Президент • 21 Қаңтар, 2019

Ақкөл – алғашқы ақылды қала

705 реткөрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалып­тас­қаны және халық елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таң­дайтыны да бекерден-бекер айтылған жоқ. Күнделікті сұраныс пен ахуалдың өзі цифр­лы қалаларға бастап келеді.

Жайлы тұрмыс пен үнемділік жолы

Соны­мен, Жолдауда айтылған «ақылды қала­лардың» еліміздегі алғашқы қарлы­ғашы Астана маңында пайда болды. Қала инфрақұрылымын түгелдей цифрлан­дыру басталған Ақмола облысына қа­расты Ақкөл қаласы елордамыздан 100 шақырымдай қашықтықта жатыр. Он үш мыңнан сәл асатын тұрғыны бар жи­нақы, инфрақұрылымдары түгел қалыптасқан қаланы жаңғыртуда осы артықшылықтары ескерілген.

Қанатқақты жобамен өткен аптаның соңында Мемлекет басшысы арнайы барып, танысты. Жоба авторларына бұл жүйені өзге қалаларға да енгізу туралы тапсырма берді.

Мемлекет басшысы Ақмола облы­сының Ақкөл қаласына жұмыс сапары барысында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы желілік ма­гистралінің тех­никалық торабы Мәліметтерді өңдеу орталығының жұ­­мы­сымен танысты.

Бұл орталық қаладағы барлық бейне­ба­қылау, энергия ресурстарына эколо­гиялық мониторинг, бақылау және есеп жүргізу, жол трафигін басқару, өртке қарсы қауіпсіздік жүйелерінен келіп түсетін мәліметтерді жинақтап, «Smart Aqkol» ахуалдық орталығына жолдайды.

Мемлекет басшысы «Цифрлы Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Smart city – Ақылды қала» заманауи технологияларды енгізу жөніндегі байқау жобасының қорытындыларымен танысты.

Нұрсұлтан Назарбаев атқарылған жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, цифрландыру саласында іске асыры­лып жатқан жобалар, ең алдымен, азаматтардың тұрмыс сапасын арт­тыруға, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалып­тастыруға бағытталғанын айтты.

– Менің тарапымнан әрдайым мем­ле­кетті тиімді басқаруды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Басқаруға қатысты шешімдердің бір орталықта қабылдануы экономикада жақсы нәтиже береді, – деді Елбасы.

Жоба жол және қоғамдық қауіп­сіздікті, соның ішінде білім беру меке­мелері мен әлеуметтік нысандарға бейне­бақылау жүргізу, денсаулық сақтау саласына мониторинг жасап, басқа­ру, сондай-ақ ғимараттар мен тұрғын үйлерді соңғы үлгідегі ақылды құрал­дармен жабдықтау арқылы қаланың қалыпты тіршілігін кешенді қамтамасыз етуге бағытталған.

Ахуалдық орталық ведомствоаралық іс-қимылды ұйымдастыру, қаланы тактикалық және стратегиялық тұрғыдан басқару, соның ішінде коммуналдық қызмет көрсету мекемелерін басқару жөніндегі шешімдермен таныстыру, қала ресурстары жөніндегі шынайы және уақтылы алынған мәліметтерді жинақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған.

Сонымен қатар аталған жобаны іске асыру барысында энергия тиімділігін қамтамасыз ету, экологиялық жағдайға мониторинг жасау, қылмыстардың алдын алу жөніндегі инновациялық тәсілдер енгізілді. Бұл елімізде ақпараттық технологияларды тәжірибеден өткізіп, Smart Сity тұжырымдамасын дамыту үшін Ақкөл қаласының үлгі ретіндегі алғашқы елді мекен болуына септігін тигізді.

Талдау күшейді, қылмыс азайды

Әлемде «ақылды қаланы» сипаттайтын анықтама пайда болғалы, цифрлы технологиялармен қаруланған елдер арасында өзара бәсеке пайда болғаны да рас. Smart-қалалар алдымен әзірге 4G мобильді интернеті, Wi-Fi желісіне қолжетімділік, экологиялық таза энергия көздерін пайдалану, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қызметтерді онлайн тәртібімен ұсыну, тұрғындардың білім деңгейі мен саяси белсенділігі, сондай-ақ халықтың тұрмыс жағдайының көрсеткіштерімен өлшенуде. Бұл тұрғыда біздің еліміз көш соңында қалмауды міндет еткен.

Сонымен Ақкөл қаласында соңғы алты айда қандай өзгерістер болды? Жыл сайын Барселона қаласында өтетін халықаралық Smart City Expo World Congress атты конференцияға қатысып, тәжірибе жинақтап келген мердігер ком­пания өкілдері алдымен Ақкөл қаласын­дағы алты мың үйді түгел аралап, жылу мен электр энергиясы есептеуіштерін жа­ңалаған.

Көшелерге адамның түр пішінінен-ақ кім екенін анықтайтын бейнебақылау камераларын орнатқан. Олардың қолында қаруы бар адамды көп ішінен ажырататын артықшылығы да бар.

Елбасына қаланың зияткерлік бас­қа­ру жүйесімен жабдықталуы туралы есеп берген Tengri Lab компаниясының басшысы Әлімжан Есетовтің айтуынша, қаланың барлық қосалқы жүйесінен алынатын деректер басқарудың бірыңғай қорғалған платформасына жиналады, орнатылған датчиктер өндіретін кез келген жағдай Ахуалдық орталықтың бейнеқабырғасына бірден шығарылады.

– Ақкөлде ТМД елдерінде баламасы жоқ бірегей технологиялық шешімдер қол­данылғанын атап өту керек. Ақкөл – коммуналдық қызметтердің бар­лық тұты­нушысы толықтай цифрлан­ған Қазақ­стандағы ең алғашқы қала. Қаладағы зият­керлік бейнесараптама жергілікті құқық қорғау органдарының қоғамдық тәртіпті бұзушыларды жедел табуына да көмегін тигізіп үлгерді, мысалы, өткен айда алаңдағы қоршаулар мен мұздан жасал­ған мүсіндерді бүлдіру фактілері анық­талды. Осының арқасында қыл­мыстық құқық бұзушылықтар елу па­йыз­ға азайды. Жасанды зерде жүйесі­не негізделген платформаның сарап­­та­малық мүмкіндіктері ауа райы жағ­дай­­ларына тәуелділікті, атмосфера­лық ауаның нашарлауын, үйдегі, пәтер­дегі температураның төмендеуін, ауру­ха­на­ларға барудың артуын, мектептегі үлгерімді, қалалық қазандықтың жұмыс сапасын анықтауға септігін тигізеді,– деді Ә.Есетов.

Қаланың барлық аумағы бойынша өзекті ауқымды ақпарат көлемін жи­нау мақсатында «Қазақтелеком» АҚ қажетті цифрлы және зияткерлік инфра­құ­рылым құрған. Атап айтқанда, 17,5 км талшықты-оптикалық байланыс желісі, LoRaWAN энергия тиімділік желісі, қо­ғамдық Wi-Fi және LTE желісі жаң­ғыр­тылды. Бұл өз кезегінде бейнебақылау жүйесі құрылғыларын қосу (түрлі моди­фикациядағы 100-ге жуық камера), экологиялық мониторингілеу және энергия ресурстарын бақылау және есепке алу (суды есепке алудың 4500 құрылғысы және электр энергиясын есепке алудың 6000 құрылғысы), жол трафигін, өрт қауіпсіздігін (әлеуметтік нысандар қам­тылды), көшені жарықтандыру және басқа да IoT датчиктерді басқару мүм­кін­­дігін қамтамасыз етті.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төр­ағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуы бо­йын­ша, Ақкөл қаласында Ахуалдық ор­та­лықты салу және ұйымдастыру мақ­са­ты шағын қалалар үлгісінде азамат­тарға жайлы жағдай жасау мен қауіп­сіз­дікті арттыру және оң тәжірибені мега­по­листерге одан әрі тарату болды.

– Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» АҚ желілік және ИКТ инфрақұрылымына белсенді түрде инвестиция салуда. Жал­пы алғанда, біз Қазақстан бойынша 5,5 млн тұрғыны бар 1,5 млн пәтерді, 100 мыңға жуық кіреберісті қамтитын 30 мың­нан аса көппәтерлі үйді GPON опти­калық желісімен қамтамасыз еттік, – деді Қ.Есекеев.

Цифрландырудың игілігі

Міне, цифрлы технологияның өмірі­мізге дендеп енуінің шапағатын қара­пайым халық толық сезіне бастады. Ақкөл көшесінде біз кезіктірген тұр­ғындар «ақылды қаланың» игілігін көріп отырғандарын жарыса айтты.

Қала тұрғыны Роза Әлішева қазір электр энергиясы мен ауыз су есеп­теуіш­терінің көрсеткішін коммуналдық мекемелерге ай сайын хабарлап отырудан азат болғандарын айтады.

– Соңғы жылдары Ақкөл адам танымастай өзгерді. Мен жаңа технологияның қыр-сырын толық түсінбесем де, тұрмы­сымыздың жеңілдеп келе жатқанын көріп отырмын. Коммуналдық төлемдерді бала-шағам ұялы телефон арқылы төлеп тастайды. Бұл өңімізде көрмек түгілі, түсімізге де кірмейтін игілік емес пе, – дейді зейнеткер әжей.

Ал ақкөлдік Андрей Коровин көше­дегі, үйлердегі бейнебақылау камера­ла­рының арқасында ұсақ қылмыстардың азайғанын айтады.

– Осы Ақкөлде туып-өстім. Қазір­гі уақытта цифрландыру арқылы бала­лары­мыздың көшеде еркін жүріп-тұруы­на, ауладағы көліктердің қауіпсіздігіне алаңдамайтын болдық, – дейді Андрей.

Бұл пікірлерді нақты мысалдармен дәйектей түссек, қазір көше шам­дары­ның өзі «ақылды». Қас қарая жа­нып, түн ортасы ауа 10 пайыздық дең­гейге дейін төмендейтін шам арқылы электр энергиясының шығыны үш еседей азайған. Әкімдіктер мен мектептерге кіру электронды куәлік арқылы жүзеге асырылады, яғни келуші адамның бет пішіні бейнекамерадан танылған соң ғана есік ашылады. Дәрігердің қабылдауына жазылу, коммуналдық қызметке ақы төлеу мен қала басшылығына арыз-ша­ғым жет­кізу мессенджер арқылы жүзеге асы­ры­лады. Көшелерге жылы аялда­малар салынып, оларда ұялы телефонды қуаттайтын құрылғылар орнатыл­ған. Мұндай қуаттағыштар саябақтар­дағы орындықтарда да бар. Қоғамдық және мемлекеттік мекеме көліктеріне түгелдей GPS құрылғылары орнатылып, қозға­лыс­тары бақылауға алынған.

«Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры Нұрлан Мейірмановтың айтуынша, «ақылды қала» жүйесінің басты мақсаты халықты бақылау емес, талдау, шұғыл шешім қабылдау, төтенше жағдайлардың алдын алу деңгейін арттыру.

– Аяз күшейген күндері электр энер­гиясын пайдалану көлемі артып кетсе, дабыл белгісі беріліп, тиісті маман­дар жылу деңгейін көтеріп, жүйені бақы­лауға алады. Сондай-ақ күн суыт­қан күн­дері өкпесі қабынып ауыра­тын­дар­дың көбейетіндігін де орталық­тан бақылап отырамыз. Бұл жағдайда да жылу қуаты арттырылады. Бала­лар­дың мектепке баруы мен сабақ үлге­рімдері туралы ақпарат та бір орталыққа жинақталады, – дейді Н.Мейірманов.

Шамамен 2,5 млрд теңге жұмсалып, 6 айдай уақытта жүзеге асқан жобаның тиімділігін көрген Мемлекет басшысы Smart Сity жобасын өзге де қалаларға енгізу қажет екенін айтты.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Рейтингте жоғарылады

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 07:22

«Алтын сақа» үздіктері анықталды

Ұлттық спорт • Бүгін, 07:15

Қазақ әні Нью-Йоркте шырқалды

Руханият • Бүгін, 07:09

Шапағатты жол

Руханият • Бүгін, 06:59

«Қайырболатты қайтарыңдар!»

Аймақтар • Бүгін, 06:56

Волонтерлер бас қосты

Қоғам • Бүгін, 06:47

Стипендия көтеріледі

Қоғам • Бүгін, 06:43

Нақты тапсырмалар берді

Президент • Бүгін, 06:27

Алтын орданың ақ таңы

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар