Спорт • 21 Қаңтар, 2019

Ешкімнен қаймықпайтын қайсар ұл

510 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сингапурде іргетасы қаланған әйгілі ONE FC ұйымы жақында ережесіз жекпе-жектен жеңіл салмақта атой салып жүрген ең мықты сегіз спортшының басын қосып, Гран-при додасын ұйымдастыруды жос­парлап отыр. Айтулы жарыста қандасымыз Қайрат Ахметовтің өнер көрсететіні жайында естіген қазақстандық жанкүйерлердің көңілі кәдімгідей көтеріліп қалды. Ал сол спортшы туралы біз не білеміз?

Ешкімнен қаймықпайтын қайсар ұл

Қазіргі кезде ережесіз жекпе-жек өнерінің хас шеберлерінің біріне айналып отырған Қ.Ахметов 1987 жылы Алматы облысындағы Сарқан ауданының Бақалы ауылында дүниеге келгенімен, оның балалық және жастық шағы Ал­матының іргесіндегі Ащыбұлақ елді мекенінде өтті. Сол жерде жүріп, грек-рим күресімен шұғылданды. Бірқатар халықаралық турнирлерде жүлдегерлер қатарына қосылып, спорт шебері нормативін орындады. Қазақстан ұлттық құрама командасы сапына қабылданып, түрлі бәсекелерде ел намысын қорғады.

– Балуандық өнерде біршама табысқа жеткеніммен, ел чем­пио­натында топ жару бақыты ма­ған бұйырмады, – деп бастады өз әңгімесін спортшы. – Содан ережесіз жекпе-жекке аңсарым ауды. Оған түрткі болған мына жайт: бірде Боралдай ауылында тұратын досым Алмас Жұпаровтың үйіне қонаққа бардым. Қасымда өзімнің сыныптас досым, грек-рим күресінен спорт шебері Қуат Хамитов бар. Алмастың әкесі әрі жеке бапкері Оңалсын аға «ережесіз жекпе-жектен бақ сынауға қалайсыңдар?» деген тосын ұсыныс жасады. Күш-қуатымыз бойымызға сыймай тұрған біздер бірден келістік. Келесі күні Боралдайдағы «Кристалл» спорт клубына барып, сол жерде жаттығып жүрген ең мықты деген қос спортшымен күш сынастық. Қуат та, мен де айқын жеңіске қол жеткіздік. Аталған клуб­тың бапкері Алмас Әлізақовқа өнеріміз ұнады. Сол кісінің қол астында бір ай жаттыққаннан кейін Алматыда үздіксіз ұйымдастырылып тұратын «Железная Орда» турниріне қатысуды ұйғардық. Бұл 2012 жыл­дың орта тұсы еді. Алғашқы кез­десуімді «Саладдин» клубының өкі­ліне қарсы өткіздім. Қарсыласым менен әлдеқайда ірі. Салмағы – 65 кило. Бойы да әжептәуір ұзын. Ал менің салмағым небәрі 57 кило. Бірақ ұйымдастырушылар осылай деп ұйғарғаннан кейін шегінерге жол жоқ еді. Төреші белгі берген бетте екеуміз айқаса кеттік. Оңтайлы тұста оның мойнынан мықтап ұстадым да, қылқындыра бастадым. Қарсыласым тырп ете алмады. Арада бірер секунд өткенде төреші «тоқта» деді. Уысымды босатқан едім, ол сылқ етіп жерге құлады. Сөйтсем, қарсыласым есінен танып қалыпты. Міне, ережесіз жекпе-жек өнеріндегі менің алғашқы қадамым осылай бас­талды.

Екі-үш жекпе-жектен кейін-ақ Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» кәсіпқой клубы Қайрат Ахметовті өз қамқор­лығына алды. Сол кезден бастап бірқатар халықаралық додаларда дара шыққан Ахметовтің атағы біраз жерге тарады. Ол елімізде және шет мемлекеттерде өткен көптеген турнирде топ жарды. Бір ғажабы, қандасымыз 2010-2017 жылдар аралығында өткізген 16 бәсекенің барлығында басымдық танытты. 15 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Өзінің әр жеңісінен кейін «Қара жорғаны» нақышына келтіріп тұрып билейтін қазақтың қолтоқпақтай жігіті барша көрер­меннің көзайымына айналды.

– Әр спортшының өз «фишкасы» болады. Әсіресе айқас ала­ңына шыққандар сан алуан қимыл-қозғалыс жасап, түрлі әрекеттерге баратынын өздеріңіз де байқап жүрген шығарсыздар. Мен қазақтың биі «Қара жорғаны» таңдадым. Шыны керек, алғашқы кездері билеуге жүрексініп жүрдім. «Көрермендер оны қалай қабылдайды екен?» деген ой мазалады. Бапкерлеріммен ақылдаса келе, осыған тоқталдым. Қазір оған еш өкінбеймін. Менің орындауымдағы «Қара жорға» жан­күйерлердің көңілінен шық­қанына сенімдімін.

Қазақстанда қарсылас шыдат­паған Қ.Ахметов 2015 жылы Син­га­пурде іргетасы қаланған ONE FC деп аталатын Азия құрлығындағы ең белді ұйыммен келісімшартқа отыр­ды. Бұл ретте де ол өзінің мықты­лығын мойындатты. Өзінің алғашқы кездесуінде Бразилияның мық­тысы Адриано Мораесті ұпай саны­мен ұтқан қандасымыз жеңіл сал­мақтағы чемпиондық белбеуді иеленді.

ONE FС-де діттеген мақсатына қол жеткізгеннен кейін Ахметов әлем­дегі ең белді ұйым – UFC-де күш сынасуды көздеді. Алайда, син­гапурлық ұйым басшыларының әлі ешкімнен жеңілмеген өжет, батыл әрі сан қырлы осындай спортшыны ешқайда жібергісі жоқ еді. Аңсары Америкаға ауған қазақ спортшысының олар жолын бөгеп, екі жыл бойы жекпе-жекке шығармады. Ұзаққа созылған үзілістен кейін А.Мораеспен қайта шыққан Қ.Ахметов қарсыласына есе жіберіп, алтын белбеуден айырылды. Одан кейін тағы үш кездесу өткізген ол екеуінде жеңіске жетіп, бірінде жеңілістің кермек дәмін татты. Ал ресми деректерге сүйенсек, айтулы спортшы осы күнге дейін өткізген 20 бәсекенің 18-інде басымдық таныт­ты. 11 жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтады. Екі кездесуде өз қар­сы­ластарына ұпай санымен есе жіберді.

Қазіргі кезде 31 жастағы Қ.Ах­ме­тов үшін UFC-ға жол ашатын тағы бір тамаша мүмкіндік туындап отыр. Ол үшін жақында тұсауы кесілетін Гран-при турнирінде топ жару қажет. Әрине бұл оңай шаруа емес. Себебі ең үздік сегіз спортшының басын қосқалы отырған айтулы жарыста кіл мықтылар ғана өнер көрсетеді. Солардың қатарында қандасымыздың ескі таныстары да бар. Кезінде ол бразилиялық Адриано Мораес пен филиппиндік Джехе Эустахионы бір-бір реттен ұтып, бір мәрте ұтылған. Жа­рыс жолына шығатын басқа да жігіт­тер өте қарулы. Ал бұл Гран-при­дің басты фавориті – Деметриус Джонсон екені даусыз. 32 жастағы АҚШ спортшысы 2012 жылдың күзінде UFС ұйымының чемпиондық белбеуін иеленіп, сол атағын 11 мәрте сәтті қорғады. Бұл – рекордтық көрсеткіш! «Қуатты тышқан» деген бүр­кеншік есіммен танылған Джон­сон барлығы 31 кездесу өткізіп, 27 рет жеңіске жетті. 15 жекпе-жегін мер­­зімінен бұрын аяқтады. Үш рет ұты­лып, тағы бір бәсекеде тең есеп тір­келді.

Десек те Қ.Ахметов ешкімнен қаймықпайды. Керісінше, осындай мықтылармен күш сынасуға мүмкіндік берілгеніне ол дән риза. Өзінің бір сөзінде қандасымыздың: «Бұл бір керемет жарыс болатынына еш күмән болмауға тиіс. Әсі­ресе мен Деметриус Джонсонның
ONE ҒС ұйымына ауысқанын естіп қат­ты қуандым, тіптен шаттандым десе де болады. Ол ережесіз жек­пе-жекте ғана емес, күллі спорт әле­мінде түбегейлі мойындалған тұлға. Дәл осындай деңгейі аса жоғары, аты аңызға айналған спортшымен айқасу менің көптен бергі арманым еді», деп ағынан жарылғаны бар.

Алаш жұртының Қайрат Ах­ме­товке деген сенімі зор. Айқас алаңына «Қазақ» деген бүркеншік есіммен шығып жүрген қандасымыз Гран-при турнирінде барын салуға тиіс. Егер осы жоспар жүзеге асса, онда қазақтың қайсар ұлына UFС-ге даңғыл жол ашылады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»