Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытудың өзекті сұрақтарын талқылады.
Мәжіліс Спикерінің пікірінше, біздің елдеріміз Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Сооронбай Жээнбековтің өзара түсіністік пен достыққа негізделген, бірлескен жұмыстарының нәтижесінде бүгінде екіжақты және көп қырлы ықпалдастықты нығайтудың жоғарғы көрсеткіштеріне қол жеткізілді.
Алдағы уақытта да Қазақстан үшін бауырластық, стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету маңызды болып қала бермек.
Осы ретте Н. Нығматулин екі ел ратификациялаған қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын шегендеу туралы Шарт өзара сенім мен татукөршілік қатынасты нығайтуға жол ашатынын атап өтті.
Өз кезегінде Қырғыз елшісі қос мемлекет Көшбасшыларының сындарлы саясатының арқасында елдеріміз арасындағы байланыс басқа елдерге үлгі боларлық деңгейде дамып келе жатқанын, болашақта да Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастық әлеуетінің зор екенін айтты.
Одан әрі тараптар, барлық бағытта, соның ішінде, парламентаралық қарым-қатынасты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу барысында Палата Спикері Қазақстан Президентінің еуразиялық идеясының 25 жылдығына орай Астанада, қыркүйекте Еуропа және Азия елдері парламенттері спикерлерінің Төртінші кеңесі өтетінін айтып, оған қатысуға қырғыздық әріптестерін де шақырды.
Н. Нығматулин жаңадан қызметіне кіріскен елшіге депутаттық корпус атынан табыс тіледі.