Мақала – өткеннің өзегінен тарқата өрілген, өмір көшінің бағыт-бағдары мен мақсат-мұратын діттеген терең тамырлы толғаулы дүние. Көненің көбесінен тін тартып, жаңаның жаңғыруымен қорытылып өрелі тұжырым, өрісті зерделеумен жазылғаны көрініп тұр.
Ақиқат арқауы айқын, рухани жаңғырудың жалғасты арнасындай үндесіп жатқан ұлт тағдырының тізгін сөзінің тілегі тұғырлы, тәу етері тәуелсіздік дегенді дәйектей түседі.
Тарих толқынындағы өзгерістер мен жаңарулардың барысында ұлттық болмысымызды, тағылым-тірлігімізді, тарихымыздың көкжиегін әлі де анықтай түсуіміздің, қанықтай білуіміздің қажеттігін сараптай сабақтап, ұлттың ұйытқылық ұстанымын алға тартады.
Әлбетте, өмірдің өзі екшеген тұжырымдар бар: әрбір ұлт өзінің тамыры терең тарихымен, уақытпен бірге жасаған ұлы тұлғаларымен мақтана алады. Тегіңді білу дегеннің құдірет-қасиеті осыдан шығады. Оны танып-білу ұрпақтан-ұрпаққа ұлықтай жеткізу әрі парасатты іс әрі парыз. Мұның түп мақсаты – «Ең бастысы, нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға тиіспіз», деген сындарлы пайыммен түйінделіпті.
Президенттің Ұлы даланың жеті қырына тоқталып, әрқайсысына тарихи-ғылыми зерделеу жасауы айрықша тәнті ететінін атап өтуіміз керек-ақ.
Осы уақытқа дейін тарихымыздың тұмшаланып келгені, оның ұлтқа қатысты, ұлттың өркениет пен өмірге әкелген жаһандық жаңалығы, күрескерлігі мен қайсарлығы, тарихтағы тұғырлы ұлттармен терезесі тең тұрғаны айтылмай, ұдайы жабайы күйінде көрсетуге күш салынғаны белгілі. Түбі бір түркі халықтарының ғажайып тарихы қасаңдықтың қалыбымен бұрмаланып, дерегі мен дәйегі бұғауланып ұсталғаны ноқталы саясаттың уысынан шығармау жолындағы қитұрқы уағызы, айылын жимаған өктемдіктің өшпенді ұстанымы еді. Осы орайда: «Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» – дейді Елбасы. Бағамдай алсақ бұл сөзде де астарлы мағына, алды-артымызды безбендей білу мүддесі жатыр.
Көбімізге белгілі кей нәрсенің мән-мазмұны тереңде жатқанын елей бермейтінімізді еске түсіретін мына бір жай қалыптағыдай көрінетіні рас. Өзіміз мініп жүрген автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенетінін білеміз. Бұл жаһандағы салт аттылар – біз, қазақтардың атқа мініп желдей ескен күндерге деген белгісі, соның тарихи жадыда қалған өшпес айғағы екенін айтқанда еріксіз мақтаныш сезіміне бөлену өмірдің өзіндей шындық екеніне иланымыз күшейе түседі.
Қазақтың жеріндегі қазба жұмыстары кезінде табылған ғажайып қазыналар: тасқа қашалып уақытпен бірге жасасқан таңба-жазулар, металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, тұрмыстық заттары, қару-жарақтары – тарихымыздың қазына-шежіресі іспетті, бастауымыздың қайдан, бас ұранымыздың қандай болғанын айғақтай түседі, ал «Алтын адамның» өзі ата тарихымыздың қуаты мен дала өркениетінің өрісі мен өрлеу өресін көрсетеді. Ұлттың ұлылығын танытар, жаһанды таңғалдырған жәдігер жақсымызды басын ашып, абырой тұтар тарихи айғақ ретінде ақиқаттай алға тартады.
«Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті» – деп жадымызға жаңа леп, ұлттық санамызға мақтан тұтар мәйек ой салады.
Ұлы Жібек жолының өркениет өрісіндегі рөлі мен тарихи орнына тоқтала келіп «Керуен жолдарын мінсіз ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Ұлы дала халқы ежелгі және орта ғасырлардағы аса маңызды сауда қатынасының басты дәнекері саналды... Алғаш пайда болған сәттен бастап, Ұлы Жібек жолы картасы, негізінен, түркі империяларының аумағын қамтиды» – деп тарихи тіннің тағы бір тұңғиық сырын ашып тарқата түйіндейді. Мұның бәрінің ұлттық санамызға құнарлы қуат болып дарып, ерекше серпін берері сөзсіз.
Осылай жеті қырды жүйелі түрде сараптай келе, алдағы уақытта атқарылар тың идеяларға толы кешенді жобаларды алға тартуы тіптен айрықша: «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасы, «Ұлы дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериялары, «Түркі өркениеті: түп-тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жоба, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және техникалар музейі, «Дала фольклорының антологиясын жасау, «Ұлы даланың көне сарындары» жинағы, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағы, Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдер, телевизиялық сериалдары секілді іске сәттік ілкімді жобаларын жүзеге асырудың жауапты жолын ұсынып отыр.
Бәрі – бас-аяғы жіптіктей жүйелі, ойы қанық, мақсаты анық, мәні терең, маңызы зор, көп жұмылса қолдан келер, болашақтың көкжиегіне көш түзеген келелі іс, көшелі жобалар.
Бұған баршамыз – тарихшылар, ғалымдар, археологтар, этнографтар музыка мамандары, тілшілер, әдебиетшілер, журналистер, баспагерлер, киногерлер атсалысып, білімділік пен белсенділік танытуымыз керек.
Бұл орайда жазушылар мен киногерлердің шабытты еңбегінің жемісі ерекше болмақ. Өйткені кітап пен киноның құдіреті сол, бұлар – бірі тасқа басылып, бірі жанды лентаға түсіріліп, қаз-қалпындағы деректік және тәрбиелік құндылығын келешекке жеткізе алатын айрықша жанрлар, оның тарихымыз бен тағдырымыздың төрден көрінуіне, ұлттық қасиет рухымыздың қайрала түсуіне септігі мол екені сөзсіз.
Бастысы, мұның бәрі рухымыздың жоғары болуы үшін керек. Негізгісі – тарихымызды терең танып-білуімізге, ұлттық болмысымыздың түп-қазығын нығайта түсуге, тарихи сауаттылығымызды нығайтуға, өркениеттегі орнымыздың қандайлығын қалыптап мақтаныш тұтуымызға, тәуелсіздігіміздің жасампаздық жігер-қуатын күшейте беруіне жол көрсетіп отыр.
Ұлы даланы ұлықтай білу деген осы. Бұл Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгерлігі мен көрегендігінің асқан үлгісі. Оны жүзеге асыру жері мен елін сүйген, бүгінгі ұлтын мақтан тұтар ұрпақ үшін үлкен жауапкершілік, үделі міндет.
Жақау ДӘУРЕНБЕКОВ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері, «Ана тілі» баспасының директоры