Аймақтар • 21 Қаңтар, 2019

Ақтөбеде сегіз өзеннің арнасы тазаланып, тереңдетіледі

630 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбеде болуы мүмкін көктемгі су тасқыны мен су басуды болдырмау шараларының кешені жүзеге асырылуда. 2017 жылы жергілікті органдар тиісті Жол картасын әзірлеп, оған республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде бүгінде облыс орталығынан ағып өтетін сегіз өзеннің арнасын тазалау, түбін тереңдету және жағаларын бекітудің ауқымды жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ақтөбеде сегіз өзеннің арнасы тазаланып, тереңдетіледі

Бердібек Сапарбаев Қарғалы, Елек, Сазды және Бұтақ өзендерінде жүзеге асырылып жатқан тасқынға қарсы шаралардың барысымен танысты.

Қарғалы өзенінің арнасын тазалау, түбін тереңдету және жағасын бекіту жұмыстары Садовое ауылынан Елек өзеніне дейінгі аумақта, сонымен қатар, Ақжар көпірінің ауданында, сондай-ақ, Сазды өзеніндегі жұмыстар Сазды су қоймасынан Сәңкібай батыр даңғылына дейін, Елек өзені – Ақтөбе су қоймасынан Қурайлы ауылына дейін, Бұтақ – Ақжар-1 ауылынан Қарғалы өзеніне дейін жүргізіліп жатыр.

Облыс әкімі бұл жобаның маңыздылығын атап өтіп, қала әкімдігіне сапалы әрі уақытында жүзеге асыруды тапсырды.

«Бүгін Елек өзенінің түбін тереңдету және тазалау жұмыстарын жүргіздік. 1100 метрді жүріп өттік, 8 экскаватор жұмылдырылды. Жақын арада қосымша 30 экскаватор мен бульдозер және 70-80-дей адам тартамыз», - деді мердігер ұйым өкілдерінің бірі Әлібек Кенжебеков.

Облыс орталығынан ағып өтетін сегіз өзеннің жалпы ұзындығы 118 шақырым. Бүкіл жұмыс осы жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

Жобаны жүзеге асыру 2017 жылы болған су тасқыны жағдайының қайталанбауына мүмкіндік береді. Сол кезде су қоймаларындағы судың көтерілуіне байланысты су деңгейі шекті деңгейге жетіп, салдарынан өзен арнасы маңындағы бау-бақша ұжымдары мен тұрғын үй алаптарын су алған болатын.