Яғни, полицияның жедел қимыл әрекетінің арқасында аса ауыр қылмыстың ашылу көрсеткіші 92,9 процентке және ауыр қылмыстың ашылу деңгейі 66,4 процентке жеткен. Мұнан бөлек, бұрын жасалған 3 мыңға жуық қылмыс ашылып, кінәсі дәлелденген 2430 адам жылы қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Ал облыстың тергеу органдары ұзын саны 5333 қылмыстық істі сотқа жолдаған.
Жалпы, аймақтағы құқықбұзушылықты аудандарға бөліп қарастырғанда, негізінен Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле және Жамбыл аудандарында қылмыстық оқиға жиі болған. Облыс бойынша жасалған қылмыстың 60 проценті осы аталған аудандардың еншісінде. Тәртіп сақшылары бұл аудандардағы қылмыстың көбеюін мегаполис маңындағы қылмыстық ахуалдың тұрақсыздығынан деп түсіндіреді. Мәселен, Алматы қаласына жақын қоныстанған Жамбыл ауданында 3 адамның өмірін қиған қылмыскер ұсталса, іргедегі Іле, Еңбекшіқазақ аудандарында да кісі өлтіргендер құрықталды. Сондай-ақ, Көксу, Қартал аудандарында да адам өмірін қиған қылмыс оқиғасы болып, кінәлілер ұсталды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы