Білім • 11 Қаңтар, 2019

«Грант магистранттың соңынан ереді»

641 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов магистратура және докторантураға оқуға түсу ережелеріне енген өзгерістер туралы айтты. Бұл туралы вице-министр өзінің фейсбук парақшасында жариялады. 

«Грант магистранттың соңынан ереді»

«Біріншіден, магистратураға гранттар келесі жылдан бастап үміткерлердің бірыңғай емтиханының қорытындысы бойынша бөлінетін болады. Егер осыған дейін магистратураға гранттар ЖОО беріліп, олар өздері тапсырма дайындаған, өздері емтихан өткізіп, түсу туралы шешімді өздері қабылдаған еді. Енді GMAT форматы бойынша бірыңғай емтихан болады. Яғни, үміткерлерге Ұлттық тестілеу орталығы өткізетін кешендік тестілеуден өту керек», - деді  Асхат Аймағамбетов. 

Вице-министрдің айтуынша, жаңадан енгізілген өзгерістер гранттарды бөлудің әділетті жүзеге асуын қамтамасыз етіп қана қоймай, оқу орындарының арасындағы бәсекелестікті күшейтеді.

«Осылайша, «грант магистранттың соңынан ереді» деген қағида жүзеге асырылады. Бұл ЖОО бәсекелестігін арттырып, сөзсіз гранттардың ашық және әділ таратылуына септігін тигізеді. Магистратураға түсушілерге дайындық бағытының шеңберіндегі нақты білім беру бағдарламаларының тобын көрсету қажет. Үміткерлер шет тілін тапсырады (осыған дейін де солай болған), сондай-ақ білім алуға дайындығы бойынша және 2 салалық пәндер бойынша тестілер тапсырады», - деп жазады ол.

Сонымен қатар докторантураға түсу ережелеріне де бірқатар өзгерістер енген.

«Оқуға түсуші докторантураның салалық пәні бойынша қай ЖОО-на түссе, сол жерде, сол университетте емтихан тапсырады, сонымен қатар шет тілін білетінін растайтын сертификат ұсынады. Мұндағы басты өзгеріс - енді докторантураға түсу үшін халықаралық сертификат (сәйкесінше, IELTS, TOEFL және т.б.) талап етілетінінде. Шет тілі бойынша тестілеу докторантура бойынша енді Ұлттық тестілеу орталығы арқылы өткізілмейді. Сондықтан докторантураға түсемін деп ниет білдірушілер осы бағыт бойынша дайындалулары тиіс», - дейді Асхат Аймағамбетов.

Соңғы жаңалықтар