Ағаларым-ай!..
Жексенбі, 25 қараша 2012 0:30
Сонау Ахмет Байтұрсынұлынан бастау алатын қазақ тіл білімін зерттеп, зерделеуге алпыс жылдан аса саналы өмірін арнаған, қазақ қыздарының арасынан филология ғылымының докторы деген атақты алғаш алған, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, профессор Аққал Қалыбайқызының (Хасенова) терминология, орфография, грамматика, диалектология мәселелеріне арналған іргелі жұмыстары қалың жұртшылық игілігіне айналғалы қашан. Біз бұл арада апамыздың ондаған монографиялық кітаптарын, жүздеген мақалаларын тізіп жатуды мақсат етпедік.
Жексенбі, 25 қараша 2012 0:30
Сонау Ахмет Байтұрсынұлынан бастау алатын қазақ тіл білімін зерттеп, зерделеуге алпыс жылдан аса саналы өмірін арнаған, қазақ қыздарының арасынан филология ғылымының докторы деген атақты алғаш алған, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, профессор Аққал Қалыбайқызының (Хасенова) терминология, орфография, грамматика, диалектология мәселелеріне арналған іргелі жұмыстары қалың жұртшылық игілігіне айналғалы қашан. Біз бұл арада апамыздың ондаған монографиялық кітаптарын, жүздеген мақалаларын тізіп жатуды мақсат етпедік. Өмірдің қиындығын тарта жүріп, жақсылығына жеткен, ғылымға ден қоя отырып өнерді өгейсітпеген, соның арқасында қазақтың небір маңдайалды ұл-қыздарының ілтипатына ие болған жанның олар туралы айтқандарының кейбірін қағазға түсіріп, оқырманның назарына ұсынуды жөн көрдік.
Мәлік аға
Ұстаз бен шәкірт! Құстың қос қанатындай бұл екі сөз лексика – семантикалық тұтастықты білдіреді. Мен – батырлықтың үлгісін көрсеткен, жан-дүниесі таза, кісілік келбеті бөлек, адамгершілігімен білгендердің есінде мәңгілік қалған, ұстаз деген ұғымды ақыл-парасатымен санаңа сіңірген Мәлік Ғабдуллинді өзіме үлгі тұтқан адаммын. Ол кісіден тек мейірім, шапағаттан басқа, зәбір көріп, жапа шектім деген бір пендені ұзақ өмірімде көрмеппін. Майдангер, Кеңес Одағының Батыры еді. Бірақ, мен батыр едім, майдангер едім деп кеуде кермейтін. Адамдық, азаматтық қалыбын бұзбайтын. Ол ойға кемел, ақылға бай болатын. Ізет-инабатымен, биязылығымен, бекзаттығымен, рухани мықтылығымен ерекшеленетін. Мейірім төккен қос жанары, толқынды қара шашы, орынды жерде айтар әзілі қандай? Әсірес, жастарға жасар қамқорлығы бөлек еді. Мен соның көбін көрдім. Сондықтан да өзімді ұстазымның алдында қарыздар санаймын.
“Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік”, – деп Абай данышпан айтқандай, сексеннің сеңгіріне дейін талай өмір өткелдерін артта қалдырдық. Абай сөзін еске түсіруімнің де жөні бар. Мен – Өзбекстандағы Жоғарғы Шыршық өңірінде өмірге келген адаммын. Бір кездері ол жерде қаймағы бұзылмаған қазақ жұрты отырып еді. Алты жаста әкеден, он жаста шешеден жетім қалдым. Ташкент қаласындағы №5 қазақ балалар үйінде тәрбиелендім. Алты жасымнан білімге ұмтылдым. Он үш жасымда жеті жылдықты үздік бітіріп, он алты жасымда сол кездегі мұғалімдер техникумына түстім. Техникумды үздік бітіріп, он жылдық мектепке қазақ тілі мен әдебиеті, неміс тілі пәндерінен сабақ беретін мұғалім болып орналастым. Бірақ жоғары білім алсам деген ниет 1940 жылы қысқы каникулда қара шаңырақ ҚазПИ-ге жетелеп әкелді. Сырттай оқуға іліндім. Сонда әдебиет теориясынан бірінші емтихан тапсырған адам, “5” деген баға қойған мұғалім – Мәлік аға еді. Маусымда сұрапыл соғыс басталды. Қамығып жүрсем де шілдеде, Алматыға жазғы сессияға келдім. Мәлік ағадан тағы дәріс тыңдадым. Сол 1941 жылғы 17 шілдеде, ертеңгі сағат 9-да Мәлік аға үш-төрт адаммен аудиторияға кірді. Толқынды бұйра шашын қырғызып тастапты. Өңі сұсты көрінді. Жәудірей қарап біздер отырмыз. “Жігіттер, қыздар, мен бүгіннен бастап әскер қатарындамын, емтиханды Әлішер (Асқар Тоқмағамбетовтің інісі) алады”,– деді. “Ағай!” – деппін көзіме жас үйіріліп. Бұлай деуге себеп, сырттан келген соң ба, әлде білімге құштарлығымды аңғара ма, жан-дүниемді сезе ме – Мәлік аға ылғи маған іш тарта қарайтын. Осы күні құнды заттарымның бірі ретінде жүрегімнің тұсында ұстап жүрген қызыл түсті сынақ кітапшама “1941. 17.07. “5” деп қол қойды да шығып жүре берді. Үміт пен үрей шарпысқан сол күн күні бүгінге дейін көз алдымда тұр.
Бұдан кейін Алматы жайына қалды. Ташкенттің Низами атындағы педагогикалық институтына барып, өзбек тілі мен әдебиеті факультетіне тағы да сырттай түсіп, екінші, үшінші курсты да үздік бітіріп ауылға қайттым. Бірақ есім барда елді тапсам деген бір ой санамнан шықпай жүретін. Содан 1944 жылы Алматыға келіп, ҚазПИ-дегі баяғы оқуымды жалғадым. Жалғағанда төртінші курс қана. Оны 1945 жылы және үздік бітіріп шықтым. Академияның Тіл, әдебиет және өнер институтына Мәулен Балақаев аға өзіне аспирант етіп қалдырды.
Өлім мен өмір беттескенде Мәлік аға омырауына Алтын Жұлдыз тақты. Ұстазым батыр атанғанда, Өзбекстанда жүріп қуанғаным, ол кісі туралы айналама жыр қылып айтып, мақтанғаным өз алдына бір әңгіме. Мәлік аға соғыстан, мен Өзбекстаннан келгеннен кейін жұбымыз жазылмады. Алқалы жиындарда, ғылыми кеңестерде бір жүрдік. Әзілі мен қалжыңы айналасын күлкіге кенелтетін. Білімі ұшан-теңіз еді. Фольклоршы бола тұра, тілді де терең білетін. Ғылыми кеңестерде қазақ тілінің тазалығы, оның байлығы, термин мәселесі туралы айтқанда талайды тықсырып жіберетін. Енді ойласам, сөз асылы ұлттық фольклорымызда екен ғой?!
Жақсының жақсы қасиетін айтсаң тауыса аларсың ба. Мәлік аға ғылыми кеңестерде, түрлі жиналыстарда айналасына жіті қарап, аңғарғандарын, байқағандарын екі жол, төрт жол, одан да көп өлең шумақтарына түсіріп соңына “Жартыбайдың шәкірті”, “Жартыбайдың жиені” деп қол қойып, өзі сырласып жүретін адамдарға беріп отыратын. Ондай өлеңдердің біразы менде де бар. Бір жолы: “Жартыбай деген ақынды естімеген едім. Ол қандай ақын?” – дегенімде: “Е, қазақ біткен өлең ұйқастырады, мен де, өзің де, өзге де, бірақ оның бәрі Абайдай бүтін ақын емес, жарты ақындар ғой. Ендеше Жартыбайдың жиені, шәкірті болмағанда, кім боламыз”, – деді. Тағы бірде “Аққал, қазақта Мағжан деген бір бүтін ақын бар”, – деп құлағыма сыбырлағаны есімде.
Мұхтар дана
Мұхтар аға Әуезов жазушы ғана емес, ұлтжанды ұлы тұлға, дара туған данышпан еді ғой. Сондай адамнан көрген үлгі, алған тәлімім аз болмады. Әдебиет институтында қызметтес болдық. Менің бас қосқан жарым, белгілі әдебиетші ғалым Манап Хасенов еді. Ол кісі алыптар тобының қатарынан орын алған Ғабиден аға Мұстафиннің жақын туысы болып келетін. Сол асыл ағаның елу жылдығы филармонияда өтіп, артынан үйінде жалғасты. Ғабиден аға арнайы әнші шақырмапты. Ұзақ кеште мандолинмен ән айттым. Осыдан кейін ол кісі маған жылы қабақ танытып, ән айтқызып, тыңдап жүрді. 1959 жылы Лениндік сыйлық алуына байланысты үйінде қазақтың біраз азаматтары болдық. Құттықтау тостар ағыл-тегіл айтылып жатты. Мұхаң менен ән қолқалап отырды. Бәлсінбедім. Маған да сөз кезегі келгенде: “Аққал, ақ тілегің ән болсын!”– деді. Айтқанын екі етпедім. Бұл жолғы әндер мандолинмен емес, Бақытжан Байқадамовтың пианиномен сүйемелдеуімен айтылды. Біз қатысқан отырыс түн ауғанша созылды. Адамның көңілі тасығанда дауыс қарлықпайды екен. Оның үстіне жүзі нұр шашып, “Шір-кін, Аққалдың әні!” – деп Мұхаң отырса ше!
Мұхтар аға туралы сөзімді ол кісінің ұлтжандылығынан бастап едім. Біз тегімізді ұмытып, ортақ туға жармасып келген сол кер заманда ол кісі қазақ бір адамға кемісе қабырғасы қайысып жүреді екен. Оған мына бір мысалды келтіре кетейін. Мұхтар аға Ташкентке барған бір сапарында маған төрт атадан қосылатын Жұмабай әулетінен тараған Махамат Мұхамедәліұлымен дастархандас болыпты. Махамат аға сырттан келгенде Мұхаң: “Қазақ дегенің осы жігіт пе, бұл нағыз өзбек жігіті ғой!”, – дегенде Махаң да әзілмен жауап беріп: “Өзбек десеңіз өзбек боламыз, қазақ десеңіз қазақ боламыз”, – депті. “Туғандарың бар ма?”. “Бір інім бар”. Мұхаң: “Пәлі, қазақ халқы екі адамға азайып кетіпті ғой. Балаларың нешеу?” “Сегіз балам бар, Мұха!”. “О! енді қайттым, енді қайттым, ә! Екеу десем, он екі екен ғой. Енді қайттым!” –деп қатты қысылыпты.
Қазір кезінде Ресей думасына депутат болып сайланған сол Жұмабай атамның ұрпақтары өткен ғасыр ортасынан бергі кезеңде қазақтар және өзбектер болып екіге бөлініп кетті.
Иә, өкінішсіз өмір болған ба!? Мұхтар аға өмірден өтер алдында соңғы пікірлескен адамдардың бірі мен едім. Бір жарым сағаттай Мәскеудегі Кунцово (1961 жылғы 24 маусым) ауруханасында сұхбаттасып едік. Мұхаң өлім емес, өмір жайлы көп әңгіме айтқан. Алдында хат жазысып тұрғанбыз. Ешқандай күдік білдірмеді. Бір сәтте “Өскен өркен” романының қолжазбасының ең соңына хаттарыңды көшіріп жаздым. Ыстық лебіз, көңіл сазың сақтаулы”– деді. Оған мен мән бере қоймадым. Қоштасып кете бардым. 27 маусым күні ұлы жүректің тоқтағанын телефоннан естігенде көңілді қайғы, көзді жас кернеді. Ауруханаға барсақ Мұхаң жалғыз табытта жатыр. Айналасында бұрын қаумалап жүретін жұрт көрінбейді. Үш күн бұрынғы жайдары жүз, үлкен үміт, алдағы күндер арманы – бәрі-бәрі өң мен түс тәрізді. Ұйықтап жатқан адам секілді. Үш күн бұрынғы жылы да жұмсақ алақанын кеудесіне көлденең қойыпты. Еңкейе еңіреп тұрған мені көруден көзі ұялып, бір сәтке ғана қос жанарын жұмып жатқандай елестеді.
Қарап отырсам ол кісі жасаған 63 жас түк емес екен ғой!
Ғабиден қайнаға
Ғабиден аға Манап екеумізді ерекше жақсы көруші еді. Дастархан жайса бізді қалдырмайтын. Мұхтар аға екеуінің әзілі де бөлек болатын. Мұхаң жаңа жайға көшіп, қазіргі Абай атындағы опера және балет театрының қарсысындағы үй Ғабиден ағаға тиді. Соның құрметіне Ғабиден ағалар жақсы мен жайсаңдардың басын қосып, үлкен отырыс өткізді. Сондағы әзіл-қалжыңда шек жоқ еді. Мұхтар аға: “Әй, сен – сары, сараңсың”,– десе Ғабиден аға да есесін жібермейді. Қажы тұқымынан екенін көлденең тартады. Сөзден сөз туып, түр-түстеріне көшеді. Ғабең болса да шикіл сары. Мұхаң – қара, мавр. “Қара болсам, мен өсе келе болыппын. Әйтпесе, жеңгелерім кіші кезімде “Әппақ бала” деп, бертін келе “Ақ жігіт” атанып едім”,– десе Мұхаң ол кісіден Ғабең де қалыспай: “Пәлі! Мұхтар десе, дегендей шығар. Мені де жеңгелерім жас күнімде “Қара бала” дейтін. Өсе келе сарғайып кетсем керек, шамасы”, – деп бәрімізді мәз-мәйрам етеді.
Осы күндері олар туралы кейінгілерге айтсам қиялдай көрінеді. Бұл да жөн. Себебі, олардың тұлғасы артқы ұрпаққа биік көрінетіні заңдылық. Дана да – бала, адам, азамат болған ғой.
Ғабиден аға ән десе ішкен асын жерге қоятын. Біраз жылын қала сыртында өткізгені мәлім. Анда-санда маған: “Аққал, тез келе қойшы!” – деп телефон соғатын. Барсаң үйінде әншілер отырады. Бір жолы тағы шақырған соң бардым. Төрде Жүсіпбек аға Елебеков отыр. “Ал, Түсеке, (Жүсеке дегенді Ғабең Түсеке деуші еді) Аққал екеуің әнді бір әуелетіңдерші, мына жасыл бақтың ішін жаңғыртып”,– деді. Бірақ мен еркін көсіле алмадым. Ғабең: “Жүз адамның алдында қысылмаушы едің, Аққал!” – дегенде мен Мәлік ұстазымның “Абай бүтін ақын” деген сөзін еске түсіріп, “Жүсіпбек аға бүтін әнші ғой!” дедім. Жазушы да, әнші де менің бұл сөзіме дән разы болды.
Бір жолы Ғабең: “Қытайдан Әмина Нұғыманова деген жақсы әнші келіпті. Екеуіңнің басыңды қосып бір ән тыңдасам” деп жүрді. Мен Әминаны бұрын білетін едім. ”Бір жақтанбыз ғой!”– деп туған сіңілісіндей көріп, бауырына тартып, қамқорлық көрсетіп жүретін, қазақтың кең даласындай дауысы бөлек, адамгершілігі мол дарынды әнші апайым Жамал Омарова Әминаны алғашқылардың бірі болып үйіне қонақ еткен болатын. Сонда Әмина екеуміз халқының қадірлісі атанған Жамал апамызды ортаға алып, бір таң ән салған едік.
Жақсыны жатсынбайтын сол дәстүр Ғабеңнің үйінде де жалғасқан. Алдымен Әмина шеттегі ағайындардың әнін айтты. Білетініме мен де қосылып отырдым. “Апыр-ау, мен Аққалды Әминаға таныстырамын ба десем, бұрыннан біріңді-бірің білетін болып шықтыңдар ғой. Жамалдың осындай бір көрегендігі бар, алдыңды орап кететін!” деп Ғабең бізге қарап күлімдеп еді.
Сол асыл аға, аяулы қайнаға Ғабең арқылы біз көп жұртпен жүздестік. Қайтыс боларынан үш күн бұрын Ғабең телефон шалып: “Аққал, үйге келіп кетші”,– деді. Ол кісі шақырса, менің қол-аяғым жерге тиген бе, бардым. “Сен баяғыдай ән сала бермейсің ғой! Еркін отырып әңгімелесейік”,– деді. Асыл аға әңгіме үстінде өзі білетін алдыңғы толқынды, замандастарын, кейінгі іні-қарындастарын, ел-жұртын есіне алды. Мен кетіп бара жатқанда: “Аққал, шақырта бермей, өзің жүгіріп келіп тұрсаңшы!” – дегенде: “Аға, баяғы құрақ ұшар жастық менен де алыстап барады-ау!” деп қалып едім: “Мұхаңның сөзімен айтқанда, пәлі, сен маған қарағанда жас емессің бе?!” деп қиыла қарап қалған.
Ажал, шіркін, арсыз ғой! Үш күннен кейін Ғабиден ағаның да жүрегі тоқтап қалды деген суық сөз телефон арқылы жетті. Неге екенін қайдам, Мұхаң да осылай мен барғаннан кейін, үш күннен соң дүниеден озып еді. Қазір көзі тірі ағалардың үйіне барудан тартыншақтай беретінімді несін жасырайын.
Ғабеңді жер қойнына тапсырып келгеннен кейін, бұрын мен айтқанда сүйсініп тыңдайтын “Жас қазақтың” сарынымен қара жамылған халқының алдында ол кісіге арнап жоқтау айттым. Адам жылап келіп, жылатып кетеді деген осы шығар.
Шарапатын көрген ағаларым жайлы естелікті айта берсем, таусылар ма?! Олардың қатарында Дінмұхаммед Ахметұлы аға да бар. Ол кісінің де аруағының алдында басымды иемін.
Аққал апамыз ұстаздары жайлы тебірене сөйлеп отырғанда ҚазҰУ-нің 33-ші аудиториясында қазақ фольклорынан дәріс оқып тұрған ұстаз Мәлік аға мен Жазушылар одағының мәжіліс залында: “Енді ұлтсыздармен күресейік!” деп мінберде шамырқанатын Ғабиден ағаның алып тұлғасы біздің де көз алдымызға келе қалды.
Сүлеймен МӘМЕТ,
“Егемен Қазақстан”.
25 маусым 2003 жыл.