16 Қыркүйек, 2012

Броз Титоның қазақ даласындағы күндері

792 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Броз Титоның қазақ даласындағы күндері

Жексенбі, 16 қыркүйек 2012 12:40

1918 жыл. Бірінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен “ақ чехос­ловактар” корпусы Екатеринбург, Қазан, Уфа, Омбы қалаларында әскери бүлік шығарып, жас Кеңес өкіметін тығырыққа тіреді. Ресейдегі аумалы-төкпелі, қым-қиғаш оқи­ғалар Сібір өңірін мекендеген қазақ байларына ой сала бастады. Бір кездері бір қыздың қалың  малына бағаланатын ақ патшаның күміс сөлкебайлары құнсыз болып қалды. Уақытша үкіметтің премьер-министрі  Керенскийдің қолы қойылып, мөрі соғылып шыққан алақанның аумағындай ақшалары да бояуы кеппей жатып қауқарсыз халге түскен.

Жексенбі, 16 қыркүйек 2012 12:40

1918 жыл. Бірінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түскен “ақ чехос­ловактар” корпусы Екатеринбург, Қазан, Уфа, Омбы қалаларында әскери бүлік шығарып, жас Кеңес өкіметін тығырыққа тіреді. Ресейдегі аумалы-төкпелі, қым-қиғаш оқи­ғалар Сібір өңірін мекендеген қазақ байларына ой сала бастады. Бір кездері бір қыздың қалың  малына бағаланатын ақ патшаның күміс сөлкебайлары құнсыз болып қалды. Уақытша үкіметтің премьер-министрі  Керенскийдің қолы қойылып, мөрі соғылып шыққан алақанның аумағындай ақшалары да бояуы кеппей жатып қауқарсыз халге түскен.

Адмирал Колчактың Сібір үкіметі шығарған “көк бума” банкнот­тарының да болашағы бұлыңғыр еді. Сондықтан да Омбы қаласына таяу орналасқан Сібірдегі көзі ашық қазақ байлары қағаз ақшаларға қарағанда құнды дүние-мүлік жинап қалуға тырысты. Сондай жандардың бірі Атығай Иса бай еді. Өзімен тұстас шонжарларға қарағанда ертеңгі ұрпағының өмірін көш ілгері ойлайтын Исекең бұл мәселеде орыс деревняларындағыдай ұн тартатын диірмен салуға жоспар құрды. Бірақ оның тетігі мен саймандарын білетін орыс мұжықтарының барлығы майданға алынып кеткен еді. Одан аман-есен оралғандары өзара “ақ” пен “қызыл” болып, азамат соғысының бел ортасында шайқасып жатқан-ды. Дәл осындай аласапыран уақытта Иса байдың мекені Қойшыбай ауылына “ақ чехословактар” бүліншілігінен бой  тасалаған шетелдік үш тұтқын келді. Маңайдағы ауыл адамдарының ұзынқұлағы арқылы  Иса байдың ұн тартатын диірмен орнатуға жалдайтын кісі таба алмай жүргенін естіген олардың ойлағандары аяқ астынан табылғандай еді. Сөйтіп бұл үш жігіт іске бел шешіп кірісіп кетті. Өздері іскер екен. Көрші отырған орыс қалаларынан диірменнің тасын, астауын, ұн үктіретін құрал-саймандары мен тетіктерін оп-оңай тауып әкелді. Олардың ішіндегі орта бойлы, дембелше келген, жасы жиырманың бел ортасындағы Иосип атты жігіттің іс-қимылы, шаруаға тиянақтылығы ерекше-тін. Оның әсіресе әрбір іске байыппен қарайтын байсалдылығы мен зеректігі де ауыл қазақтарының назарына бірден ілікті. Жергілікті қазақтар оны Жүсіп деп атап кетті. Бұл 1918  жылдың күзі болатын…

Аз ғана уақыт ішінде Қойшыбай ауылының адамдарымен етене араласып кеткен шетелдік әскери тұтқын Иосип Жүсіп қазақ тілін біршама деңгейде үйреніп алды. (Иосип Броз Тито 1936 жылы Мәскеуде өткен Коминтерннің VІІ конгресінде Югославия коммунистік партиясының атынан мүше болып сайланғандағы өмірбаяндық сауалнамасын толтырған кезде Кеңес одағы халықтарының ішінде орыс, қырғыз тілдерін білемін деп жазған). Жүсіптің қолынан іс келетін шеберлігіне, нар тәуекелшіл қасиеттеріне риза болған Исекең: “Бұл тегін жігіт емес, жанарынан от ұшқындап тұр. Түбінде бір елдің марқасқасы болады”,  – деп өзінше пайым жасап отырады екен. Диірмен құрылысы аяқталғаннан кейін де Иса бай Жүсіптің еңбегіне риза болғандықтан заман бір арнаға келіп тынышталғанша осы жерде жүре беруіне кеңес береді. Қойшыбай ауылынан пана тапқан Жүсіп көп ұзамай көрші деревнядағы орыс мұжығының Пелагея атты қызымен көңіл қосып, олардан Анастасия деген қыз бала дүниеге келеді. Жас отаудың шаңырақ құрып, үй болу шығынын Иса байдың өзі көтерген. Осылайша ол дәмнің айдауымен туған жері Балқаннан жыраққа кетіп, Сепкрай (орыстың “северный край” деген сөзінен қысқартып алынған) қазақтарының арасында екі жылдай тұрақтап қалады.

1920 жылдың күзінде М.Тухачевский қолбасшылық еткен қызылдардың 5-армиясы адмирал Колчак үкіметінің астанасы Омбы қаласын алды. Оның ізінше  мұнда большевиктер бастаған Кеңес үкіметі орнады. Ұзақ уақыт бойы  тұтқында жүріп Балқан тауының бөктеріндегі туған жерін сағынған Жүсіп осыдан кейін еліне жүруге бел байлады. Бұл 1920 жылдың күзі еді.

КСРО-ның тарихи құжаттарында Югославия басшысы Иосип Броз Титоның бірінші дүниежүзілік соғыста Австро-Венгрия әскерінің құрамында 1915 жылы орыс армиясына тұтқынға түскені, Сібірге айдалғаны, 1917 жылы лагерьден қашып шығып, Омбы қаласының маңында ақ гвардияшыларға қарсы большевиктік үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгендігі туралы мәліметтер бар. Бірақ оның сол большевик­тердің қарапайым халыққа жасаған қиянаты мен ақ гвардияшылардың зорлық-замбылықтарына куә болғаны өз алдына, олардың арасындағы қантөгіс жанжалдан аулақ болып, Сібірдегі қазақ ауылдарында бой тасалай жасырынып жүргені жайында тек қана сол жердің көнекөз ақсақалдары ғана білді.  Сөйтіп, бұл дерек кеңестік саясаттың сайқал көлеңкесінде сайтан­ның адастырған жолындай ескерусіз қалды. Ол Азия құрлығының дәл ортасында көлденең көк аттыға астындағы жалғыз тайын сойып беретін қазақтай жомарт та мәрт   халықтың бар екендігін көзімен көріп, салт-дәстүрін танып білді. Осындай қонақжай халықтың батасын алған ол Балқан тауындағы Австро-Венгрия мемлекетінің тепкісінде езіліп келген  жұртын құлдық бұғаудан  құтқару үшін саясат әлемінің сахнасына араласуға еліне қайтты.

Достықтың белгісі ретінде Югославия Президенті Иосип Броз Тито 1956 жылдың маусымында араға жиырма жыл уақыт салып (бұдан бұрын 1936 жылы ол Мәскеуде Коминтерннің VІІ конгресінде болып қайтқан-тын). Кеңес еліне ресми сапармен келді. 1960 жылдың басындағы Мәскеуге тағы бір кезекті сапары кезінде жетпіске таяп қалған  Иосип Броз Тито Кремльдің бас­шыларынан өзінің жастық шағының ұмытылмас сәттері өткен Сібір өңірін аралап қайтуға рұқсат сұрады. Осы жолы ол сол кездегі тар жол, тайғақ кешуде қол ұшын беріп, ерекше  шапағаты тиген қазақ байы Иса және оның ұрпақтары туралы сұрастырды. КСРО бас­шылығы әуел баста оның тілегін қабыл алып,  же­дел Омбы  облыстық парт­ия комитетіне хабар берді. Олардан қазіргі Қойшыбай ауылына дейінгі жолдарды екі аралықтағы деревнялардың үйлерін ақтап, шарбақтарын  сырлауға нұсқау беріле бастады. Бұл шаралардың бәрі де тез арада бітуі тиіс еді. Қойшыбай ауылында тұратын Иса байдың ұлы Айдархан  облыстық партия комитетіне шақырылып, оған үлкен қонақты қалай қарсы алу керектігі, коммунизм идеяларының КСРО-да қалай жүзеге асырылып жатқандығы жайында дұрыс сөз  сөйлей білуі жөнінде ақыл-кеңестер айтылды.

Бірақ, Иосип Броз Титоға жастық шағының жалындаған күндері өткен Сібір өңірін, кең пейілді қазақ достарын екінші мәрте көруге тағдыр жазбады. Оның жолын кескен сол кездегі “жүгері науқанының” қырсығы еді.  Кеңес одағының басшысы Н.С.Хру­щевтің Канададан алып келген “барлық аймақтарға жүгері өсіру” әдісі бойынша тұқым мамыр айының мамыражай күндерінде жерге тегіс себілді де, іле-шала маусымның басында бойы тізеден келіп желкілдеген өсімдік оқыс жауған қарлы жаңбырдан кейін суыққа ұрынып, мүлде солып қалды.  Әрине, мұндай масқара көрініс өркениетке бет бұрған батыстағы үлкен елдің басшысының көзіне түссе, Кеңес одағы  көсемінің дүниежүзі алдындағы абыройы айрандай төгілетіні анық еді. Бұл аз дегендей, құрметті қонақ   сібірліктердің көшедегі  шұбатылған азық-түлік кезегін көріп қалса,  еліне не деп айтып барар еді.  Осы жағдайларды еске­ріп, ой елегінен өткізген Кеңес одағының басшы­лары Иосип Броз Титоның Омбы облысына келуіне түрлі сылтаулар айтып рұқсат бермеді. Қадірменді қонақтың көңілі   қалмасын деп СОКП-ның сарбаздары Айдарханды Омбыға шақыртып, Югославия Президентінің сәлемдемесін ғана жеткізді. Мәртебелі мейман Айдарханның әкесі Исаның құрметіне ескерткіш-белгі ретінде алтын қол сағат пен “ЗИМ” жеңіл автомашинасын тарту еткен еді. Бір өкініштісі,  сол уақыттағы жекеменшік өлшемге деген нобайлы көзқараспен дәл мұндай қымбат бағалы автомашина нақты иесіне бұйырмады. Әртүрлі айла-шарғы қолданып, оны Омбы облыстық партия комитетінің  бірінші хатшысы мемлекет меншігіне алып қойды.

Алпысыншы жылдары партия-кеңес  органдарында жауапты қызмет атқарған адамдардың үлкен мейманды күтуі үшін жанталасып қарбаласқан сәттерін көзімен көрген азаматтар бұл аймақта қазір де баршылық. Сол жылдардың куәгерлерінің бірі, Омбы маңайында агроном, бөлімше меңгерушісі қызметін атқарған Мұхамедияр Садықұлы бүгінгі күні Астанада тұрады. Ал осы мағлұматтарды жинастыруға  түрткі болған Зей­нолла Оспанов қария Солтүстік Қазақстан облы­сын­дағы Ақжар ауданының Ұялы ауылында өмір кешуде.

Иосип Броз Титоның біздің төңіректегі қазақтардың арасында өмір сүргені туралы алғашқы деректерді мен немере ағам, марқұм Ғазиз Әубәкіровтен естіген едім. “Жүсіптің” салып берген диірмені Омбы облысы, Марьяновка ауданындағы қазіргі Васильевка селосында бертінге дейін жұмыс істеп тұрды.  Бала кезімде әкем Шайкен жыл сайын Омбының “казачий базарына” өзіміздің үйдегі асырап баққан мал және құс еттерін апарып сататын және қаладағы ағайын-жекжаттардың амандығын біліп қайтатын. Оған еріп мен де  Омбыға талай барғаным есімде. Сонда барлық шаруа тәмам­далған соң  ол кісі жолшыбай Васильевка деревнясындағы орыс тамырларына соғатын да олардан біршама уақытқа жететіндей ұн алып қайтатын. Сонда үлкен жолға таяу селоның шетіне орналасқан жел диірмен ерекше көз тартып тұратын. Бұл Иосип Броз Титоның бір кездері Иса байға салып берген диірмені еді.  Исаның баласы Айдархан көп жылдар сол Қойшыбай ауылында бөлімше меңгерушісі болып қызмет істеді. Бүгінде қайтыс болған. Оның балалары осы облыстың Шарбақкөл ауданында өмір сүріп жатыр.

Бұл мәліметтер Ресей Федерациясының Омбы облысынан жинастырылды. Иосип Броз Тито жөнінде естелік-мәліметтерді  айтуға көмегін көрсеткен қадірлі ақсақалдар: Зейнолла Оспановқа, Мұхамедияр Садықовқа, Ұлы Отан соғысының ардагері, Омбы облысы, Шарбақкөл ауданындағы Құдықшілік ауылының ақсақалы Ғалиякпар Нұрмағамбетовке рахмет айта отырып, халқымыздың дана да шежіре қарттары арамызда аман-сау жүре берсін деп тілейік.

Шалқарбек КӘРІБАЙ,
журналист.

Ресей Федерациясы.
Омбы.

18 тамыз 2002 жыл.