан Оспанов келтірген дерек­тер.

Ал жаңа жылдан басталған тың жаңалық ретінде наркологиялық және психоневрологиялық ұйым­нан анықтамалардың Egov порталына енгізілгендігін және те­гін екендігін айтуға болады. Кү­ні кеше жүргізуші куәлігін алу, жұмысқа тұру барысында сұра­ла­тын бұл анықтамалар халық­тың қал­тасына едә­у­ір салмақ әрі уа­қытын шығын­дай­тын бейнет болғаны рас. Медициналық орындардың үш минутта әзір болатын қос анықтамасына тұр­ғын­дар 4 мың теңгеге жуық қара­жатын жұм­сап келді. Міне, цифр­ландыру саясаты көптен бері халықтың көкейінде жүрген мә­се­леге де жетіп, бір бейнеттен арыл­тты.

Бұған дейін аталған анық­та­ма­ларды беретін ұйым­дар­дың жұмысына талдау жаса­ған прокуратура органдары бір жапырақ қағаз үшін жиналатын қаражаттың заңдылығына назар аударып, олардың тарифі белгіленген тәртіп бойынша бекітілмегендігін хабарлаған еді. Оған қоса, медициналық ұйым­дар ұсынылатын мемлекеттік қыз­меттің мақсатын білмеген, білсе де білмегендей болған. Соның нәтижесінде диспансер­лер анықтама алуға келген адам­дар­дың денсаулығын тексеруді қолға алып, құжаттың бағасы қым­баттап шыға келген. Іс жүзін­де олар мәліметтер қорына үңілуді дәрігерлік кеңес берудің санатына жатқыза салған.

Сайып келгенде, «электрон­ды үкімет» бұл келең­сіз­дік­ке нүкте қойды. Енді тек цифр­лы қолтаңбаңыз болса, анық­та­маны тиісті порталдан 15 ми­нут­тың ішінде тегін аласыз. Сөй­тіп, диспансерлердің кірісі төмен­дей­тін болса да, қарапайым халық үшін тағы бір игі іс жүзеге асты.

2019 жыл енгізген жаңа­лық­тардың бірі, цифрлы дә­уір­­дің тағы бір жетістігі – авто­кө­­лік жүргізушілерінің қағаз түр­ін­де­гі сақтандыру полисінен құ­тыл­ғандығы. Енді сақтандыру туралы мәліметті полиция қыз­мет­кері деректер қорынан қа­р­ай алатын болғандықтан, жүр­гі­зушілер оны қалтасына са­лып жүруге міндетті емес. Полиция да жол жүру ере­же­сі­нің «Жүргізушінің жалпы мін­дет­тері» бөліміне енгізілген өз­ге­ріске сәйкес көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық міндетті сақтандыру құжатының қағазын талап ете алмайды. Бұл да цифрландырудың жемісі.

Өткен жылдың соңындағы жиналыстардың бірінде Ақ­па­рат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қазір елі­міз­де көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттердің жалпы саны 741 екендігін және оның 454-і авто­мат­­тандырылғандығын атап өткен еді. Министрдің айтуынша, әлеуметтік еңбек саласында электронды еңбек биржасы енгізіліп, оның қызметін 81 мың­нан артық жұмыс беруші мен 373 мың жұмыс іздеуші алған. Ал денсаулық сақтау саласының 700 ұйымында медициналық құжаттар қағаз­сыз жүргізіліп, 13,3 млн адам­ның науқас тарихы электронды паспорттарға көшірілген екен. Мұндай үдеріс әлеуметтік саламен қатар, экономиканың барлық салаларында қолданылуда.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»