Әлем • 22 Қаңтар, 2019

Ақырзаман жақын ба?

2453 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ресейлік БАҚ-ты алаңдататын мәселе: планетамызға тіршілікті біржолата жойып жіберетін, диаметрі 300 метрлік астероид жақындап келеді.

Ақырзаман жақын ба?

 «Адамзаттың тіршілігіне 49 жыл қалды. Үлкен көлемдегі астероид Жерге жақындап келеді», - Life баспасөз құралы.

«Ғалымдар ақырзаманның уақытын анықтады», - НТР телеарнасы.

«Жер тұрғындарының көп бөлігі қаза болады», - «Народные новости».

«Апокалипсис жақын», - Бесінші арна.

Барлық басылымдар бұл астероидтың Апофис деп бекер аталмағынын алға тартып отыр. Ол Күнді жұтуға ұмтылып, мәңгілік қараңғылықты қалайтын қорқынышты Ежелгі Египет құдайы-жыланның құрметіне аталған.

Сонда бізді шын мәнінде апокалипсис күтіп тұр ма?

Жауабы, әрине жоқ. Дегенмен де ақырзаман туралы хабардың қайдан пайда болғаны, онда ненің шындық, ненің жалған екені туралы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Фактілерді тексеру

Негізі Апофис астероиды шын мәнінде бар және Жерге расымен жақындап келеді.

Ол 2004 жылдың маусым айында ашылған және сол кезде көп шу болған еді. Бастапқы есептеулер бойынша, оның 2029 жылы Жермен соқтығысу ықтималдығы 2,7% - ға бағаланды, бұл көктегі дененің көлемі мен массасын есепке алғанда өте үлкен көрсеткіш.

Ресейлік БАҚ мәліметтері бойынша, Апофистің диаметрі - 325 метр. Бұл да нақты ақпарат емес: астероид көлемі Жерге жақындаған сайын нақтыланады, соңғы мәліметтер бойынша оның диаметрі-370 метр.

Қалай десек те, оның Жермен соқтығысуының салдары біздің планетамыз үшін ауыр болады. Оның салдары ең қуатты ондаған атом бомбасының жарылысымен теңеседі.

Оған қоса, Апофис жерге бір емес, бірнеше рет жақындайды. Дәлірек айтқанда, жалпы – 12 рет, ал оның үшеуінде біздің планетамызға өте жақындайды: 2029(сәуір), 2036(наурыз) және 2068(сәуірі).

Бірінші ретте ол біздің планетамыздан 31,2 мың километрге жуық қашықтықта өтеді - және бұл Жерден Айға дейінгі қашықтықтан 12 есе аз, тіпті кейбір жасанды байланыс жерсеріктерінің орбиталарына қарағанда сәл жақын.

Осымен шынайы фактілер аяқталып, асыра сілтеу басталады.

Шын мәніне келсек..

Біріншіден, астероидтің Жермен соқтығысуын көрсететін барлық иллюстрациялар-суретшілердің қиялы іспеттес. Тіпті Апофистің сапалы бірде-бір суреті жоқ.

Міне, астероидтың НАСА сайтындағы ең жақсы суреті.

Соңғы есептеулерге сәйкес, Апофис біздің планетаға 5,85 км/с - немесе 21 мың км/сағ жылдамдықпен жақындап келеді.

Бұл сандар қорқынышты естіледі, бірақ шын мәнінде - ғарыштық өлшем бойынша бұл өте аз. Себебі, Жермен соқтығысу ықтималдығы жоғары басқа аспан денелері бізге бұдан да тезірек жақындайды.

Апофистің жылдамдығының салыстырмалы түрде төмендігі оның траекториясын дәл есептеуді қиындатады, сондықтан ол үнемі нақтыланып отырады.

Жоғарыда айтылғандай, болжам бойынша апаттың 2029 жылы болу ықтималдығы - 2,7%.

Алайда екі жылдан кейін, 2006 жылы нақты ақпараттар пайда болып, соқтығысу туралы болжам толығымен жойылды. Апокалипсисті 2036-шы жылға ауыстырды.

Дегенмен, бұл болжам ұзаққа созылмады. 2013 жылы ғалымдар Апофис траекториясын қайта есептеп, алдағы армагеддонды қайтадан жоққа шығарды.

«Қазіргі уақытта соқтығысу ықтималдығы миллионнан бір деңгейінде, бұл көрсеткіш 2036 жылы апаттың болмайтынына сенім сыйлайды», - деп мәлімдеді НАСА-да Жер маңындағы нысандарды бақылау бағдарламасына жетекшілік ететін Дон Йоманс.

Содан бері НАСА Апофисті бақылауды жалғастыруда. Ең соңғы деректерге сүйенсек, оның 2068 жылы планетамен соқтығысу ықтималдығы 0,000007 - немесе 110 мыңнан 1 деңгейінде бағаланады.

Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл автомобиль апатының салдарынан өлу мүмкіндігіне қарағанда мың есе аз, араның шағуынан өлу ықтималдығынан екі есе аз және шамамен ит тістегеннен өліп қалу мүмкіндігімен тең.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Егемен Қазақстан»