Қазақстан • 21 Қаңтар, 2019

С.Сәдуақасов: Кешегі боранда «Қазавтожолдың» техникаларының жетіспеушілігі байқалды

366 реткөрсетілді

Кеше облыстың Үржар ауданы аумағында, «Алматы-Өскемен» республикалық жолының 681 шақырымында ақ түтек боран салдарынан таңғы сағат 3:50-ден бастап, автокөліктердің кептелісі орын алып, 400-ден астам адамы бар 7 автобус, 45 КамАЗ, 30 жеңіл көлік және 8 Газель жүре алмай, тұрып қалған еді. Сол күні кешке қарай 312 адам эвакуацияланып, оның 28-і Таскескен ауылындағы ауруханаға, 40-ы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке, 55-і - Ақтамберді орта мектебіне, 19-ы - колледжге, 60-ы - Таскескен ауылының тұрғындарына, 70-і - «Әйгерім» кафесіне орналастырылып, 40 адам Үржар ауылындағы үйлеріне жеткізілген-ді. Көлігінің қауіпсіздігіне алаңдап, эвакуациялаудан бас тартқан жолаушыларға жергілікті атқару органдары ыстық тамақ пен көліктер үшін жанармай беруді ұйымдастырған болатын.

Ішкі министрлігінің Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов 21 қаңтардағы сағат 11-дегі жағдай бойынша 80 көлік әлі де жолда тұрғандығын, автобустар Таскескен ауылына жеткізілген жолаушылардың күтіп отырғандығын, қар тазалау жұмыстарына 100 маман мен 41 техника жұмылдырылғанын хабарлаған еді. Біз мән-жайды білмек ниетпен ұялы телефон арқылы кешеден бері қар құрсауында қалған жолаушылардың қасында жүрген Үржар ауданы әкімінің орынбасары Серік Сәдуақасовқа хабарласып, қысқаша сұхбат алдық.

-Жол ашылды деп естідік. Барлық көлік жолға шығып кетті ме?

-Жол ашылды. 11 автобус та Өскеменге қарай жолға шықты. Автобустағы жолаушылар түнде Таскескен ауылындағы мектептер мен колледжге, емханаға, Мәдениет үйіне орналастырылды. Қалған жолаушылар ұзын саны 153 адам Тескескен ауылына жеткізілді. Таңертең көлік ұйымдастырып, жолаушыларды төрт автобуспен тоқтап қалған жерлеріне әкеліп, автобустарына отырғыздық. Қазіргі уақытта бұл жерде 5 ротор, 2 грейдер мен 3 шынжыр табанды тиегіш жұмыс істеп жатыр. Көліктерді кезек-кезегімен жіберіп жатырмыз. Шамамен 10-14 мәшинедей бар.

- Кеше автобустағы жолаушылардың бірінің «24 сағат болды. Көмек сұраймыз. Жол жоқ. МЧС қайда? Телевизордан көргенде әйбат. Мына жерден көре алмай отырмыз» деген сөзі уатсап арқылы жұртқа тараған болатын.

-Расында, кешегі күн жолаушылар үшін де, біз үшін де ауыр болды. Тыным таппадық. Көліктерін тастап жолаушылардың көліктерінің от алуына көмектестік. Түнде соляркасы біткен көліктерге Үржар ауданының әкімі бөлген Тигачпен «Қазмұнайгаздан» солярка алып бердік. Таскескен ауылының жастарына ерекше алғысымызды білдіргіміз келеді. Олар өз еріктерімен кеше 16 техника шығарды. Екі снегоходпен тамақ жетпей қалған адамдарға тамақ жеткізді. Мақаншыдан арнайы келген әскери бөлім қызметкерлеріне де алғысымыз шексіз. Әскери бөлімнен төрт мәшинемен 20 адам келді. Халықты түнімен тасып, көліктеріне апарып, әкеліп отырды. Өздерімен бірге 100 бөлке нан, ыстық шай әкеліпті. Үржар ауданының әкімдігі де жолаушыларға 60 келідей колбаса, 100 бөлкеден астам нан, су жеткізді. Таскескен ауылының әкімшілігі де көмектесті. Әрине, адам көп болды. Кейбір жолаушылардың наразылығын түсінеміз. Ең бастысы, халық далада қалған жоқ. Қонған мекемелердің барлығында ыстық тамақ ұйымдастырдық. Таңертең барлық жолаушыларға шәйін бердік.

- Білуімізше, республикалық маңызы бар «Алматы-Өскемен» жолы «Қазавтожол» мекемесіне қарайды. Жолдың тазалығына осы мекеме жауапты. Дегенмен жолаушылар тарапынан қардың дұрыс тазаланбауына қатысты көп сын айтылды.

-«Қазавтожолдың» техникаларының жетіспеушілігі байқалғаны рас. Кеше бір ротор мен бір грейдер ғана болды. Грейдердің өзі қайта-қайта батып, әзер жұмыс істеді. Қалған техникалар Үржар, Аягөз, Жарма аудандары мен Өскемен қаласынан келді.

-Жолаушылар арасында үсік шалған, ауырып қалған адамдар болған жоқ па?

- Абырой болғанда, мұндай фактілер тіркелген жоқ. Қан қысымы көтерілген жолаушылар болды. Оларды Таскескеннің бас дәрігері қарап, ем-домын жасады. Ауданның бас дәрігері де, әскери бөлімнен келген дәрігерлер де жолаушылардың денсаулығын бақылап отырды. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Күлкі керуені № 24

Руханият • Кеше

Рейтингте жоғарылады

Кәсіпқой бокс • Кеше

Ұқсас жаңалықтар