Медицина • 21 Қаңтар, 2019

Қазақстанда соңғы 10 жылда нәрестелер өлімі-жітімі екі есе төмендеді

149 реткөрсетілді

Еліміздің емханаларында балалар дәрігері қызметін қалпына келтіру мәселесі әлі де көкейкесті күйінде қалып отырғандығына қарамастан, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде педиатрия факультеті қайта ашылды. Тек қана балаларды қарауға машықтанған медицина мамандарының жетіспеушілігі қазірге басы ашық күйінде қала бермек. Дегенмен, отандық педиатриялық қызмет те өзінің он жылдығын артқа тастады. Алайда бұл салада атқарылатын жұмыс әлі де шаш етектен.

Ал жоғарыда атап өткендей, 2017 жылғы қыркүйек айында педиатрия факультеті қайта ашылып, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде педиатрларды дайындауға 150 грант бөлінген-ді. Оның нәтижесі уақыттың еншісінде.

Ең бастысы Үкіметтің үздіксіз жүргізген мақсатты шараларының нәтижесінде, соңғы 10 жылда балалардың өлім-жітімі 2 есеге (2017 жылы 1000 нәрестеге шаққанда 10,2), нәрестелердің шетінеуі 2,6 есеге (2017 жылы 1000 нәрестеге шаққанда 7,9) төмендеген.

Сондай-ақ отандық медицина балалардың туа бітті даму ақауын (әрі қарай – ТДА) жатыр ішінен анықтап қана қоймай, жүкті әйелдерді де емдеуге мүмкіндік беретін перинаталдық диагностикалауды жақсартты. Туа бітті кеселдерден болатын 1 жасқа дейінгі бала өлімі соңғы 10 жылда 1,5 есеге азайды. Бұл перинаталдық диагностиканың жақсаруына және жедел араласу әдістерінің жетілдірілуіне байланысты, дейді мамандар.

Республикада балалар кардиохирургиялық қызметі жолға түсті. Қазіргі кезде елімізде туа бітті жүрек ақауы бар балаларға арналған 145 кардиохирургиялық төсек-орын мен 28 кардиохирургиялық реанимациялық төсек-орын ұйымдастырылған. Жыл сайын бала жүрекке 2 мыңнан астам ашық ота жасалады.

Оған қоса онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың өмірі ұзарды. Дертті балалардың басым көпшілігі шын мәнінде сауығуға қол жеткізді. Бұл жетістіктерге республикамызда лейкемияға шалдыққан балаларды емдеуде 20 жылдан бері қолданылып келе жатқан BFM неміс бағдарламасы арқылы, яғни химиотерапияны таңдамалы қарқындату, бағдарламалық емдеуді іске асырудың арқасында қол жетті. Қазіргі кезде жіті лимфобластық лейкозға шалдыққан балалардың өміршеңдігі жоғары мөлшерлі полихимия терапияны (ПХТ) қолдану нәтижесінде 78%-ды құрайды. Демек бұл дегеніміз әлемдік нәтижеге жақын.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрайымы Риза Боранбаева: «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тірі туу өлшемдерін енгізу арқылы  ең төмен салмақта (500 гр-нан жоғары) шала туған нәрестелерді аман алып қалуды үйрендік. Осылайша неонатальді хирургия және кардиохирургияны  барынша тиімдірек дамытуға мүмкіндік алдық. Өйткені, аз салмақтағы балаларды сақтап қалу машықтары жалпы алғанда дәрігерлердің сауаттылығын көтеруге және басқа патологиямен балаларды емдеуде жеке білімдерін қолдануға жол ашады. Бірақ, шала туған балаларды күтуде сенсорлы ауытқулар (кереңдік және ретинопатия) мәселесі пайда болды. Ал бұл дәрігерлеріміз осы жылдарда меңгеруі тиіс жаңа салалар еді. Бүгінде республикалық орталықтарда ғана емес, сондай-ақ бірқатар облыстық орталықтарда да шала туған балалардың көру қабілетін сақтау мақсатында ретинопатия кезінде көздің ішкі тор қабығына лазеркоагуляция отасы, ашық жүрекке жасалатын оталар сәтті өтуде. Соның ішінде жүрекке 3-4 күрделілік деңгейінде және 500-ден астам рентгенэндоваскулярлық жедел араласулар жасалынады. Ретинопатияға шалдыққан шала туылған балаларға хирургиялық көмек көрсету кезінде жақсы нәтижелер алынды: регресс және процестің тұрақтануы 94,7%, ал 4-5 сатыдағы шала туылғандар ретинопатиясының белең алуы тек 5,3% ғана. Бұрынд осы балалардың барлығы мүгедек болып қалатын. Елімізде жыл сайын осындай 2 мыңнан астам хирургиялық ота жасалады. Осының арқасында туа біткен ақаулары бар шала туған балалардың тірі қалуы қазіргі уақытта 80%-ды құрап отыр» дейді.

Сәби өлімі мемлекеттің даму деңгейі мен онда жүріп жатқан экономикалық және әлеуметтік өзгерістерді айқындайтын демографиялық көрсеткіш. Бұл көрсеткіш бір жыл ішінде 1000 балаға шаққанда 1 жаста шетінеген балалар саны бойынша және промильде есептеледі.

Мәселен Қазақстанда нәрестелердің шетінеуі 2,6 есе төмендеп, 7,9%-ды құраса, ТМД елдерінде орта есеппен нәрестелер өлімі – 9,3%-ды (Қырғызстан – 19,9%, Тәжікстан – 11,8%, Өзбекстан – 10,7%, Әзербайжан – 9,8%, Ресей – 7,3%). Әрине, шын мәнінде бізге бұл бағытта әлі де жетілу керек, өйткені ЭЫДҰ елдерінде көрсеткіш 6,7%-ға тең. Дегенмен,  елімізде тұрақты түрде ілгерілеу, даму бар.

Бір жасқа дейінгі балалардың шетінеуінде Қазақстанда да перинаталды кезеңдегі жағдай мен дамудың туа бітті қатерлері деп аталатын осы екі эндогенді себеп тізімді бастап тұр. Үшінші орында оқыс жағдайлар балалар көз жұмады. Ал осы мәселенің шешімі денсаулық сақтау қызметіне ғана байланысты емес, бұл жерде білім беру мекемелері, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, әкімдіктермен жүйелі қарым-қатынас орнату факторлары да жоғары. Бұл топта балалардың ана сүтінен қақалуы, анасы ұйықтап кетіп баласын абайсызда тұншықтыруы, сәбилерге ауыр заттардың құлауы (теледидар, көрпелер және т.б.) немесе қараусыз қалып, арықтар мен өзендерге батып кетуі салдарынан дені сау балаларды жоғалтып отырмыз. Қазіргі таңдағы ел медицинасындағы, педиатрия саласындағы жағдай осындай. 

Статистка заңдылықтары бойынша егер нәрестелер өлімінің көрсеткіші республика бойынша төмендесе де, кейбір өңірлерде ол жоғары болуы мүмкін. Көп жағдайда дені сау баланың дүниеге келуі ата-аналардың денсаулығына, жүктілік кезінде талаптарды дұрыс орындауына байланысты. Нәрестелердің өлім-жітімін сөз еткенде ең алдымен негізгі себеп-салдарға назар аудару қажеттігі көрінуде. Мәселен, Атырау облысында нәрестелер өліміне жасалған талдау шетінегендің 40%-ы шала туудан және 16% жаңа туған балалардың туа бітті аурулардан көз жұмғанын көрсетті. Сондықтан, бала өлімі деңгейін азайтудың негізгі әрекеті – профилактикалық шаралар болып қала бермек.                                            

Бүкіл әлемде профилактикалық іс-шаралардың ең тиімді жолы – халықтың әл-ауқатын арттыру, жастардың салауатты өмір салтын ұстануы, қоршаған ортаны жақсарту болып отыр. Өскелең ұрпақ денсаулығы үшін күрес жасөспірім кезінен бастау алу керек, кейін отбасы құруға дайындықта, жүктілік пен бала туу кезінде өрбігені жөн. Сонда ғана қоғам болып шала туған және туа бітті аурулармен туған нәрестелер санын азайта аламыз, дейді мамандар.

Гүлнар ӘБДІЛОВА, Педиатрия және балалар хирургиясы  ғылыми орталығы басшысының педиатрия жөніндегі орынбасары:

Соңғы жылдары онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың өмірі ұзарды. Тіпті басым көпшілігі іс жүзінде сауығуға қол жеткізуде. Бұл жетістіктерге лейкемияға шалдыққан балаларды емдеуде 20 жылдан бері қолданылып келе жатқан BFM неміс бағдарламасы үлгісінде химиотерапияны таңдап қарқындату арқылы қол жеткізілді. Қазіргі кезде жіті лимфобластық лейкозға шалдыққан балалардың өміршеңдігі жоғары мөлшерлі ПХТ қолдану нәтижесінде 78 пайызға жетті. Яғни, әлемдік нәтижеге жақын. Әлемдік жетекші орталықтарда осы ауруға шалдыққан балалардың өміршеңдігі 80-85%-ды құрайды.

2012 жылдан бері балаларға гемопоэздік өзектік жасушаға 151 трансплантация жасалынды. ГӨЖ аллогендік трансплантациялау тиімділігі 75,3% және аутологиялық – 71%-ды құрады. Мұндай дертке шалдыққан балаларды мемлекеттік қаражат есебінен диагностикалау және фермент алмастырғалық емдеумен қамтамасыз ету бойынша мәселелер шешімін тапты.

Гүлайым БАЙТАНАТОВА, Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығының жаңа туған нәрестелердің қарқынды терапиясы бөлімшесінің меңгерушісі:

Балалардың денсаулығы тікелей ананың денсаулығына байланысты. Біздің орталыққа ауыр науқастарға ұшыраған аналар жатады. Орталық жылына 3 мыңнан аса әйелді босандырады. Туа бітті ақауымен дүниеге келген, хирургиялық көмекті қажет етететін нәрестелдерді бірден Педиатрия орталығына жібереміз. Біз бұл орталықпен тығыз қарым-қатынастамыз. Жылдан-жылға тиімді перинаталдық технологиялар пайда болып, медициналық құралдар да жақсарып келеді.  Соңғы 10 жылда перинаталды өлім-жітім 30-дан 5,5 промилге, ерте жастағы неонаталды шетінеу 15-тен 3,2 промилге, неонаталды өлім-жітімі 20-дан 3,5 промилге төмендеді.  

Гүлмира АЛТЫНБАЕВА, неонатолог дәрігер:

Біздің Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығында жаңа туылған нәрестелерге, оның ішінде ДСҰ ұйғарымы бойынша 500 грамнан жоғары, шала туған нәрестелерге алғашқы көмек көрсетіледі. Соңғы 10 жылда шала туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші едәуір жақсарды. Әрине, мұның барлығы тиімді перинаталды көмек пен күтім мен заманауи технологияларды меңгерген мамандардың арқасында жүзеге асып отыр. Сондай-ақ орталықтың неонатологтары нәрестелерді емдеумен қатар, республика аймақтарындағы әріптестеріне «Нәрестелерге алғашқы реанимациялық көмек» тақырыбында шеберлік дәрістерін өткізіп, консультативті-әдістемелік жұмыстар жасап, телемедицина арқылы үнемі кеңес беріп отыр.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар