Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тағылымдық мақаласы әрбір ұлтжанды қазақтың кеудесінде мақтаныш сезімін ұялатып, рухын асқақтата түсері анық. Бұл бұған дейінгі жүзеге асырылып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын мазмұндық жағынан байытып, ауқымын кеңейтуге зор ықпал етпек. Мақаладағы бағдарлы жеті тақырып атауларының өзінен-ақ әр оқырманның сана биігінде Ұлы даланың жеті кереметі деген айшықты ой да жеті жұлдыздай жана кетеді десем, артық айтқандық болмас. Біз бұрын кім едік, болашақта қандай болуымыз керек деген сұраққа толық жауап боларлық негіз бар бұл мақалада.
Батыстың мифтік жадында кентавр бейнесінде жатталған бабаларымыздың жылқының жалында танылған батырлық тұрпаты тәуелсіздігіміздің арқасында әлемдік деңгейде дәріптелетін мүмкіншілікке қол жеткізбек. Ежелгі өркениеттің жетістігі саналатын темірдің сырын тапқан да, алтынмен апталған салтанатты мәдениетімен адамзатты таңғалдырған да түркі әлемінің бесігі болған, Ұлы Жібек жолы арқылы Батыс пен Шығысты жалғастырған, алма мен қызғалдақтың отаны Қазақстан екенін ұрпаққа ұлығат еткен Елбасымыз көк тудың құдіреті мен қасиетін ұқтырды.
Біз – осындай тарихы бар, осындай аманаты бар халықпыз. Өзімізді өзіміз танып біліп, дүниежүзіне ұлы құндылықтарымызды танытуға тиіспіз. Ұлы даланың Елбасы атаған жеті қырын зерттеп, зерделеу арқылы қазақ тілінің шексіз байлығының қайдан шыққанына да көз жеткіземіз.
Құдайберді МЫРЗАБЕК,
ақын
Көкшетау