«Атырау ЖЭО» АҚ президенті Айбар Рахмановтың айтуынша, Алмагүл ықшам ауданындағы 16 қабатты тұрғын үйлерге жылу берілген. Бірақ қазір су құбырының қысымын дұрыстау жұмыстары жүріп жатыр.
- Гидравликаны қалпына келтіргеннен кейін бұл үйлерге кешкісін жылу беріледі,-деді Айбар Рахманов.
Сонымен қатар, Балықшы ықшам ауданында ыстық сумен жабдықтау апатты жағдайда істен шықты.
- Балықшы ықшам ауданындағы жеті үй ыстық сусыз қалды. «Гранд Мастер» ЖШС жұмысшылары апаттың салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр, тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырамыз,-дейді қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Шәкір Кейкин.
Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттымұратұлы Алмагүл ықшам ауданына барып, тұрғындармен кездесті. Шаһар басшысы проблема тікелей облыс әкімінің бақылауында екенін, барлық құзырлы органдар жұмылдырылғанын атап өтті.
Зақым келген учаскені өшіргеннен кейін құбыр желілері сумен толтырылып, қалаға жылу беру қалпына келтірілді. Қазір магистралды құбыр желісінің зақым келген учаскесін ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»
Атырау