25 Қаңтар, 2019

Азаматтың ақ жолы

1163 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өмір жолының қай кезеңінде де, қандай тағдырлы жылдарында да табиғи қалпын бұзбай, шыр етіп дүниеге келгенде құдай маңдайына жазған адамдық асыл қасиеттерінен айнымай, уақыт желімен құбылып соқпай, құрыққа сырық жалғамай, жүзі жарқырап жүріп жатқан жүрегі таза, жайсаң жандар көптеп саналады. Сондай ел санаты дерлік санаулылардың қатарына атырапқа аты мәлім тағылымды тұлға, іскер ұйымдастырушы, беделді басшы Әлихан Әбдіханұлы Тойбаевты жатқызуға болады. 

Азаматтың ақ жолы

Кісілігі мен кішіпейілділігін тең ұс­та­ған биік адамшылық иесі, аса білік­ті маман, мені кем, алды кең абзал азаматтың бүкіл саналы ғұмыры елдің бетін­де, желдің өтінде өтіп келеді. Адам­ның, әр азаматтың өмір жолында кез­де­сетін бір ерекше тұлға болады. Мен сондай азамат деп Әлихан досымды сеніммен айта аламын. 1974 жылы жұмыс бабында танысып, кейіннен туыс­тан артық, қияметтік дос болып кеттік. Сол сыйластық бүгінге дейін жарқын жалғастығын тауып келеді. Сый­ласып та, сырласып та жүрген осы жыл­дар ішінде оның адами болмысын, аза­маттық әлемін біркісідей білемін десем, артық айтқандық емес шығар. Оның ішкі жан дүниесі мен көңіл түкпіріне үңілген сайын жүрек аясын айнадай таза ұстайтындығына көзім анық жетті. 

Әлбетте атақ-абыройдың өз­ді­гі­нен келе салмайтыны белгілі. Ол адам­гер­ші­лік пен азаматтық парызды тең тұтынған тек­тінің еңбегі арқылы ғана келмек. Сол ретте Әлихан достың болмысына бой­лауды оның өмірбаян дерегіне аз-кем тоқталудан бастаған жөн. Әлихан Әбді­ханұлы Алматы облысы Талғар аудан­ының Фрунзе (қазіргі Туғанбай) ауылында туған. Әкесі Әбдіхан заманында аймақ-атырапқа белгілі, аузы дуа­лы, сөзі уәлі, елге сыйлы адам болған. Колхоз басқарған. Оның бойындағы ерін­бей еңбектену, істі тындырымды атқару, түрлі санаттағы адамдармен тіл табы­сып, ортақ іске жұмылдыра білу, сөзге, сертке берік болу сынды, кейін бүкіл саналы ғұмырына таразы тартқан кісі­лік қасиеттер, адамшылық сипаттар сол абыз әкенің өнегесінен, тәрбиесінен дары­ған болуы керек. Әлихан Қазақ ауылшаруашылық институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын туған ауылында қатардағы жұмыс­шылықтан бастаған. Жүргізуші, сле­сарь, агроном, бригадир болған. Ина­бат­ты ізгілік, істің көзін тапқан ілкім­ділік бірден басшылықтың көзіне түсіп, тұрғындардың назарын аударған. Соның арқасында қызметке кіріскеніне көп уақыт өтпегеніне қарамастан жауапты жұмыстарға еркін тартыла бастайды. 

Мансап жолын Талғар ауданы «Гор­ный садовод» кеңшарының партия коми­те­ті­нің хатшысы болып бастап, атқарған адал еңбегіне қарай қызметі сатылап өсіп, Тал­ғар аудандық партия комитетінің ауыл шаруа­шылығы бөлімінің мең­ге­ру­шісі, Алматы облыстық партия коми­т­е­­тінің ауыл шаруашылығы бөлімі мең­герушісінің орынбасары, Талғар аудан­дық партия комитетінің екінші хатшысы, Талғар аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Халық депутаттары Талғар аудандық кеңесінің төрағасы қызметтерінде де ел ықыласына бөленді. Еліміздегі әкімдік институттың бастау көзі­нде тұрды. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қанатты қағиданы берік ұстанып, халықпен етене жұмыс істеу­дің тамаша үлгісін көрсетті. Тал­ғар ауданының, Талғар қаласының, Қара­сай ауданының әкімі, Алматы облысы әкімінің бipiншi орынбасары, Алматы облысы әкімінің орынбасары, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қыз­мет­терін де абыроймен атқарды. Қай қызметтің тұтқасын ұстаса да білек сыбанып кірісіп, қайраткерлік танытып, жемісті еңбек етті. Қандай да бір күрделі мәселелердің шиеленіскен күрмеуін іскерлікпен шеше білді.

Бір ғана саламен шұғылданатын бірегей мекеме емес, аумағы бірнеше белдікті басып жатқан, шаруашылық құры­лымдары да сан-салалы, оның үстіне тұрғын халқы тілі басқа, діні бөтен, ділі бөлек бірнеше ұлт өкілдерінен құралған аймақ, ауданды біліктілікпен басқарудың қиындығы өз-өзінен түсінікті болса керек. Міне, осы мәртебелі міндетті қал-қаде­рінше абыроймен атқара білді. Әуел бастан-ақ алыс ауыл­дардың жай-күйіне, әлеу­мет­тік са­лаға баса назар    аударды. Хал­қы­­мыздың атақоныс – арда мекені ауылдардың жағдайы жылдам жақсарып, еңсе тіктеп кетуін басты талап етіп қойды. Елдің рухын көтеріп, басынан бағы тайған ауылдардың барын қайтадан базарлаудың ұлы міндетін қажырлылықпен орындап шықты. Ел үшін аянбай еңбек етіп, халық құрметіне бөленді. Облыс көлемінде орын алған барлық баталы бастамалар мен іргелі істерге белсене атсалысып, алдыңғы қатарда жүрді. Соның нәтижесінде 2012 жылы Парламент Мәжілісінің депутаттығына сайланды.

Депутат болған жылдарында Парла­мент­те қабылданған әрбір заң жобас­ын талқылауға белсене қатысып, өзі­нің өмірлік бай тәжірибесін, білім-бі­лі­гін танытты. Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі болды. Соған сай ауыл­ға қатысты маңызы зор мәселелерді батыл көтеріп, депутаттық сауалдар жолдады, шаруашылыққа, ауыл адамына тиімді жаңа заңдардың қабылдануына лепті үлес қосты. Қоғаммен, халықпен тікелей байланысқа түсіп, Елбасының сындарлы саясатын жан-жақты насихаттауда алымдылық танытты. Көпшіліктің көкейіндегі талап-тілектерді терең ұғы­нып, шынайы шешім табуына себепкер болды. Халық қалаулысы ретінде толғағы жеткен мәселелер жөнінде пайы­мды пікірлер айтып, салиқалы сұхбаттар құрды. Солардың бірінде былайша толғанады: «... Әр азамат адам деген атқа лайықты болуы керек. Адами асыл қасиеттерді бойына жинаған жандар өз ортасына нұрын шашып жүреді. Адамның білімі мен мамандығы өнегелі тәрбиемен ұштасып жатса, сөзі мен ісінен кісілік келбеті көрініп тұрса, міне, нағыз азамат сол! Сонымен қатар адам өзіне жүктелген міндетті адал атқаруға ұқыпты болуы керек. Абырой – ұзақ жылғы еселі еңбектің жемісімен келетін нәтиже. Жанындағы әріптестеріне, дос­­тарына көңілі ашық, жаны таза азаматтарды жоғары бағалаймын. Осы қасиет­тер­дің барлығы адамның Отанға деген сүйіспеншілігін көрсетеді. Тәуелсіз елімізді алға бастыратын азаматтардың білімді, кәсіби біліктілігі жоғары, парасатты, имандылығы мол болуын тілеймін. Сондай-ақ рухани-мәдени қазы­намыздан сусындаған, ұлттық салт-дәстүрімізді бойына жинаған адам өмір­де өз орнын табады деп ойлаймын».

Ішкі ерік-жігері мен табиғи күш-қуаты мол тұлға соңғы жылдары Алматы облысының Қоғамдық кеңесі қызметін абырой­мен атқарып жүр. Ұзақ жылдарғы бай тәжіри­бесімен, атырапқа сыйлы абыз ақсақал ретінде мемлекет құрылымының бұл жаңа буынының жұмысын жолға қою­ға атсалысуда. 

Әлихан Тойбаевтың ел білетін тағы бір тамаша қасиеті – ол кім-кімге де кө­мек қолын созуға даяр тұрады. Өтініш жаса­ған жан­ның меселін қайтару дегенді білмейді, жақсылықты жан қалауы­мен құлшына жасайды. Және оны аза­мат­тық борышым деп қана біледі. Әлихан Әбдіханұлының қайтарымсыз қам­қор­лы­ғы, аялы алақанының арқа­сын­да шаруасын ширатып, қызмет бабында өсіп, жетіліп кеткендер көп болды. «Жақсының шарапаты тиер тар жерде» деген осы. Сол ыңғайда «Тірлігіңде тек жақсы­лық қана жаса, адамнан болмаса да Алладан қайтады» деген, орта ғасырлық сопы Сұлтан Санжарға қатыс­ты қанатты қағида Әлиханның өмірлік бағыт етіп ұстаған бағдаршамы екеніне риясыз сенесің. 

«Туған жерге туың тік!» деген. Ә.Тойбаев­тың туған жері, өскен еліне деген ықы­ласы тіпті ерекше. Қазақ бай­та­ғының қай қиырында жүрсе де, қан­дай белес асып, қай биікке көтерілсе де, өмірі­нің сонау ең бір таза, шынайы кезең­іне куә болған қараша ауылды жадынан ешқашан шығарған емес. Туып-өскен өлкесінің тыныс-тіршілігінен өзін бір сәт те бөлек ұстамайды. Туғанбай ауылымен мақтанып, марқайып қана қоймай, перзенттік парызын да үзбей атқарып жүреді. Ауылда соңғы жылдары бой көтерген мешіт үйі, оның жанындағы дәмхана, амбулатория, кең самала рәсімханалардың салынуына бірден-бір ұйытқы болған, ықпал еткен де Әлиханның өзі. Туғанбай ауылы бүгінде сән-салтанаты келіскен жа­рас­тықты мекен, жоралы жұрт. Ауыл­дың тіршілігі – оның жан тынысы, ауыл адамының жай-күйі, мұң-мұқ­та­жы – оның мәңгі алаң мәселесі. Хал-қадерынша, ақыл-кеңесін берсе де, көмек қолын созуға асығып тұрады.

Еселі еңбек бағалануымен баянды. Әлихан қалаулы қызметкер, байыпты басшы ретінде көптеген партия съез­де­ріне, конференцияларына делегат болып қатысты. «Құрмет», «Парасат», ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен, көп­теген мерекелік медальдармен марап­ат­талған. Басқа да салалық, мемлекеттік наг­радалары жетіп артылады. Ең бастысы – халқының қапысыз сый-құрметіне бөленіп отыр.

Әлихан Әбдіханұлы сонша жұмыс­тың сыртында өнегелі отбасы иесі, асыл жар, ардақты әке, ұлағатты ата. Әйел парасаты, әйел көрегендігі – бір отбасының ғана емес, бүкіл Отанның ортақ игілігі. Бұл ретте Әлиханның өмірлік жары Нұржамал замандасымыз да құдай деген жан, данагөй әйел. Әлиханмен дәмдес-тұздас бол­ған сыралғы дос-жаран оның осын­дай қадір-құрметке бөленуінде отбасының берекесін келтіріп отырған сүй­ікті жары, адал өмірлік серігі Нұр­жа­­мал­­дың да өзіндік үлесі бар екенін, оның қонақжайлылығы мен көңілінің дар­қандығын, кісіге қайырымы мен биік парасатын, адамгершілік ізгілігі мен ілтипатын ризалықпен айтып жүреді. Нұржамал бел шешпей, ат үстінде көп жүретін азаматқа берік тыл бола білді. Өзі де ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. Бірнеше буын ұрпақ өкілдерін тәрбиелеп шығарды. Ортаның, ойын-сауықтың гүлі. Келістіріп, кестелеп сөйлеп бергенде, М.Шаханов, т.б. ақын-жыршылардың түрлі тақырыптағы өлең-толғауларын жатқа соққанда жалықпай тыңдай бергің келеді. 

Бесігін қыдыр тербеген берекелі отбасында төрт бала өсіп тәрбиеленді. Бала­лардың барлығы өнегелі ата-ана­ның талап-тілегіне сай, қалыпты білім алып, байыпты маман, азамат болып қалыптасты. Бүгіндері барлығы дер­лік жауапты, лауазымды қызметтер ат­қа­ру­да. 

Тіршілігіме бір тәубе етерім – хал­қы­­мыздың небір майталман маман, мар­ғас­қа қайраткерлерінің алдын көруге, сеніміне ие болуға, шапағат, шуағына бөленуге тәңір нәсіп етті. Оның ішінде бірге қызмет еткен, сыйлас, қадірлес, аралас-құралас болған азаматтар санатында адамдық болмысымен де, кәсіптік қабілетімен де көпке үлгі тұтатындай, алтын айдарлы азаматтар көп болғанын ерекше ілтипатпен, ризашылықпен айтып отырамын.

Олардың бірінің басынан батырға тән байсалды, тұжырымдылық пен шешімділікті байқасам, енді бірінің салиқалы сөзінен халық даналығын бо­йына дарытқан естілікті аңғара білдім. Қайсысы болсын батыл, өжет мінезді, тар жерде ақыл табар алғырлығымен тәнті ететін. Солардың бірі де бірегейі біз­дің бүгінгі кейіпкеріміз Әлихан Әбдіханұлы Тойбаев. Ырыс-несібең ор­тай­май, ғұмырың қанша ұзақ болса, соншалықты көзіңнен нұр, көңіліңнен от таймасын, жасампаз жаратылыс, жайсаң дос, дегім келеді.

Әбілхакім АҚМЫРЗИН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 
«Құрмет» орденінің иегері,

Алматы облысы Талғар ауданының және 
Ақмола облысы Бурабай ауданының Құрметті азаматы