Қазақстан • 21 Қаңтар, 2019

Әл-Фараби ауданына спорттық сауықтыру орталықтары қажет

531 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкенттегі Әл-Фараби ауданы әкімінің халық алдындағы есептік жиынында шаһар тұрғындары аталған ауданда спорттық сауықтыру орталықтарын салу мен көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту бойынша өтініштерін айтты.

Әл-Фараби ауданына спорттық сауықтыру орталықтары қажет

Өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берген аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов үй басқарушыларымен өтетін ай сайынғы жиын жəне аптаның əр күні таңғы сағат 9:00-10:00 аралығында тұрғындарды қабылдау жүйеге қойылғанын жеткізді.

«Былтырғы жоспар аясында аудан аумағындағы бірқатар жұмыстар толық орындалса, үйлердің ауласына ойын алаңшалары мен спорттық сауықтыру элементтерін орнату жоспары артығымен орындалған. Ауданымызда жалпы 400 аула болса, оның жартысына аула алаңшалары, спорттық сауықтыру құрылғылары орнатылып, жаңартылды. Қалған 200-дей аулада бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасады», деді аудан әкімі Ғабит Мәуленқұлов.

Есепті кездесуде қаланың орталық ауданындағы кәсіпкерліктің жай-күйі сөз болды. Тарқатып айтар болсақ, ауданда кәсіпкерлік саласы тағы 36 ірі кəсіпкерлік нысанмен толығып, жаңадан 3800 тұлғаны бос жұмыс орындарымен қамтамасыз еткен. Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Ырыс», шағын несие ұйымы және жергілікті кəсіпкерлер палатаның мамандары мен екінші деңгейлі банк өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы бағытын қаржыландыруға 70 млн теңге қаржы бөлініп, 15 жоба мақұлданған.

Сонымен қатар, 2018 жылы «Біз біргеміз» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құру мақсатында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нəтижесінде 12 балабақшаға жəне көше бойында орналасқан 971 ірі нысанға пандус орнатылған.

Ал, мүгедектердің құқығын шектегені үшін 5 жекеменшік нысанға құзырлы мекемелер тарапынан 3,1 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»