Әлем • 19 Қаңтар, 2019

Рейтер: Трамп пен Ким Чен Ын ақпанда кездеседі

475 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ пен КХДР арасындағы екінші саммит ақпанда өтеді. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, жұма күні Ақ үй әкімшілігімен кездескен солтүстіккореялық дипломат осындай келісімге қол жеткізген.

Рейтер: Трамп пен Ким Чен Ын ақпанда кездеседі

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерстің айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп пен КХДР өкілі Ким Йонг Чол бір жарым сағат бойы әңгімелесіп, ядролық қарудан бас тарту жөнінде және екінші саммиттің мерзімі туралы пікір алмасқан. 

Рейтер агенттігінің мәліметіне сүйенсек, АҚШ тарапы Солтүстік Кореяға қатысты санкциядан бас тартпайды. Әйтсе де, екіжақты келіссөздерді жүргізуге тараптар келісім берген. 

Ал Оңтүстік Корея алдағы кездесудің маңызы зор екенін айтып отыр. Мун Чжэ Ин әкімшілігі саммит жұмысы Корея түбегінде тыныштық пен бейбітшілік орнатуға мол үлес қосады деп есептейді. 

Оңтүстік Кореяның баспасөз хатшысы Ким Ый Гём мәлімдеме жасап, Сеул билігі АҚШ және басқа мемлекеттермен бірлесіп ядролық қарудан бас тарту және әлемде бейбітшілік орнату жолында нақты әрі практикалық іс-қимылдар жасайтынын жеткізген.

Алайда АҚШ тарапы келіссөздер өткізуге ынта танытқанына қарамастан, қорғаныс мәселесін естен шығармаған екен. Ұлыбританияның The Guardian газеті Д.Трамп АҚШ-тың ракетаға қарсы қорғанысын дамытудың жоспарын таныстыратынын хабарлады. Қорғаныс жұмыстары заманауи ғарыштық құрылғылар негізінде жасалмақ. Пентагонда таныстырылатын жоба «қауіпті» мемлекеттердің снарядтарын анықтауға, бұғаттаушылар желісін көбейтуге мүмкіндік береді.