04 Желтоқсан, 2012

Сары “қазақ”

694 рет
көрсетілді
46 мин
оқу үшін

Сары “қазақ”

Сейсенбі, 4 желтоқсан 2012 0:05

1. Александр Сергеев

1998 жылы еліміздің тәуелсіздік алғанына жеті жыл толу қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағында айта қаларлықтай бір салтанат болып өтті.

…Ұлы Отан соғысында жаумен күресте екі мәрте Кеңес Одағы батыры атағын алған ұшқыш Талғат Бигелдинов ерлігіне кім қызықпаған, кімнің ол жөнінде қалам тартқысы келмеген.

Сейсенбі, 4 желтоқсан 2012 0:05

1. Александр Сергеев

1998 жылы еліміздің тәуелсіздік алғанына жеті жыл толу қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағында айта қаларлықтай бір салтанат болып өтті.

…Ұлы Отан соғысында жаумен күресте екі мәрте Кеңес Одағы батыры атағын алған ұшқыш Талғат Бигелдинов ерлігіне кім қызықпаған, кімнің ол жөнінде қалам тартқысы келмеген. Талайлар жазған. Алайда оларға оқырман қауымның да, жә, батырдың өзінің де көңілі тола қоймайтын. Десек те 1997 жылы орыс тілінде “Звездное небо Талгата” атты повесть шыға келді. Бұл кітапқа жұрттың, батырдың өзінің де риза болғаны сонша, ол халықаралық Алаш сыйлығына ұсынылды. Жоғарыда айтқан салтанатымыз осы кітаптың авторы, орыс жазушысы Александр Николаевич Сергеевке сыйлықты тапсыруға арналған болатын. Оқырман қауым кітаптың жалпы жоғарғы көркемдік дең­гейде жазылғаны үшін қол соғып жатқанда, өз басым мүлде басқа ойда отырып едім.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары­ның аяқ кезінде Қа­зақ­стан Компар­тия­сы Орталық Коми­тетінің бастауымен көр­кем әдебиетте тарихи оқиғаларды қалай жазу керектігі жө­нін­де үлкен мәжі­ліс болды. Бұған бір бас­­па орнында “Алаш” партиясы бағдар­ла­ма­сындағы “Ха­лық­қа төрт кластық тегін білім беру жө­нін­дегі” ұсыныстың жарияланғаны себеп болған екен.

– Колчакпен тізе қосып большевиктер үкіметіне қарсы шыққан партияны мадақтау – біздің идеологиямызға кереғар түсінік, – деді баяндамашы.

Одан кейін мінбеге бір орыс авторы көтерілді. Архивте “Алаш” партиясының құжаттарымен танысқанын, сонда оның халыққа төрт кластық тегін білім беру жөніндегі бағдарламаға кезіккенін айта келіп:

– “Алаш” партиясы басшыларының саяси мақсатты көздей отырып, Колчак бөлімдеріне қазақ милиционерлерін қосқаны сияқты шындықты айтады екенбіз, ал оның автономияға қол жеткізгеннен кейін халыққа төрт кластық тегін білім беру жөніндегі шындығын неге айтпасқа. Көркем әдебиет шыншыл болу керек. Сондықтан да ол көркем, сонда ғана ол оқырман ықыласына бөлене алады, – деді.

Артынан осы адам “Алаш” партиясын насихаттады деген айыппен қызметінен (“Казахстанская правда” газеті редакторының бірінші орынбасары болатын) қуылып, өмірбаянына “саяси сенімсіз” деген қоңырау тағылып, еш жерге де тұяқ тірей алмай, жұ­мыс­сыз қалды. Өз басым талай орыс тілді­лер­дің “Алаш” партиясын жау көріп сөйле­ге­нін білемін. Ал мына адам Қазақ елі тарих­ын жазғанда “Алаш” партиясы жөнінде де шын­дықты айтып, және сол үшін “таяқ же­ген” бірінші орыс тілді журналист еді. Міне сол орыс тілді жазушылар арасынан халық­аралық “Алаш” сыйлығына бірінші ие болып тұрған да осы Александр Николаевич Сергеев болатын.

Ол өзінің өмірбаяндық жазбасында: “Біздің отбасымыз Тула өңірінен Қазақстанға көшіп келгенде үшке жетеғабыл жастағы сәби екенмін”, – дейді. Ал Александр Николае­вич­тің келесі жылы 90 жасқа толатынын еске алсақ, ол қазақ арасына 1918 жылы келген болып шығады. “Демек, ес білгелі қазақ орта­сын­дамын. Қырдың қарадомалақ балалары­мен тай-құлындай тебісіп өскен мен үшін қазақы ортаның тағылымы бөлек болды. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-сана, жол-жорал­ғы­сымен жақсы таныспын. Орайына қарай бір кісіні сөзден сүріндіре алатындай қазақ­шам тағы бар. Мен мұны әрдайым мақта­нышпен айтып жүремін” (“Қазақ әдебиеті”, 1995 жыл.), деп шынайы ой айтады.

Әлде адам көңіліне қанат бітіретін Сарыарқаның самалы дарытты ма, әлде, Толстойды дүниеге әкелген Тула топырағынан ба, болмаса, өзінің ата-тегінде бар қасиет пе, әйтеуір есейе келе қазақ қарттарының өрнекті әңгімелерін есіне сақтағыш, ертегі-жырларға құлақ салғыш, көрген-естігендерін жадында сақтағыш болып алады да, ойын қағазға түсіруге әуес бола бастайды.

Бүгінде Александр Николаевич жиырма­дан астам кітаптың авторы. Бір ғажабы, солардың бәрі де қазақ өміріне арналған. Бас кейіпкерлері осынау ауада өзімізбен бірге тыныстап жүрген тірі қазақ болып келеді. Қан майданда орын алған сансыз оқиғалар арасынан қазақтарға ғана тиесілі оқиғаларды ерекше ойып алып, аттарын атап, түстерін түстеп, әрқайсысына кітап арнап, насихаттау оның өз мойнына алған міндеті сияқты. Оңаша бір әңгімелескенімізде:

– Сол алтын іздеушілердің еңбегін бі­ле­сің бе? – деді де, өзі жауап берді. – Ол бір уыс құмнан ерекше жылтырап, бойынан ұш­­қын атқан, болмашы ғана алтын түйірін іздей­ді ғой. Сол сияқты мен де мұқым қазақ ара­сынан ерекше істер атқарған, ерлігі аңыз­ға айналған алтын қазақты іздеймін. Солар­дың ішінде өзімнің байқауымша барлаушы­лар өміріне құрылғаны бір төбе. Егер “Қа­терлі сапар” повесінде Ізбасар Жағыманов, Ахтан Мұхамедиев және басқа қызыләскер азамат соғысы жылдарында С.М.Кировтың нұсқауымен Астраханнан Гурьевке генерал Толстов жасағының сыртынан шы­ғып, ерекше тапсырма орындап қайтса, “Ата­ман­ның ақыры” повесінде Қытайдың Шың­жаң өлкесіне қашып барып, келесі соғыстың отын үрлей бастаған казачество генералы Дутовты бір топ қазақ, ұйғыр чекистерінің қалай өлтіргені өзек болған. (Шәкен Айманов соңынан осы кітаптың желісімен екі сериялы кинофильм түсірді). “Кездеспеуге болмайтын еді” атты повесінде өткен соғыста фашизм тылында, Иран, Ирак, Ауғанстан елдерінде ерекше тапсырмалар орындаған Баймұқан Қалиақпаров ерліктері суреттеледі.

Бірде мен Александр Николаевичке: “Сіз барлаушылар ерлігін соншалықты құмартып жазуыңызға қарағанда осы қатерлі қызметке өзіңіздің де қатысыңыз болған жоқ па? – деп сұрадым.

– Алдымен басын бәйгеге тігер барлау­шының қандай ортадан шығатынын белгілеп алайық, – деді Александр Николаевич. – Мен ол тақырыптарға қызыққанымнан барғаным жоқ. Барлаушы деген мамандық иелері тек қаһарман халықтан ғана туатын болса керек. Мен қазақты осындай ұлт деп танимын. Әсіресе, түнгі жорықтар қазақ өмірінде жиі болған. Түн – барлаушы үшін қолайлы уақыт. Ендеше қазақты жауынгерлікке икемді халық дей бер. Мен халықтың осы қасиетін оның жоғарыда аталған перзенттері арқылы таныстырмақ болған едім…

Александр Николаевич Ұлы Отан соғысына қатысқан адам. Соған байланысты оның шы­ғар­маларының тіні – патриотизм.

…Міне соғыстың алғашқы күндеріндегі аласапыранда Қызыл Армияның үш армиясы өздері майдан штабымен байланыс­тарын үзіп алады. Бұл жағдайда штаб жалғыз ғана шешімге келеді де ана армиялар “осы тұстарда болу керек” деген жорамалмен үш офицерді үш ұшақпен үш жерге апарып түсіреді. Солардың іші­нен тек Әбсаттар Жақыпов деген офицер ғана міндетін орындап шыға алады. Фашистер ортасына аспан биігінен топ ете түскен офи­цердің жанкешті істері мен ерлігі Александр Николаевичтің “Байланысшы” деген повесінде сәтті өріліп, қызғылықты жазылған. (Армия мен майдан штабын байланыстырып берген офицердің атын атамаса да, оқиғаның өзін маршал Жуков та мемуарында айтып өткен).

1942 жылы Кеңес жерінде поляк армиясының құрылғаны белгілі. Бірақ оларға өз ұлтынан шыққан офицерлер жетпейді. (1940 жылы Батыс Украина мен Батыс Белоруссияны қосып алу науқанында біздің жаққа өткен екі мың поляк офицердің КГБ шешімі бойынша Катын деген орманда атылғаны кешегі жариялылық кезінде белгілі болды). Соған байланысты кеңес офицерінің бір тобына поляк әскери киімін киюге тура келді. Соның бірі полякша “поручик” деп аталған Батырхан Шайхимов еді. Батырхан басқарған бөлім поляк армиясы қатарында Берлинді алуға дейін қатысады. Александр Николаевичтің “Поручик Батырхан” атты повесінде қазақ баласының басқа жұрт армиясын басқарудағы ерлік өнегесі мен әскери шеберлігіне қызыға отырып бейнелегені көрініп-ақ тұрады.

Ентелеп келген фашист армиясын Сталин­град түбінде қоршау күндерінде оның сырт жағына қазақстандық жауынгерлерден арнайы десант түсірілген екен. Өліспей беріспейтін қиян-кескі ұрыста мың қаралы жауынгер­лерден санаулы ғана адам аман қалады. Олар алматылық Ю.Балалыкин, қарағандылық Қайыркелді Бапаев, Сапар Қадыров, аралдық Александр Кавцов. Жазушының “Десант” атты повесінде осы оқиға сөз болады. Ал аталмыш­ повесті жазар алдында “десантқа” қатысқан адамдарды іздеп-табу жазушының өз алдында жасаған ерекше ерлігі еді.

Сол сияқты “Көпір үшін шайқас” әңгімесіндегі танк ататын зеңбірек командирі, Кеңес Одағының Батыры Хамит Көбіков, “Өзіне оқ шақыру” әңгімесіндегі жау минасын жою бөлім командирі Исмаиловтың және басқа да көптеген қазақ азаматтарының ерліктері болашақ ұрпаққа қоспа сөзсіз-ақ айтылып, үлгі ретінде ұсынылған.

“Мен қазақтың батыр ұлдарын олардың халық аңыз-дастандарында мадақталатындай асыл, текті қасиеттерін ел басына күн туған сын сағаттарында көп көрдім,” – дейді Александр Николаевич.

Балалық шағынан бірге ойнап өсіп, әскерге бірге алынып, соғысқа да бірге қатысқан Құдайберген деген жігіт қазасын былай суреттейді:

“…Қан көп кетіпті. Атыс кезінде етқызулықпен өзі де байқамаса керек, әлсіреп қалған екен. Әйтсе де көңілі сергек, айнала қоршаған достарының біріне әйелі мен екі баласына хат жазуды аманат етіп жатыр. Жаралы жан өзінің көп ұзамай көз жұмарын да сезеді-ау, қинала сөйлейді… Бірақ бәрін батыл айтты. Менің жанарымнан ыршып түскен ыстық жасты байқады да қып-қызыл ернін жымқырып, қазақша:

– Айналайын, сары орысым-ау, – деп әдетінше әзілдей тіл қатты. – Сен несіне көзін­ді сықпалайсың, ә? Енді өйтуші болма. Әне, қарашы, біз қаншасын жайратып салдық…”

Қазақ жерінде өткен “Тың игеру” деген науқанға екіұдай көзқарастың бары белгілі. Біріншісі, саяси көзқарас – Хрущевтің сөзімен айтқанда, Сарыарқаға орыстарды толтыру, екіншісі – рухани көзқарас – бұл қазақ жерінің ой-қыры, құмайты мен сортаңын, ата-баба қорымдарын түренмен түре беріп, мал үшін жаралған даланың танабын тарылтып жатудан туған көзқарас. Александр Николаевич өзінің “Тың” жөніндегі толғауында “Ол – қазақ шалы, мен орыс жігіті болсам да екеуіміздің де жүрегіміз қанжылап, ұзақ отырып қалдық,” – деп осы мәселеде өзінің жан дүниесінің де қай жақта екенін анық байқатады.

Шынын айтайын, біз қазақ жазушылары кездестіре алмай жүрген қазақтан шыққан, ерекше ерлік жасауға жаратылған адамын іздеп-тауып, олар жөнінде еңбек жазуда Александр Николаевич алдына жан салмайтын қаламгер. Бұған, біріншіден, жоғарыда айтылған шығармалары дәлел болса, екіншіден, ол осы жолдар авторына бір қазақ конструкторы жөнінде, әсіресе, оған, яғни еңбегіне шет ел барлаушыларының қалай тор құрғаны жөнінде қызық әңгіме айтты. Алайда, конструктордың аты-жөні жөнінде жұмған аузын ашпады. Тегі, ерекше істің басында тұрған бір қазақты мадақтап, болашақта оқырманын таң қалдыратын түрі бар ма, қалай…

Қазақстан Жазушылар одағының жанында көркем әдебиетті насихаттау деген мекеме болды. Міндеті – республика ақын-жазушы­ла­рын ел-елге аттандырып, әдебиетті насихаттау. 1974 жылы осы мекеме жұмысын жолға қою Алек­сандр Николаевич екеуімізге тапсырылды. Ол Одақ атынан басқаратын кеңес төрағасы, мен директоры болдым.

Облыс, аудандарға аттандырылатын ақын-жазушылар тобына әріптесім алдымен бір сұрақ қояр еді:

–       Қазақ әдебиетінен не білесің? – Тиісті жауап алғаннан кейін ол сөзін әрі қарай жалғай берер еді. – ­Өз өлеңдеріңді ғана оқи бермеңдер. Қа­зақ әдебиетінің жетістігін насихаттауға аттанып барасыңдар…

Өзі де осы мақсат­пен іссапарға жиі шы­ғып жүрді. Жаңыл­ма­сам, 1977 жылы екі ақынмен Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында болады. Көптеген ша­руа­шылықтар мен бө­лімшелерде кездесулер өткізіп жүріп, Сәбит ауылына жолдары тү­се­ді. Ауыл төбесі көрін­генде аудандық партия комитетінің өкілі сырт­та қалып бара жатқан қорымды көрсетіп:

– Анау маңда Сәбит Мұқановтың әке-шешесі жатыр, – деп аңғартады. Сол за­матта Александр Нико­лаевич: – Ұлы жазу­шы­ны өмірге әкелген жандар­дың әруағына бас иейік, – деп маши­на­ны қорымға қарай бұрғызады.

Кешке кездесуге жұрт: “Жазушылар тобының жетекшісі иман жүзді орыс екен. Өзі қазақшаға судай. Сәбеңнің әке-шеше­сіне зиярат қылып, құран оқыпты”, – деген пікірмен келеді. Осы сөздің ықпалынан болу керек, кездесу өте қызықты өтеді және ол түннің бір мезгіліне дейін созылады. Ал кездесу өткеннен кейін “иман жүзді” орысты бәрі де үйіне қонаққа шақыруға ықылас білдіреді…

Сергеев Қазақстандағы Қазан төңкерісінен арғы-бергі тарихты жетік біледі. Соған байланысты оның қазақ образын жақсы жасауға тырысатыны қай шығармасынан болсын айқын көрініп тұрады.

Жетпісінші жылдардың аяқ кезінде, республика 1981 жылы атап өтілуге тиісті Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына дайындала бастады. Осы тұста жазушылар тарихи оқиғаларға шолу жасауға ден қойды. Бұдан орыс жазушыларының арасынан Александр Николаевич те сырт қалмады. Егер қазақ қаламгерлері тақырыпқа өз қандастары жағынан келген болса, Сергеев Ресей жағынан жағалай бастады. Яғни, екі халықтың бауырласу барысына ол орыс жағынан көз салып, зерттеу жүргізді. Нәтижесінде оның қаламынан туған “Петербургский посол” (“Петербург елшісі”) атты роман дүниеге келді. Романнан оның авторының осыдан екі жарым ғасыр бұрынғы даланың саяси өмірі мен жалпы қазақ қауымының тұрмыс-тынысын ыждаһаттықпен зерттеп, меңгергені көрініп-ақ тұрды. Артынан роман қазақшаға аударылып та шықты.

Сексенінші жылдардың орта кезінде республика идеологиясының тұтқасын ұстаған пысықай бір басшымыздың: “Ойбай, қазақ жазушылары тарихты көп жазып кетті”, – деп көрінген мінбелерден байбалам салғаны бар. Сол уақытта Александр Николаевич “Жазушы” баспасына барып:

– Қазақ неқилы қиямет-қайымды басынан өткізген халық. Солар көркем әдебиет арқылы тиісті дәрежесінде жариялана алмай жатыр. Бұл тақырып барлық жанр арқылы насихатталу керек. Мен тарихи тақырыпқа жазылған қазақ повестерінің жинағын орыс тілінде шығаруға бармын, – дейді.

Сол Александр Николаевич қазақ жазушыларының бәрімен дерлік хабарласып “Жинаққа нең барды” сұрайды… Оның осы жолмен құрастырған жинағы “Караван выходит на рассвете” (“Керуен таң алдында жолға шықты”) атпен 1989 жылы жарық көрді.

Бұл халқымыздың тарихына үлкен жанашырлықтың белгісі еді.

* * *

Бүгінде біз достық пен бауыр­малдық қасиетті ны­ғайта түсудің соны жолына түскенбіз. Мемлекетімізде тұратын әр ұлт өзінің мә­дени орталықтарын ашты. Қазақстан халықтарының Ассамблеясы бар. Еліміздегі халықтар достығын ны­ғайту, сол арқылы мем­лекетіміздің экономикалық қуатын арттыру идеясы орныққан. Егер бұған әр ұлттың өз қатарынан жетек­шісі, насихатшысы, көш­басшысы шықпаған болса, ол бос сөз болып қалар еді. Мен бұл ойымды сондай қайраткерлер бар болғаннан кейін айтып отырмын. Рес­публика Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылдың қыркүйегінде өткен сессиясында орыс жазушылары Дмитрий Федо­рович Снегин, Иван Пав­ло­вич Щеголихин, неміс жазу­шысы Герольд Бельгер, украин ғалымы Александр Николаевич Гаркавец, әзір­байжан ғалым қызы Асылы Османова және басқалардың қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруді қолдап сөйлегендеріне куә болдық. Екінші жағынан бұларды Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігі үшін күрескерлер деп тануымыз да лазым.

 

2. Николай Ивлев

Николай Петрович Ивлев… Мен бұл адамды көптен бері білетінмін. Екеуміз 60-жылдардың алғашқы жартысында Орталық архивте танысқанбыз. Оқу залынан былай, шылым шегуге шыққанымызда ол менен не іздеп жүргенімді сұрады. Ертіс-Қарағанды каналы КСРО Энергетика министрлігі күшімен салынып жатқан. Инженер, механизаторлардың бәрі сырттан келгендер. Менің жазушы екенімді білгеннен кейін канал идеясының авторы академик Қаныш Сәтбаев жөнінде, жалпы Орталық Қазақстанның су қоры және оны молайту жолдары жөнінде сұрақтар қойды.

Мен жоғарыдағы канал туралы кітап жазу ойым барын, соған материал іздеп жүргенімді айттым. Ал өзінің қандай тақырыптың соңына түсіп жүргенін сұрағанымда ол жауап берудің орнына ішкі қалтасынан уәзінек сияқты блокнот алып көз алдыма тосты. Мен оның бір бетінен Лермонтовтың, екінші бетінен Шоқанның портреттерін көріп: “Ал бұдан не шығармақсың?” деген сұрағымды үнсіз қойып, бетіне қарадым.

– Екеуі бірінен бірі аумайды ғой? – деді Николай Петрович.

– Иә, – деп келістім мен де. – Шаш қойыстары, мұрттары, үстеріндегі әскери киімдері… Бұл екеуінің ішкі жан дүниелерінің де ұқсастығын Григорий Потанин де айтса керек.

– Дұрыс айтасың. Осыдан шығарып мен Юрий Лермонтов пен Шоқан Уәлихановтың өмірлік және шығар­машылық ұқсастық­тары атты тақырыпта док­торлық диссертация қорғамақ ойым бар, – деді Николай Петрович.

– Филолог болды­ңыз-ау, шамасы? – дедім мен.

– Жоқ, техника ғылымдарының кандидаты­мын, – деді ол.

Мына қадамына қайран қалған мен енді:

–Қазақстанда Шоқан жөнінде деректер табы­лар-ау, ал Лермонтов жөнінде… – деп кү­мілжи тоқтадым.

–Әуелі жер­гілікті архив­терден Шоқан­ның өзі мен оның төңі­регінде болған адамдар жөнінде құжат­тарды жинап ала­мын да, содан кейін Ленинград, Солтүстік Кавказ, Сібір архивтеріне барып оты­рамын, – деді ол.

Ертіс-Қарағанды кана­лы­ның құрылысы әдетте жаз айларында қарқынды жүреді де, жер қатады, техниканы жөндеуге қояды дегендей белгілі себептер салдарынан қыста бәсеңдеп қалады. Осы уақытты мен Алматыда – архивте өткіземін.

Келесі қыста Николай Петровичке қайта жолықтым. Кездескен сәтімізде біріміздің төңірегімізге біріміз үйіріле қалдық. Ол жылдары архивтің оқу залы түнгі сағат тоғызға дейін істейтін. Содан кейін екеуміз үйімізге қарай жаяу тартатын болдық. Осы жолда Николай Петрович Шоқанға байланысты тапқан материалдары жөнінде әңгімелеп береді.

Шоқан мен Достоевскийдің Семейде түскен фотосы бар. Онда екеуі де әскери киіммен (Шоқан қолында қанжар) отырған. Қай басылымда болмасын осы суреттің дүниеге келу уақытын “1858 жыл”  деп көрсетеді екен. Соны Николай Петрович 1859 жылы түсірілген фото екенін дәлелдеп шығыпты да, оны Шоқанды бас зерттеуші ұлы ғалым Әлкей Марғұлан құптапты. Бір кешті соны әңгімелеумен өткіздік. “Сам Алекен (Марғұланды айтқаны) согласился со мной”, деп қояды мақтанышпен.

Оның мақтаныш сырына мен түсінемін. Ол бір күрек құм арасынан бір түйір алтын тапқан бейнетқордың қуанышымен ғана тең қуаныш болатын. Сондықтан да Николай Петровичтің сөзін бөлмей тыңдаймын. Десем де, құрылыста орын алған жаңалықты арагідік өзім де хабарлап қоямын.

Бірде ол маған аса көңілсіз болып көрінді. Мұның себебін сұрағанымда, ол өзімнің неше кітап шығарғанымды сұрады. Он шақты болып қалатынын айттым.

– Мұны сұраған себебім, – деді ол, – баспаға Шоқан жөнінде кітап ұсынып едім, соның жолы болмай қалайын деп тұр. Павел Косенко да Шоқан мен Достоевскийдің достығы жөнінде кітап қолжазбасын ұсыныпты. Баспа, әрине, жазушы жағында. Осыған не амалың бар?

Николай Петровичке көмектескім келді. Сол үшін әуелі оның қолжазбасымен танысу керек болды… Таныстым. Әрине, тақырып жағынан Косенко екеуі бірін бірі қайталайды. Сонымен бірге бірінің қолжазбасын бірінің толықтырып тұрған жерлері де жетерлік. Осыған қарағанда, екеуінің де еңбектерінің дербес кітап болып шығуға хақысы бар сияқты. Ол үшін, бар-жоғы қолжазбалар атын өзгертсе болғаны. Сонда екеуі бір тақырыпқа екі жақтан келіп сөйлеген болады. Қазір екеуі де қолжазбаларының жанрын “эссе” деп ұсыныпты. Осыны ойлай келіп мен Николай Петровичке қолжазбасының атын “Находка краеведа” деп өзгертуді ұсындым. Қабылдады. Иә, содан кейін баспа да оның еңбегін шығаруға келісіпті. Сол күндері Николай Петровичтің көңілі өте көтеріңкі жүрді. Дос қабағының ашылуына себепкер болғаным үшін өзім де қуанып жүрдім. Кітап мен ұсынған атаумен “Қазақстан” баспасынан 1977 жылы жарық көрді.

Адам көңілі де көк аспан сияқты бірде ашық, бірде түнеріңкі болады. Николай Петрович өңінен осы құбылыстар анық байқалушы еді. Ол ішкі сезімі бет-жүзіне шығып жүретін адам болатын. Тағы бірде оның жабырқау қабағын көріп, денсаулығын сұрадым.

– Шүкір, жақсымын, – деді ол.

– Ал мына түсіп кеткен қабағыңа жол болсын, – деймін.

– Жуырда архивтен Қапалдан Шоқанның қайтыс болғанын генерал Колпаковскийге хабарлаған құжатты кездестірдім… Өзімнен өзім қапа болайын да қалайын.

– Шоқанның 1865 жылы 10 сәуірде дүние салғаны әуелден белгілі емес пе еді?

– Соны білсем де, әлде жатсам да, тұрсам да Шоқанды ойлайтынымнан ба екен, ана құжаттан кейін Шоқан өлімін тұңғыш естігендей болып, көңілім бір түрлі бұзылып берсін, – деді ол.

* * *

Оңаша кездесіп қалғанымызда Николай Петрович екеуміздің бір-бірімізден алдымен сұрайтынымыз – зерттеу жұмыстарымыз. Десем де бір шындық бар, жолыққанымызда мен ешқандай да сұрақ қоймасам да ол Шоқан жөнінде өз бетімен сөйлеп кеп береді.

– Шоқан Верныйда (қазіргі Алматы) бірнеше рет болған екен. Сол уақыттарда төңірегінде кімдер болды екен деп зерттей бастағанымда ұйыққа баттым да кеттім. Құдай-ау, кіммен кездеспеген, кіммен не жөнінде сөйлеспеген десеңізші! Артиллерист Обух, әскери жазушы Венюков, астроном Голубев, суретшілер Кошарев пен Знаменский, зоолог Северцев… тіпті көп-ау, көп. Шоқанның осылармен кездесу сәттері, әңгімелерінің тақырыбын, жалпы қарым-қатынастарын зерттеп, ашу оңайға түсетін емес. Шоқан төңірегінде “батпақтап” қалдым дегенім осы. Ана адамдардың да өмірін зерттеуім керек. Кім біледі, солардың өмірінен де Шоқан өмірінің біз білмейтін соны беттері ашылып қалар. Осы бағытта басыма келген ойымды айтайын ба? Кадет корпусында Шоқанмен қатар неше түрлі дворян, помещиктің балалары оқыды ғой. Ал хандар тұқымы, аға сұлтанның баласы Шоқан, әдемі офицер, жап-жас сұлу Шоқан қыз қуу мен арақ ішуден көз жазбаған ана сословие балаларына жоламай, “түбі Ресей тарихында осылар қалады-ау” дегендей, жетім Потанинмен, каторгадағы жазушы Достоевский мен ақын Дуровпен, жалпы жоғарыда аталған көбі дерлік крепостной балаларымен жақындасып жүргеніне таң қаласың.

Осы жерде мен оған қазақтың: “Адам болатын бала қонаққа үйір, тұлпар болатын құлын саяққа үйір”, деген мақалын айттым да: “Орысша түсіндірейін бе?” дедім.

– Түсіндім, түсіндім, – деді Николай таза қазақ тілінде.

– Ей, сен қазақша біледі екенсің ғой? – деп таңдандым мен.

– Енді қалай, – деді ол. –Біз Орал облысындағы Шұңғай елді мекенінде тұрдық. “Дайындық класс” деген бір жылдық мектебіміз болды. Жалғыз қазақ оқытушымыз бар. Біз оны “мұғалім аға” деп айтатынбыз. Сол себепті аты-жөнін білмей өстік. Ол кісі сабақты тек қазақша ғана жүргізетін. Сол класты мен қазақша бітіргенмін.

– Ендеше қазақша неге сөйлемейсің? – деймін мен.

– Жалпы қазақ атаулылар қызық жансың­дар, – деді ол. – Кездескенде қазақтың өзі әңгімесін орысша бастайды. Соның бірі өзің­сің. Содан кейін әңгіме сол тілде жүре береді.

– Ендеше екеуміз қазақша сөйлесіп жүрейік, – деймін мен.

– Шынын айтқанда, осы Алматыда мен қазақшамнан айырылып бара жатырмын. Мемлекеттік тілде сөйлессек. Ал әлгі мақалың тура дәл айтылған мақал! – деп ол блокнотына түртіп алды.

– Өзің атаған Колпаковский мен Шоқан Омбыда губернатор Гасфортта адъютант болған жоқ па? – деп сұрадым.

Міне, міне, менің айтайын дегенім осы еді. Колпаковский өмірін зерттей келе Шоқанға байланысты екі тың дерекке кездестім. Біріншісі, қарап отырсаң Колпаковский шет аймақта патшалы Ресейдің отаршыл саясатын жүргізетін адам. Мұндайлар қиырына көз жетпейтін, шақырымына ой жетпейтін ұлан-ғайыр Ресейде көп болған. Сонымен бірге сол уақыт саясатын жүргізе жүріп, жергілікті халықтың мұң-мұқтажына үңіліп, соған сай жасар жақсылығын да іске асырып жүргендері аз болмаған. Артынан генерал болатын Колпаковский сондайлардың бірі. Алматыда “Киргизская” деген көше болды. Қазір “Аманкелді” деп аталады. Сол көшеге алғашқы атаудың қойылуына себеп болған оқиғаларды білесің бе?

Мен, әрине, мұны білмейтінімді мойындадым.

– Колпаковскийдің 1871 жылы әскерімен барып Құлжа төңірегін алғаны бар. Сол жерден соңына ерген қазақтарды алып келіп, қаланың батыс жағынан жер беріп: “Қатарластырып үй салыңдар!” дейді екен. Мен Алматыда Тастанбеков Иген деген ақсақалмен таныс болдым. Кезінде осында көк сағыз (каучук) өндірісін басқарған адам. Сол кісінің маған мынадай оқиға айтқаны бар: өткен ғасырдың басында Шыңғыстауға саудамен барған ағайынды екі өзбек жігітін Құнанбайдың әкесі Өскенбай: “Өнерлеріңді халқыма үйретіңдер” деп, қазақ қыздарына үйлендіріп, алып қалады. Жылдар өтеді. Өскенбай о дүниеге озады. Ана екі жігіттің де ұрпағы өседі, молаяды. Содан кейін әлгілер жұрт тізгінін ұстап қалған Құнанбайдан еліне қайтуға рұқсат сұрапты. Құнанбай рұқсатын береді. Содан көштің басын батыс бағытына бұрғандар Іледен өткенде жолдарын орыстар бөгеп, көш басшысын Колпаковскийге алып келеді. Генерал оларға жолдан қалып, қалаға қоныстануларын сұрайды. Аналар көне қоймайды. Содан бүгінгі Шамалған тұсында олар тау қырғыздарының шабуылына ұшырап, жаяу қалады. Амалдары таусылған жиендер жылап-сықтап: “Ана қырғыздардан көлігімізді алып бер!” деп Колпаковский алдына қайта барады. Сонда генерал оларға шынын айтқан екен:

– Мен қазақ жерінде қала салып жатыр­мын. Онда қазақтар тұрмағанда кім тұрады? Шынын айтсам, ана қырғыздарды сендерді шабуға мен жібердім, – деп зорлап қалдырған екен. Сол “Киргизская” көшесі дүниеге осылай келіпті. Содан кейін Колпаковский сол көшенің бойына 1873 жылы қазақ балалары үшін деп мектеп те салдырған екен.

Веселовский деген Петербург универси­теті профессорының басшылығымен 1904 жылы Шоқан еңбектері жинағының бір томдығын шығарғаны бар. Сол жинақты шығарардан 15-20 жыл бұрын Григорий Потанин Шоқанды білген, онымен қарым-қатынаста болған адамдарға: “Қолдарыңызда Шоқанға байланысты не бар? Не сақталды? Соларды жібе­ріңіз”, деп ад­ресін көрсетіп, жан-жаққа хат жіберіпті. Сондай хатты алған генерал Колпа­ков­ский Дала гу­берна­торы канце­ля­рия­­сындағы Шо­­қан­нан түс­кен ра­порттар мен саяхат есептерін кө­теріп, жинап оған өзінің “Егер Шоқан жина­ғын шы­ғару керек бол­са, мен қар­жы да ұсына ала­мын”, деген хатын қосып, Потанинге пакет жіберген екен. Бұл оқи­ға 1886 жы­лы Омбыда бол­ған. Ал 1889 жылы Кол­паковский жа­сы­на қарай Ресей әс­кери кеңес мүше­лігіне тағайындалып, Петербургқа жүрер алдында Потанинді шақырып алып: “Губернияны басқарып тұрған кезімде Шоқан жинағын шығара алмадыңдар (ол кезде кітап тапсырушының қаржысымен шығатын). Міне, қызметім өсіп бара жатырмын. Алайда қолымда қаржы болмайды. Өзімде сақтаулы мынау”, деп Шоқанның содан 30 жыл бұрын жазған 8 хатын табыс еткен екен. Ал осы генералдың Шоқан зиратына ескерткіш мәрмәр тақта қойғызғанын білетін шығарсың?

– Одан хабарым бар, – дедім мен.

– Сол Колпаковский қандай қарапайым адам болғанын білесің бе?

– Бұдан хабарым жоқ, – дедім мен.

– Архивте генералдың адъютанты болған Албан Сарқытов деген поручиктің естелігі сақтаулы. 1860 жылы қазан айында Ұзынағаш шайқасынан кейін Верныйға қайтып келе жатқандарында жол үстіндегі қазақ ауылының шеткі үйінде сүйеніп тұрған қызға есерсоқ солдат былапыт сөз айтып айқай салыпты. Сол-ақ екен Колпаковский шауып келіп, әлгі солдатты саптан шығарып алып: “Ана қыз сен жөнінде, сенің халқың жөнінде нендей ойда қалды, сен ақымақтың бейпіл ауыздығыңнан!” деп өлімші етіп сабатады. Жаңағы Албан Сарқытов тағы да былай деп жазады: “Пристав мырзаның күндегі әдеті – ертемен атына мініп станицадан жалғыз шығар еді де, сол бетімен жолға түсіп кете берер еді. Шөлдей қалса жақын жерде көрінген киіз үйге ат басын тіреп, сусын сұрар еді. Қымыз болса да, шалап болса да ішіп, атына қайта мініп, алғысын айтып жүре берер еді… Мал сойғызбайтын. Сол сапарларында көрген, білген, естіген ауылдарға байланысты проблемаларды дуан басы жиынында ортаға салып, оларды халық пайдасына шешу мәселесін қарастырар еді…”

* * *

Николай Петрович екеуіміз архивтен бірге шығуды әдетімізге айналдырғанбыз. Коммунистік (қазір Абылай хан) даңғылына түсіп алып Комсомол (Төле би) даңғылына жеткенде әрқайсымыз өз үйімізге қарай бұрыламыз. Ажырасатын жерге жеткенімізде де бөгеліп, әңгімемізді жалғап тұрғанымыз. Сол әңгіме-дүкенде екеуіміз де жоғымызды тапқандай болып қаламыз. Өйткені Орталық Қазақстанды суландыру проблемасы жөніндегі кітабымды шығарғаннан кейін Баянауыл округінің ашылуы мен Шоң биге қатысты құжаттарды зерттей бастағанмын. Ал Николай Петрович болса, Шоқанның басына ғана байланып қалған жоқ, әкесі Шыңғыс пен нағашысы Шорманның Мұсасына дейін ой сілтеп жүрген. Былай қарасақ, екеуміздің де ақтарғанымыз бір заман қағаздары. Бір ретте қызды-қызды әңгімемен ажырасар тұсымыздан асып, Гоголь көшесіне келіп қалыппыз. Содан кейінгі бір ретте… Николай Петрович қызу әңгімемізді бұзып, өзінен өзі: “Ба-а!” деп тұра қалсын. Сөйтсек екінші Алматы вокзалына келіп қалыппыз…

Николай Петрович қызық адам-тын. Ол тың табысын, әсіресе ол табыс Шоқанға байланысты болса, “төңірегімде жүргіншілер бар-ау” деген сезім санасына кіріп-шықпайды ғой. Айтып келе жатқан әңгімесіне тыңдаушыны қайткенде сендірейінші дегендей, қолын ауада ерсілі-қарсылы сермеп, бар дауысымен айқайлап сөйлейді дейсің. Кейде мен етегінен тартып қаламын. Сонда ғана дауысын пәстеп, жан-жағына қарап алады да: “Черт с ними. Разговор идет о Чокане”, деп дауысын алғашқы қалыпқа қайта көтереді.

Николай Петровичтің үйі “Гоголь” мен “Желтоқсан” көшесінің қиылысында. Бір күні мені пәтеріне кіріп шығуға шақырды. Көңілшек достың көңілін қалдырмайыншы деп бардым. Әйелі мен екі ұлы бізді табалдырықтан қарсы алды. Бәрі де жымиып күліп тұр. Осыдан-ақ мен: “Әй, әкелеріңе тартқансыңдар-ау, тегі”, деп түйдім. Әйелі де даңғырлаған ашық адам ба деп қалдым. Николай Петровичтің отбасы үшінші этажда үш бөлмелі стандартты пәтерде тұрады екен. Кішірек бөлмесінің терезесінен басқа қабырғаларында төбеге дейін қаланған кітап. Ұзындау сөреден әрқайсысының қалыңдығы төрт еліден көк мұқабалы, бір текті он кітап көрдім. “Бір жазушының толық жинағы-ау”, деп үңіле түссем, академик Әлкей Марғұлан басшылығымен 1961 жылы орысша шыққан Шоқан еңбектерінің жинағы екен. Сол жерде ойға қалайын. Бұл бес томнан тұратын жинақ еді ғой. Ал мынау неге он? Тағы да үңіле түссем, аталмыш жинақтың екі комплектісі толық екен. Жұрт әдетте мұндай жинақтың бір комплектісін ғана қанағат тұтып қоюшы еді ғой. Ал мынада… Әлде күдігіме көз жеткізе түсейін дедім бе, бірінші томын қолыма алып қарасам, асты сызылмаған жолдары кем де кем. Қай бетін ашпайын, бәрі сондай және “полелеріне” ана жолдарға неге ерекше назар аударып сыз­ған се­бебін жазып қойыпты. Бі­рінші ком­плектідегі том­дардың бәрі сондай. Шо­қан өміріне байла­нысты құжаттарды тек архивтен ғана іздемейді екен, үйінде де айнал­ды­ратыны осы томдар болды ғой. Сонда бұл Шоқанды тәулігіне 24 сағат зерт­тейтін болған ба, қалай?

Осы уақытта мені шайға шақыруға келген Николай Петровичке әзілдеп жоғарыдағы сұра­ғымды қойдым.

– Мен Шоқанды түсім­де көремін, – деді ол. – Қалай ойласаң солай ойла, шындық сол.

– Мынадан кейін сенемін, – деп сы­зылған беттерді қайта аштым. – Ал жинақ­тың екінші комплектісі қандай оймен алынған?

– Ол менің өз басымның Шоқанға деген құрметімнің белгісі.

Менің бұл сөзге түсіне қоймағанымды аңғарып, сөзін жалғай берді.

– Беттері сызылған кітаптың өңінің қашатыны белгілі. Ендеше Шоқанға деген құрметімнің белгісі – қол тиместен тұру керек деп мен екінші комплектіні қара базардан біреудің қолынан сатып алдым.

Дастархан басында да әзілге жөн беріп отырдық. Не жөнінде әңгіме-дүкен құр­майық, Николай Пет­рович бәрін де Шоқан тақырыбына қарай бұра береді. Сол жолы әңгі­меге қосылып отыр­ған әйелінің де:

– Николай Петро­вич­тің мені ұмытқаны қашан. Түні бойы Шо­қанды атап, дауыстап шығады, – дегені бар.

* * *

Архивтің көп қорын қарауға тыйым салынған. Николай Петрович: – “Шіркін-ай, соларда да Шоқан жөнінде тың де­рек бар-ау!” деген оймен архив басшыларынан олардың кейбірін алды­руды сұрап жүретін. Ал аналар: “Ол үшін КГБ-нің рұқсаты керек”, деп бетбақ­тырмайтын. Бұған Николай Петрович қапа болатын. Сондай түнеріп жүрген күннің бірінде мен одан Лермонтовтың “соңына” қашан түсетінін сұрадым.

– Сен байқайсың ба?– деді ол,– соңғы күндері мен архивке келуді сиретіп жүрмін ғой. Шынын айтқанда ауырамын. Сол себепті архивтен гөрі емханаға баруым жиілеп кеткен. Тегі алысқа бара алмаспын. Маған Лермонтовты зерттеу ұзап кеткенге ұқсайды. Десем де осы жерден мен екінші Шоқанды таптым ғой. Ол – Салық Бабажанов. Қызмет формуляры (анкетасы-Қ.И.) қолыма түсті. Ол да Орынборда кадет корпусын бітірген екен. Сол заманда шығып тұрған “Северная пчела”, “Санкт-Петербургский ведомости”, “Деятельность” және “Ресей жағрапиялық қоғамы” басылымында мақалалары жиі жарияланып тұрыпты.

– Шоқанмен замандас болғаны ма?– деймін мен.– Екеуі жолыққан ба екен?

– Жолыққан,– деді Николай Петрович. — 1860 жылы тамыз айында кіші жүздің бір топ шонжарларымен тілмаш ретінде Петербургқа барған екен. Ал Шоқан тура сол жыл, сол айда әкесіне Петербургтен жазған хатында, кіші жүздің бір топ бай-болыстарының патшаға қол тапсыру үшін Петербургқа келгенін, олардың қатарында бір тілмаш барын жазған болатын. Міне, сол тілмаш – осы Салық. Яғни, қазақтың екі оқыған перзенті жолыққан. Ендігі менің міндетім, сол Бабажановтың аталған басылымдарда жарияланған еңбектерін іздеп, жаңғыртып, қазақтарға екінші Шоқанды тауып беру болмақ.

– Лермонтовты ше?– деймін тағы да.

– Юрий Михайлович өкпелемесін. Дәрігерлер ұзақ сапарға шықпаңыз деп ескертті. Алматыдан, ары кеткенде өз республикамыз көлемінен шықпай-ақ, Шоқанның қатарына тағы бір жұлдызды шығарып берсем, менің докторлығым сол болар еді.

Николай Петровичтің кенеттен шыққан дауысы мені табалдырығында тоқтатты.

Ол маған кітап ұсынды.

– Қазақтарда үйіне тұңғыш келген қона­ғына сый-сияпат ұсынатын әдеті бар емес пе?

Қолыма алған соң кітапты қарасам– “Чокан Валиханов в воспоминаниях совре­мен­ников” деп жазылған екен.

– Сен маған тым қымбат сый ұсынып тұрсың. Мынауың өзіңнің зерттеу жұмысыңа керек емес пе?– деймін.

– Мен үшін Шоқанға байланыстының бәрінің қымбат екені рас. Сол қымбатымды мен қымбат достарыма сыйлаймын. Сол үшін әуелде-ақ, осы кітаптың оншақтысын алып қойғанмын. Әлі бар, қабылда сыйлығымды,– деді де әзілге көшті.– Табалдырықты қазақша оң аяғыңмен аттап шық. Бұл үйде Шоқанның рухы бар.

Мен айтқандай-ақ бәрін орындадым…

* * *

Сол арада КСРО ыдырап, республи­ка­мыз тәуелсіздікке ие боп шыға келді. Қуа­нышымызда шек жоқ. Ал Николай Петрович болса: “Енді архивтің ана қорлары ашылады” деп қуанып жүр. Айтқандай-ақ, сол қорларға қолы жеткен күндерінің бірінде ол:

– Осы мен ұзаққа бармай өлетін шығармын,– деді.–Түсімде мені Шоқан шақырып жүр.

– Қой бос сөзді!– деп мен оған зекіп тастадым.

…Түнде Шоқан деп жататын, таңертең Шоқан деп тұратын орыс баласы – 1998 жылдың көктемінде 74 жасында дүние салды. Артында өмірлік жары – жесір, сүйкімді балалары – жетім және қанша мұрағат беттері ашусыз қалды деңіз…

Қалмұқан ИСАБАЙ,
жазушы.

АЛМАТЫ.

28 шілде, 2004 жыл.