Саран қаласындағы электр стансасының іске қосылуы Мемлекет басшысының сыртқы саясатты «экономизациялау», Қазақстанға озық тәжірибені, білімді, технология мен инвестицияларды тарту бойынша міндеттерін жүзеге асырудың жарқын үлгісі болып табылды.
Қысқа мерзімде іске асырылған жоба орталық және жергілікті билік органдарының Германия, Чехия және Словакия мемлекеттері компанияларының тобымен, сондай-ақ Еуропа Қайта құру және даму банкімен (ЕҚҚДБ) бірлескен жұмыстың нәтижесі болды.
Электр стансасының құрылысы барысында жергілікті мазмұнға, оның ішінде Сарандағы компаниялардан еңбек өнімді, бұйымдарды және құрылыс материалдарды тартуға ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жаңа электр стансасында жергілікті тұрғындар үшін жұмыс орындары ашылды. Электр стансасының іске қосылуы еліміздегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру, «жасыл» технологияларға көшу бойынша Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын іске асырудың тағы бір қадамы болды.
Бұл туралы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Германияның Қазақстандағы елшісі Тило Клиннер, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, «Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар халықаралық орталығы» АҚ басшысы Рәпіл Жошыбаев атап өтті.
Бұған дейін «Саран қаласында 100 МВт қуаты бар күн электр стансасын салу» жобасы «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі аясында таныстырылды.
Ашылу рәсіміне дейін тараптар 500 млн АҚШ долларын құрайтын инвестицияларды кеңейтуді көздейтін «SES Saran» жобасын дамыту туралы меморандумға қол қойды.
Сонымен қатар ресми ашылу рәсіміне Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысып, Қарағанды облысы мен германиялық «Goldbek Solar» компаниясының басшылығы келіссөздер жүргізді. Келіссөздердің нәтижелері бойынша, еуропалық инвесторлардың қатысуымен аймақтық жобаларды ілгерілетуде және олардың технологияларын тартуға экономикалық дипломатияны одан әрі дамыту туралы келісімдерге қол жеткізілді.
Дайындаған Жолдыбай БАЗАР,
«Egemen Qazaqstan»