Қазақстан • 14 Қаңтар, 2019

Желілік олимпиада жеңімпаздары анықталды

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында Зияткерлік мектептер арасындағы желілік олимпиаданың үшінші кезеңі жалпы білім беру пәндері бойынша өтті. Үшінші мегаполисте, яғни Шымкенттегі xимия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 21 зияткерлік мектептің 250-ден астам оқушысы математика және қазақ, орыс, ағылшын, француз, неміс тілдерінен жарысқа түсті.

Желілік олимпиада жеңімпаздары анықталды

Міне, осы оқушы мен мұғалімнің еңбегі сыналатын білім сайысы қорытындысы бойынша 103 оқушы марапатқа ие болды. Ал жүлдегерлер саны бойынша бірінші орынға, яғни «Әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы пəндер бойынша үздік олимпиадалық команда» атағына Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі мен Павлодар қаласының НЗМ-і ие болды. Тілдік жəне математикалық олимпиадаларға қатысқан оқушылардың 24-і жеңімпаз дипломына ие болды.

«Еліміздің барлық өңірінен келген қатысушылардың барлығы пәнді үздік білетіні және дайындықпен келгені анық. Сондықтан да болар сын барысында аздап қобалжыдым. Дегенмен, жүлдегерлер қатарынан көрінетініме сенімді болдым. Өзіме, өз еңбегіме сендім. Ұстаздарымның артқан сенімі де жігерлендірді», - дейді білім бәсекесінде ағылшын тілі желісі бойынша екінші орынды еншілеген Шымкент қаласы ХББ Зияткерлік мектебінің оқушысы Іңкәр Ғалымжанқызы.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломды салтанатты түрде табыс еткен Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ақерке Абылайхан оқушылардың білімге деген ынтасын жоғары бағалап, сәттілік тіледі. Енді жеңімпаздар Зияткерлік мектептердің намысын республикалық олимпиадада қорғайтын болады.

Осы арада айта кетелік, жуырда  «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов кездесіп, өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын. Осы меморандум аясында Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі қаладағы 20 жетекші білім ошағымен тығыз-қарым қатынаста жұмыс істейтін болады.

«Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы зияткерлік мектептердің тәжірибесін елдегі бүкіл білім беру жүйесіне таратып, барлық білім беру мекемелерін солардың деңгейіне шығару керек екенін айтты. Осыған орай қалалық Білім басқармасына қарасты мектептердің білім жүйесіне жаңартылған оқу мазмұнын негізге ала отырып, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесі енгізіледі. Яғни, Шымкенттегі 15 мыңға жуық педагог аталған білім ошағының оқу бағдарламасын меңгереді», - дейді мектеп директоры Балқан Қасымов.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Шымкент