Президент • 21 Қаңтар, 2019

Н.Назарбаев: Зимбабвемен саяси, экономикалық серіктестікті дамытуды жолға қойдық

687 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Зимбабве Президенті Эммерсон Мнангагвамен кездесуі болды. Екі ел басшыларының шағын құрамдағы келіссөздері жабық есік жағдайында өтті.

Н.Назарбаев: Зимбабвемен саяси, экономикалық серіктестікті дамытуды жолға қойдық

Елбасы Эммерсон Мнангагваны Қазақстанға алғашқы ресми сапарымен құттықтап, серіктестікті дамытуға бағытталған жоспарларымен бөлісті.

«Біздің өңірге алғаш рет сапар шегіп отырсыз. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы орнады. Содан бері екі ел басшылары алғаш рет кездесіп отырмыз. Сондықтан бұл кездесудің Орталық Азия, Оңтүстік Африка елдері арасындағы ықпалдастықты нығайту үшін маңызы зор. Біз әлемнің бұл аймақтарымен әлі серіктестік орнатқан жоқпыз. Сондықтан, арадағы қашықтық салдарынан туындаған саяси, экономикалық қарым-қатынасты дамытуды жолға қойып отырмыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Президент екі елдің ұқсастықтарын да атап өтті. «Зимбабве де еліміз секілді қазба байлықтарға бай. Ендігі кезекте Менделеев таблицасының 50 элементі бар Зимбабве мемлекетімен серіктестік орнату мәселесін алға қоямыз. Ауыл шаруашылығы секторы да жоспарға еніп отыр. Тау-кен саласындағы тәжірибе алмасу, Зимбабвеге бидай мен ет тасымалдау мәселесі жолға қойылады. Зимбабве мемлекеті біздің транспорт-логистикалық тәжірибемізді қолданысқа енгізуге келісті» деді Н.Назарбаев.

Одан бөлек Елбасы халықаралық саясатта Зимбабвенің қолдауын бағалайтынын айтып кетті. Өйткені, Зимбабве – Африка Кеңесінің беделді мүшесі, БҰҰ белсенді қатысушысы. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында әріптесікті жалғастыруға, сонымен қатар, Қазақстан бақылаушы болып келетін Африка Кеңесінің шеңберінде серіктестікті дамытуға келіскенін хабарлады.  

«Эммерсон Мнангагваның алғашқы ресми сапары екі ел арасындағы серіктестікті дамытуға екіжақты ниетін көрсетті. Алға қойған жоспарларымыз, ресми өкілдеріміздің кездесуі, серіктестік кеңесін құру екі ел әріптестігінің дамуына үлесін қосарына сенемін» деді Мемлекет басшысы сөз соңында.