Қоғам • 20 Қаңтар, 2019

Ерден Қажыбек: Жалпыхалықтық талқылау қажет

1402 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің басты басылымы – «Егемен Қазақстан» газеті бетінде қазақ әліпбиінің  латын графикасына негізделген жаңа әліпбиінің орфографиялық ережелерінің ұсынылуы – Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен іске асырылып отырған тілдік реформаның жарқын көрінісі.

Ерден Қажыбек: Жалпыхалықтық талқылау қажет

Қазақ әліпбиінің емле ережелері көрнекті тілші ғалымдардың, әдіскерлердің қатысуымен 2018 жылы жаз айларында дайын болған еді. Емле ережелерін әзірлеу барысында бірнеше конференция, дөңгелек үстелдер, семинар-кеңестер ұйымдастырылып, негізгі құрастырушылармен қатар жоғары оқу орындарының профессорлары, мектеп оқытушылары ұсыныстары мен пікір-тұжырымдарын ортаға салды.

Сонымен қатар жарты жылдай уақыт бойы ғалымдар, әдіскерлері, ғылыми зерттеу институттарының қызметкерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары еліміздің ірі қалаларында, облыс орталықтарында, тіпті ауыл-ауылдарғa барып, жаңа қазақ әліпбиін, емле ережелерін түсіндіру үшін халықпен кездесті. Әліпбиді таныстыру мақсатында құзырлы органдар әртүрлі сауалнамалар жүргізіп, жалпыхалықтық диктант жұмысын ұйымдастырды.

Бұл іс-шаралар рухани құндылықтың негізі – тілге байланысты мәселелерді қалың жұршылықпен ақылдасуға, ғалымдардың, зейнеткерлердің, орта буын өкілдерінің, студенттердің, мектеп оқушыларының – жалпы қоғамның тіл тұтынушыларының нақты ұсыныстарына зер салуға, ескеруге зор мүмкіндік берді. Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі әліпбимен ауыстыру жолымен реформалауды демократиялық жолмен жүзеге асыру Ұлт Көшбасшысының дәйекті ұстанымы екендігі ақиқат.

Жарияланған емле ережелерінде, негізінен, таза ғылыми тұрғыдан А.Байтұрсынұлының қазақ әліпбиіне қатысты ұстанымдары басшылыққа алынды. Алайда «Елу жылда ел жаңа» демекші, қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахаң өмір сүрген уақыт пен қазіргі қарыштап даму үстіндегі қоғамның айырмашылығы жер мен көктей. Оған қоса жарты ғасырдан астам қалыптасқан жазу дәстүрі, халықтың психологиялық қабылдауы және т.б. сияқты факторлар және бар. Бұлардың бәрі қазіргі емлеге әсер етпеуі әсте мүмкін еместігін де айтып өткім келеді.

Елбасының өзі айтқандай, «рухани құндылықтарымызды жаңғырту ісінде әрбір азаматтың пікірі қымбат». Жаңа әліпби негіздегі емле ережелеріне қоғам мүшелері бей-жай қарамайды деген сенімдемін және жұртшылықтан ұсыныстар болады деп ойлаймын және ғылыми негізді ой-пікірлер міндетті түрде ескерілуге тиіс. Бұл бағытта тиісті жұмыс топтары әрі қарай белсенді жұмыс атқаратын болады.

Тіл – жалпы халыққа тиесілі негізгі рухани құндылық. Сондықтан тілге қатысты реформаны әкімшілік жолмен жүргізуге болмайды.

Қоғамда саяси-әлеуметтік, экономикалық және т.б. себептерге байланысты қолға алынған жаңаша реформаның қай-қайсынының да жетілдірілетін тұстары болатындығы шындық. Осы орайда  «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерін» Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияға бекітуге ұсынар алдында тағы бір қайтара саралап, халықтың ортасына салып, пікірлерін сараптап, олқылықтары болса жөндеу керек деп санаймын. Емле ережелеріне қатысты жұмыс жалпыхалықтық сипатта болуға тиіс. Сондықтан осы мәселеге жалпы көпшілікті белсенді атсалысуға шақырамын.

Ерден ҚАЖЫБЕК,

ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор,

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры