Айта кетейік, «Орбита» саяжай қауымдастығы – талай адам тұрақты қоныс еткен, соңғы жылдары табиғи газ құбыры тартылып, шағын елді мекенге айналған жер. Бір түнде пайда болған тау-төбе қоқыс ең алдымен осы ауыл тұрғындарының наразылығын тудырды. Өйткені шіріп бүліне бастаған теріден шыққан жағымсыз иіс айналадағы қаңғыбас ит пен мысықты өзіне шақырып, қоқыс базарына айнала бастаған.
– Оқиға 13 қаңтарға қараған түні болған екен. Орал қалалық полиция басқармасының Абай бөліміне шағым телефон арқылы 17 қаңтарда түсті. Әрине біздің қызметкерлер оқиға орнына барып, мән-жайды зерттеп, тергеу-тексеру шараларын жүргізді. Сөйтіп қауіпті қалдықты тиісті орынға – қоқыс полигонына апармай, тоғай ішіне төгіп кеткен көлік жүргізушісін анықтады. Бұған бейнебақылау камерасындағы жазба көмектесті, − дейді облыстық полиция департаментінің қызметкері Әлия Наурызғалиева.
Оқиғаға кінәлі − «КамАЗ-5511» автокөлігінің жүргізушісі, Орал қаласының 30 жасар тұрғыны болып шықты. Ол өз кінәсін толығымен мойындады.
Кінәлі жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын айта кетейік.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша Батыс Қазақстан облысында 3927 заң бұзушылық тіркелген.
Ал бейнекамералардың көмегімен облыс аумағында барлығы 16104 заң бұзушылық оқиғасы әшкереленген екен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы