Қоғам • 22 Қаңтар, 2019

Іскер әйелдер қауымдастығы – қайырымдылық бастамашысы

1529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда республикалық Іскер әйелдер қауымдастығының жұмыс істегеніне жиырма жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт ішінде ұйым қоғамдағы белсенділігімен ерекшеленді. Әйелдерді бизнеске, кәсіпкерлікке тартуда, одан кейінгі жылдары әйелдердің саяси белсенділігін арттыруда көптеген жұмыс жүрді. Қазір облыста әйел-кәсіпкерлер кәсіпорындар мен шаруашылықтарды басқарады.

Іскер әйелдер қауымдастығы – қайырымдылық бастамашысы

Іскер әйелдер қауымдастығындағы арналы жұмыстың бірі қайырымдылық дер едік. Ұйым әлеуметтік жобаларға белсене қатысады. Ұйым мүшелері облыс өңірінде көптеген қайырымдылық шараcын өткізеді. Мысалы, ұйым 2016 жылы ауру баланың емделуі үшін 850 мың теңге берді. 2017-2018 жылдары «Жанұя» облыстық балалар үйіне көмектесті. Іскер әйелдер қауымдастығы ата-ана қарауынсыз қалған және әлеуметтік аз қорғалған отбасылар балаларына көмек акцияларын жиі ұйымдастырады.

Республикалық Іскер әйелдер қауымдастығы биыл елімізде бірінші рет өтіп отырған «Қайырымдылық керуені» байқау-акциясы құрылтайшыларының бірі ретінде белсенді ұйымдастырушы-жүргізуші болып отыр. Облыстық қауымдастық мүшелері облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне байқау акцияның мақсаты мен мазмұны туралы айтып берді.

«Қайырымдылық – адамдарды ынтымаққа, мейірімділікке тәрбиелейтін тамаша қасиет, тамаша құрал. Мұнан әйелдер қауымдастығы қалай сырт қалуы тиіс? Байқауға берген материалдарды «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы» атты бес аталым бойынша бағалайды. Онда ең бастысы, біздің еліміздегі адамдар қолымен, жүрегімен жасалатын тамаша істер көрініс табады» дейді Қостанай облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының атқарушы директоры Балбөпе Ертаева.

Журналистер үшін өткізген брифингте Іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері байқау-акцияның шарттары мен уақыты туралы айтып, сұрақтарға жауап берді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

Egemen Qazaqstan

Қостанай