Жайлы тұрмыс пен үнемділік жолы
Сонымен, Жолдауда айтылған «ақылды қалалардың» еліміздегі алғашқы қарлығашы Астана маңында пайда болды. Қала инфрақұрылымын түгелдей цифрландыру басталған Ақмола облысына қарасты Ақкөл қаласы елордамыздан 100 шақырымдай қашықтықта жатыр. Он үш мыңнан сәл асатын тұрғыны бар жинақы, инфрақұрылымдары түгел қалыптасқан қаланы жаңғыртуда осы артықшылықтары ескерілген.
Қанатқақты жобамен өткен аптаның соңында Мемлекет басшысы арнайы барып, танысты. Жоба авторларына бұл жүйені өзге қалаларға да енгізу туралы тапсырма берді.
Мемлекет басшысы Ақмола облысының Ақкөл қаласына жұмыс сапары барысында «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы желілік магистралінің техникалық торабы Мәліметтерді өңдеу орталығының жұмысымен танысты.
Бұл орталық қаладағы барлық бейнебақылау, энергия ресурстарына экологиялық мониторинг, бақылау және есеп жүргізу, жол трафигін басқару, өртке қарсы қауіпсіздік жүйелерінен келіп түсетін мәліметтерді жинақтап, «Smart Aqkol» ахуалдық орталығына жолдайды.
Мемлекет басшысы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Smart city – Ақылды қала» заманауи технологияларды енгізу жөніндегі байқау жобасының қорытындыларымен танысты.
Нұрсұлтан Назарбаев атқарылған жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, цифрландыру саласында іске асырылып жатқан жобалар, ең алдымен, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға, қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталғанын айтты.
– Менің тарапымнан әрдайым мемлекетті тиімді басқаруды қамтамасыз ету міндеті қойылды. Басқаруға қатысты шешімдердің бір орталықта қабылдануы экономикада жақсы нәтиже береді, – деді Елбасы.
Жоба жол және қоғамдық қауіпсіздікті, соның ішінде білім беру мекемелері мен әлеуметтік нысандарға бейнебақылау жүргізу, денсаулық сақтау саласына мониторинг жасап, басқару, сондай-ақ ғимараттар мен тұрғын үйлерді соңғы үлгідегі ақылды құралдармен жабдықтау арқылы қаланың қалыпты тіршілігін кешенді қамтамасыз етуге бағытталған.
Ахуалдық орталық ведомствоаралық іс-қимылды ұйымдастыру, қаланы тактикалық және стратегиялық тұрғыдан басқару, соның ішінде коммуналдық қызмет көрсету мекемелерін басқару жөніндегі шешімдермен таныстыру, қала ресурстары жөніндегі шынайы және уақтылы алынған мәліметтерді жинақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған.
Сонымен қатар аталған жобаны іске асыру барысында энергия тиімділігін қамтамасыз ету, экологиялық жағдайға мониторинг жасау, қылмыстардың алдын алу жөніндегі инновациялық тәсілдер енгізілді. Бұл елімізде ақпараттық технологияларды тәжірибеден өткізіп, Smart Сity тұжырымдамасын дамыту үшін Ақкөл қаласының үлгі ретіндегі алғашқы елді мекен болуына септігін тигізді.
Талдау күшейді, қылмыс азайды
Әлемде «ақылды қаланы» сипаттайтын анықтама пайда болғалы, цифрлы технологиялармен қаруланған елдер арасында өзара бәсеке пайда болғаны да рас. Smart-қалалар алдымен әзірге 4G мобильді интернеті, Wi-Fi желісіне қолжетімділік, экологиялық таза энергия көздерін пайдалану, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қызметтерді онлайн тәртібімен ұсыну, тұрғындардың білім деңгейі мен саяси белсенділігі, сондай-ақ халықтың тұрмыс жағдайының көрсеткіштерімен өлшенуде. Бұл тұрғыда біздің еліміз көш соңында қалмауды міндет еткен.
Сонымен Ақкөл қаласында соңғы алты айда қандай өзгерістер болды? Жыл сайын Барселона қаласында өтетін халықаралық Smart City Expo World Congress атты конференцияға қатысып, тәжірибе жинақтап келген мердігер компания өкілдері алдымен Ақкөл қаласындағы алты мың үйді түгел аралап, жылу мен электр энергиясы есептеуіштерін жаңалаған.
Көшелерге адамның түр пішінінен-ақ кім екенін анықтайтын бейнебақылау камераларын орнатқан. Олардың қолында қаруы бар адамды көп ішінен ажырататын артықшылығы да бар.
Елбасына қаланың зияткерлік басқару жүйесімен жабдықталуы туралы есеп берген Tengri Lab компаниясының басшысы Әлімжан Есетовтің айтуынша, қаланың барлық қосалқы жүйесінен алынатын деректер басқарудың бірыңғай қорғалған платформасына жиналады, орнатылған датчиктер өндіретін кез келген жағдай Ахуалдық орталықтың бейнеқабырғасына бірден шығарылады.
– Ақкөлде ТМД елдерінде баламасы жоқ бірегей технологиялық шешімдер қолданылғанын атап өту керек. Ақкөл – коммуналдық қызметтердің барлық тұтынушысы толықтай цифрланған Қазақстандағы ең алғашқы қала. Қаладағы зияткерлік бейнесараптама жергілікті құқық қорғау органдарының қоғамдық тәртіпті бұзушыларды жедел табуына да көмегін тигізіп үлгерді, мысалы, өткен айда алаңдағы қоршаулар мен мұздан жасалған мүсіндерді бүлдіру фактілері анықталды. Осының арқасында қылмыстық құқық бұзушылықтар елу пайызға азайды. Жасанды зерде жүйесіне негізделген платформаның сараптамалық мүмкіндіктері ауа райы жағдайларына тәуелділікті, атмосфералық ауаның нашарлауын, үйдегі, пәтердегі температураның төмендеуін, ауруханаларға барудың артуын, мектептегі үлгерімді, қалалық қазандықтың жұмыс сапасын анықтауға септігін тигізеді,– деді Ә.Есетов.
Қаланың барлық аумағы бойынша өзекті ауқымды ақпарат көлемін жинау мақсатында «Қазақтелеком» АҚ қажетті цифрлы және зияткерлік инфрақұрылым құрған. Атап айтқанда, 17,5 км талшықты-оптикалық байланыс желісі, LoRaWAN энергия тиімділік желісі, қоғамдық Wi-Fi және LTE желісі жаңғыртылды. Бұл өз кезегінде бейнебақылау жүйесі құрылғыларын қосу (түрлі модификациядағы 100-ге жуық камера), экологиялық мониторингілеу және энергия ресурстарын бақылау және есепке алу (суды есепке алудың 4500 құрылғысы және электр энергиясын есепке алудың 6000 құрылғысы), жол трафигін, өрт қауіпсіздігін (әлеуметтік нысандар қамтылды), көшені жарықтандыру және басқа да IoT датчиктерді басқару мүмкіндігін қамтамасыз етті.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуы бойынша, Ақкөл қаласында Ахуалдық орталықты салу және ұйымдастыру мақсаты шағын қалалар үлгісінде азаматтарға жайлы жағдай жасау мен қауіпсіздікті арттыру және оң тәжірибені мегаполистерге одан әрі тарату болды.
– Қазіргі уақытта «Қазақтелеком» АҚ желілік және ИКТ инфрақұрылымына белсенді түрде инвестиция салуда. Жалпы алғанда, біз Қазақстан бойынша 5,5 млн тұрғыны бар 1,5 млн пәтерді, 100 мыңға жуық кіреберісті қамтитын 30 мыңнан аса көппәтерлі үйді GPON оптикалық желісімен қамтамасыз еттік, – деді Қ.Есекеев.
Цифрландырудың игілігі
Міне, цифрлы технологияның өмірімізге дендеп енуінің шапағатын қарапайым халық толық сезіне бастады. Ақкөл көшесінде біз кезіктірген тұрғындар «ақылды қаланың» игілігін көріп отырғандарын жарыса айтты.
Қала тұрғыны Роза Әлішева қазір электр энергиясы мен ауыз су есептеуіштерінің көрсеткішін коммуналдық мекемелерге ай сайын хабарлап отырудан азат болғандарын айтады.
– Соңғы жылдары Ақкөл адам танымастай өзгерді. Мен жаңа технологияның қыр-сырын толық түсінбесем де, тұрмысымыздың жеңілдеп келе жатқанын көріп отырмын. Коммуналдық төлемдерді бала-шағам ұялы телефон арқылы төлеп тастайды. Бұл өңімізде көрмек түгілі, түсімізге де кірмейтін игілік емес пе, – дейді зейнеткер әжей.
Ал ақкөлдік Андрей Коровин көшедегі, үйлердегі бейнебақылау камераларының арқасында ұсақ қылмыстардың азайғанын айтады.
– Осы Ақкөлде туып-өстім. Қазіргі уақытта цифрландыру арқылы балаларымыздың көшеде еркін жүріп-тұруына, ауладағы көліктердің қауіпсіздігіне алаңдамайтын болдық, – дейді Андрей.
Бұл пікірлерді нақты мысалдармен дәйектей түссек, қазір көше шамдарының өзі «ақылды». Қас қарая жанып, түн ортасы ауа 10 пайыздық деңгейге дейін төмендейтін шам арқылы электр энергиясының шығыны үш еседей азайған. Әкімдіктер мен мектептерге кіру электронды куәлік арқылы жүзеге асырылады, яғни келуші адамның бет пішіні бейнекамерадан танылған соң ғана есік ашылады. Дәрігердің қабылдауына жазылу, коммуналдық қызметке ақы төлеу мен қала басшылығына арыз-шағым жеткізу мессенджер арқылы жүзеге асырылады. Көшелерге жылы аялдамалар салынып, оларда ұялы телефонды қуаттайтын құрылғылар орнатылған. Мұндай қуаттағыштар саябақтардағы орындықтарда да бар. Қоғамдық және мемлекеттік мекеме көліктеріне түгелдей GPS құрылғылары орнатылып, қозғалыстары бақылауға алынған.
«Қазақтелеком» АҚ басқарушы директоры Нұрлан Мейірмановтың айтуынша, «ақылды қала» жүйесінің басты мақсаты халықты бақылау емес, талдау, шұғыл шешім қабылдау, төтенше жағдайлардың алдын алу деңгейін арттыру.
– Аяз күшейген күндері электр энергиясын пайдалану көлемі артып кетсе, дабыл белгісі беріліп, тиісті мамандар жылу деңгейін көтеріп, жүйені бақылауға алады. Сондай-ақ күн суытқан күндері өкпесі қабынып ауыратындардың көбейетіндігін де орталықтан бақылап отырамыз. Бұл жағдайда да жылу қуаты арттырылады. Балалардың мектепке баруы мен сабақ үлгерімдері туралы ақпарат та бір орталыққа жинақталады, – дейді Н.Мейірманов.
Шамамен 2,5 млрд теңге жұмсалып, 6 айдай уақытта жүзеге асқан жобаның тиімділігін көрген Мемлекет басшысы Smart Сity жобасын өзге де қалаларға енгізу қажет екенін айтты.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»