Ашылу салтанатына ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов пен Астана футбол федерациясының президенті Малик Хасенов және БАҚ жетекшілері қатысты.
Айта кету керек, биылғы маусым толығымен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен өтуде. 2016 жылы бастау алған біріншілікке биыл БАҚ өкілдерінен 15 команда қатысуға өтініш білдіріпті.
«BAQ league» – Қазақстан журналистикасының тарихындағы тұңғыш және жалғыз толыққанды футбол біріншілігі. Бұл жоба БАҚ өкілдері арасындағы ынтымақтастық пен достықты арттырып, жаңа таныстар табуға жол ашып, редакция ішіндегі татулықты күшейтетіні сөзсіз. Тіпті, елордада өтетін BAQ league біріншілігіне апта сайын Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шымкент қалаларының да журналистері келіп қатысып жатыр. Бұл Лиганың қарқынды дамып жатқанын және журналистер қауымы арасында маңызының артқандығының белгісі.
Бүгінде «BAQ league» әр маусым сайын 30-дан аса БАҚ редакциялары мен 300-ден астам журналистің басын біріктіретін елеулі жобаға айналды. 2018 жылдан бастап Журналистер біріншілігі екі Лигаға бөлінген. «А» лигасының командалары жүлделі орындарды өзара сарапқа салса, «В» лигасының командалары жоғары топтың жолдамаларына таласады. «А» лигасында «Егеменнің» командасына да топ тебуде. Егемендіктер төртінші маусымда жүлделі екінші орын алғанын айта кетейік.
Бесінші маусым 2019 жылдың 21 сәуіріне дейін жалғасады. Ойындардың барлығы Назарбаев Университеттің спорт кешенінде өтеді.
«Егемен-ақпарат»