Бәрімізге белгілі екі жыл бұрын Ұлыбритания ЕО-дан шығатынын мәлімдеді. Бірақ бүгінге дейін жағдай әлі де түсініксіз. Жағдайдың шиеленісуіне төрт себеп бар. Олар:
- Екі жақтың келісімге келе алмауы. Ұлыбритания парламентінде өткен дауыс беру нәтижесінде депутаттардың 52%-ы келісіп, 48%-ы қарсылығын білдірген-ді. Бірақ дауыс беру кезінде ешкім «брексит» мәселесінің қалай боларын түсінбеген де еді.
Еуроодақ пен Ұлыбритания келісімге келді. Ендігі кезек Ұлыбритания парламентінің келісімінде. Тереза Мэй кешегі жеңілісінен кейін үш күн ішінде «Б» жоспарын ұсынуға міндетті.
- «Жеңіл» әлде «қатаң» брексит? Британия мен ЕО достығы сақталып қала ма?
Қатты брексит жағдайында ЕО-мен байланысты үзуге тура келсе, жеңіл брексит жағдайында мемлекет ЕО-мен достығын сақтап қалады, алайда олардың ережелері мен заңдарына бағынуға міндетті болады.
- Иммиграция. Премьер-Министр «брекситтен» кейін Ұлыбританияға келе алатын ЕО азаматтарының санын қысқартқысы келеді. Бұл Еуропаға көшіп жатқан британдықтарға да әсерін тигізуі мүмкін.
- Солтүстік Ирландия мәселесі. Ирландия мен Солтүстік Ирландия екі мемлекеттің жерінде орналасқан. Дегенмен араларында ешқандай шекара жоқ. Егер Біріккен Корольдік шекара одағынан кетсе, мемлекеттер арасындағы жүк машиналарын тексеретін шекара белгілеу керек болады. Бұл – брекситті тығырыққа тіреген мәселе. Шекараны қайта тұрғызу Солтүстік Ирландияда орын алған бұрынғы зорлық пен ушығуға алып келеді деседі.
Негізі, екі жақ та шекара мәселесін қаламайды. Бірақ бұдан құтқарар амал бар ма? Соңғы келіссөзде Ұлыбритания ЕО-дан шыққан кездегі «өтпелі кезең» мәселесі қарастырылды. Шекара мәселесі шешілмейінше, Ұлыбритания Еуроодақ заңдарына бағынышты бола береді. Бұл ЕО-мен келісімге қарсы тарапты алаңдатып жатыр. «Өтпелі кезең» мерізіміне дейін шекара мәселесі шешілмесе, «қосымша жоспарға» жүгінуден басқа амал қалмайды. Бұл екі жақ райынан қайтпайынша, Солтүстік Ирландия шекара одағының құрамында қалады деген сөз.
ЕО-дан шығу 2019 жылдың 29 наурызына сағат 23:00-ге (Лондон бойынша) белгіленген. Шешім қабылдау үшін санаулы күндер қалды.