Қазақстан • 21 Қаңтар, 2019

Белден басқан бір бұйрық

368 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Мозговой центр» ЖШС-нің жетекшісі Самат Кәрішаловтың әкімшілік бюрократтық кедергілердің салдарынан табанынан таусылып жүргеніне бір айдан асып барады. Әбден амалы бітіп, салы суға кеткеннен кейін жергілікті кәсіпкерлер палатасына қайырылуға мәжбүр болған.

Белден басқан бір бұйрық

Кәсіпкерлікке кім кедергі?

Бірнеше жылдан бері ресейлік әріп­тестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып келе жатқан ол соңғы жолы «Жа­ңа­жол» шекара бақылау бекеті қыз­меткерлері тарапынан кедергіге кездес­кен. Ондағылар Ұлттық экономика, Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму, Қаржы министрліктерінің өткен жылғы 26 қазандағы № 17613 бірлескен бұйрығын бетке алып, екі жылдың көлемінде бел­гілі бір коды бар, қызмет ету ресурсы аяқталған құбырларды ел аумағынан сыртқа шығаруға тыйым салынғанымен түсіндірген. Сөйтіп, тиісті құжаттарды ресім­деуден бас тартқан. «Кеден қызмет­кер­леріне қолдануға жарамды болат құбыр­ларды қалпына келтіруге апара жатқанымды еш түсіндіре алмадым. Ар­найы сараптамадан өткен құжаттарды ұсынсам да оны ескерусіз қалдырды. Жүк тиелген көліктермен келген ізіммен кері қайтуға тура келді. Қазақстан мен Ресей арасында Петропавлда өткен шекаралас аймақтағы ынтымақтастықты дамыту туралы форумда да кедендегі келең­сіздіктерді азайту жөнінде ашық айтылған еді» дейді шындық іздеп күйіп-піскен кәсіпкер.

Болат құбырлардың жарамдылығы жөніндегі сараптама қорытындысын шығарған «Солтүстік Қазақстан облыстық сауда-өнеркәсіп палатасы» қоғамдық бірлестігінің сарапшысы Павел Анненков та жоғарыдағыдай талаптың заң талаптарымен үйлеспейтінін, белден басқан бір бұйрықтың әлегінен кәсіпкерлер жапа шегіп отырғанын, мұның темір және түсті металдарға да тікелей қатысы барын жеткізді. Қазірдің өзінде теміржолшылар істен шыққан қондырғылар мен жаб­дықтарды Ресейге өткізе алмай отыр­ған көрінеді.

Шетін мәселеге жан-жақты талдау жа­салған кәсіпкерлердің құқығын қор­ғау және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңес отырысында кеңес тө­райымы, белгілі заңгер Инесса Қуа­нова отандық тауар өндірушілерді қол­дауда орын алған кемшіліктерді тізбелеп көрсетіп берді. Былтыр шағын және орта бизнес өкілдерінен 25 шағым түс­кен. «Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің өкілдері бұйрықты орын­дауға міндетті екені рас, алайда жүкті қарап, оны өткізуге рұқсат беру құзыреті берілмегенін қалай түсіндіресіздер? Меніңше, мемлекеттік органдардың ешқайсысы бұл мәселені тиянақты шешуге талпынып отырған жоқ. Сондықтан бұйрықтың күшін жою үшін тиісті ведомстволарға жүгінетін боламыз. Ең бастысы, қандай тауарларды сыртқа шығаруға шектеу қойылатыны нақты көрсетілуі тиіс» деді жиынды қорытындылаған төрайым.

 Көлік инфрақұрылымдары икемсіз

Петропавл қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, 317 әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысанының 253-і бейімдеуге жатады. Оның ішінде 221 нысан қолжетімді болып табылады. 32-сі ішінара қолжетімді. Бөлім жетекшісі Данияр Асылбековтың сөзіне қарағанда, 18 денсаулық сақтау объектісі түгел бейімделген. 68 білім беру мекемесінің 58-і талапқа сай. Мәдениет ғимараттарының 82, спорттық құрылыстардың 92 пайызы қолжетімді. Тоғыз қонақүйге мониторинг жүргізіліп, алтауында мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты жағдай жасалмағаны анықталған.

Ең басты проблема, көлік инфра­құры­лымдарының жетімсіздігіне келіп тіреледі. Жолаушыларды тасымалдау мақсатымен 330 автобус 24 бағытқа қатынағанымен, дені тиісті қондырғылармен қамтамасыз етілмеген. Қоғамдық көлік құрамында асты төмен үш автобус пен гидравликалық көтергіші бар осынша көлік қана бар. «Автокөлік одағы» қауымдастығы қоғам­дық бірлестігінің төрайымы Галина Се­ме­нова мәселені шешуге қолбайлау жайт­­тарды алға тартты. Тағы да үш автобус сатып алу үшін «Даму» қорынан демеуқаржы ресімдеуге келіскенмен, баж салығының тым көптігінен бастапқы ойларынан айнып қалғанға ұқсайды. «Әр автобустың бағасы орта есеппен 12 миллион теңге десек, есепке алу, қосымша жабдықтар қою салдарынан қосымша 5 миллион теңге жұмсауға мәжбүрміз. Қалыптасқан тығырықтан шығу үшін мүгедектерге арналған қондырғылар орнатуға қажет қаражатқа көмек берілсе деген ұсыныс айтқым келеді. Тиісті орын­дардың қолдауынсыз кәсіпкерлер бұл мәселені өздігінен шеше алмайды, деді Г.Семенова жергілікті билік органдарына, үкіметтік емес ұйымдарға қарата айтқан сөзінде.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Солтүстік Қазақстан облысы