Баспасөз мәслихатына «Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева мен бірлестік төрағасының орынбасары Елдос Абақанов, Интерфакс-ЭРА агенттігінің директоры Александр Мартынов, Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының жетекшісі Рапиль Жошыбаев қатысты.
Интерфакс-ЭРА агенттігі директорының айтуынша, 11 түрлі салалық рейтингіні анықтауға Қазақстанның 200-ден астам компаниясы қатысыпты. Олардың басым бөлігі мұнай-газ, тау-кен, машина жасау өнеркәсібі, энергия тарату саласындағы кәсіпорындар.
– Мұнай-газ компанияларының арасында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «ҚазТрансгаз», «Теңізшевройл», «Өзенмұнайгаз», «ҚазМұнайГаз Барлау Өндіру» компаниялары, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы жоғары нәтиже көрсетті, – деді А.Мартынов.
Қазақстан мен Ресей компанияларының жалпы рейтингінде қара және түсті металлургияға қатысты рейтингіде «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС – 81-орынды, «Жезқазғантүстіметалл» АҚ – 107, АрселорМиттал Теміртау» АҚ – 125, «Қазақстан алюминийі» ЖШС – 139, «Қазцинк» ЖШС – 145-орынды иеленген.
Экологиялық-энергетикалық тиімділік көрсеткіші бойынша «Астана-аймақтық электр желілері компаниясы» АҚ, «Астана-Жылутранзит» АҚ, «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «КЭМОНТ» АҚ және тағы басқа кәсіпорындардың нәтижелері жоғары.
Жалпы, өңірлердегі ластану көрсеткіші бойынша Атырау, Қарағанды, Өскемен сынды өндірісі дамыған, өнеркәсіп орындары көп облыстар тізім басында тұр екен.
– Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдармен байланыс орнатып, облыс әкімдіктерімен және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен келісім жасадық. Орталық аймақтардың басшылығына инвесторлар мен бизнес жобаларға «жасыл» технологияны дамытуға қатысты әдістемелік, құқықтық және техникалық қолдау көрсетеді, – деді Рапиль Жошыбаев.
«Жасыл» технологияларды енгізу, энергияны тиімді пайдалану көрсеткіштері, ауаға көміртегін тарату көлемі сынды түрлі өлшемдер бойынша ірі компаниялардың рейтингін анықтау туралы бастама өткен жылы қолға алынған болатын. Оны Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы ұсынған еді. Бұл рейтинг отандық компаниялардың қоршаған ортаға тигізіп жатқан әсерін анықтауға, сонымен қатар олардың экологиялық саясатты ашық жүргізуіне мүмкіндік бермек.
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»